МЕШІТКЕ АЙНАЛҒАН ШІРКЕУ

0 19

КӨНЕ ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ СӘУЛЕТТІ ҚҰРЫЛЫСТАРЫНЫҢ БІРІ – ЕРТЕ ИСЛАМ ДӘУІРІНІҢ МЕШІТІ (IX-XII ҒҒ.) ЖӘНЕ ОҒАН ҚОСАЛҚЫ САЛЫНҒАН КЕРУЕН-САРАЙЫ (VIII-XII ҒҒ.) ТӨЛЕ БИ КӨШЕСІНІҢ БОЙЫНДА, ҚАРАХАН КЕСЕНЕСІНЕ ЖАҚЫН ЖЕРДЕ ОРНАЛАСҚАН. ЕСКЕРТКІШ 2017 ЖЫЛЫ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨҢІРЛІК ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАР ТІЗІМІНЕ ЕНГЕН. 

Х ғасырда өмір сүрген атақты араб географы әл-Макдиси: «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші мединада үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр», деп жазады.

Ежелгі араб географының мешіт жайлы жазуында да өзіндік мән бар секілді. Талай ғасырдан бері тарих қойнауында қалып келген ерте ислам дәуірінің мешіті 2005 жылы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында анықталған. Қазба барысында VІІІ-ІХ ғасырлардағы несториандық христиан шіркеуінен сол Х-ХІІ ғасырларда қайта жасақталған мешіт құрылысының орны табылған.

Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көне мешіттің (ІХ-Х) іргетасының қалдықтарымен қатар, пилондар табылды. Шығыс қабырғасы жағында – суфа орналасқан. Ал құрылыстың батыс бөлігінде мінәжат ететін михрабтың орны анықталған.

Мешіттің толық құрылысы жайлы айтар болсақ, нысан ежелгі Тараз қалашығының негізгі орталық магистралінде орналасқан. Ежелгі Тараз қалашығы цитадель, шахристан, рабад сияқты 3 бөліктен тұрған. . Рабад аумағының өзі 3 бөлікке (рабад 1, рабад 2, рабад 3) бөлінген. Рабад 1 қаланың шығыс қақпасында, рабад 2 қазіргі арбат аумағында және мешіт пен керуен сарайы рабад 3 аумағында орналасқан. Рабад 3 аумағында халық тұрып жатқан әрі ақсүйек, белді адамдар да жерленетін болған. Мешіт пен керуен сарай қаланың батыс қақпасына жақын орналасқан.

Мұндай мешіттер орта ғасырлық Дихнуджикес, Хамукет, Атлах, Жікіл, Бехлу қалаларында да болған. Бұл кезең жазба деректері бойынша ІХ ғасырдың аяғында Таразды саманидтердің жаулап алған уақытына тұспа-тұс келеді.

Керуен сарайы (VІІІ-ХІІ ғғ) ерте ислам дәуірінің мешітіне қарама-қарсы орналасқан ғимарат. Құрылысы архитектуралық тұрғыдан бір кешенді. Арнайы салынған бір ғұрыптық кешенді ғимараттың қабырғалары әлемнің төрт тарапына бағытталған. 8 бөлмеден тұратын керуен сарай ғимараты үш рет қайта құрылып, қалпына келтірілгендігі анықталды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде тиын, қыш құмыра, тұрмыстық бұйымдар мен өзге де тарихи жәдігерлер табылған.

Керуен сарайы мешітке қарама-қарсы екі көшенің қиылысында орналасқан. Керуен сарайы екі қабатты болған. Оған дәлел іргетастың қалыңдығы және табылған баспалдақ. Кіріп келгенде колонналар тұрады. Колонналардың саны – 16. Бірнеше бөлмесі, жуынатын тахарадханалары, демалыс бөлмелері, ас ішетін орындары бар. Мұндай үлкен жолдардың бойына арнайы осындай әлеуметтік нысандар салынатын еді. Яғни кәсіпті жүргізуге де өтімді жол болғаны үшін адам көп өтетін жерлерге салынған. Бұл қаланың ішкі керуен сарайы, қонақ үй сияқты қызмет атқарған. Мұнда сауда жасамаған, тек әңгіме-дүкен құрып, келісім жасап, кездесіп, демалған. Көбісі қонақ бөлмелер.

2016 жылы нысанда уақытша сақтау және музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындар мен туристер келіп тамашалайтын тарихи ескерткіш орнына айналған.

Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық және көпшілікке қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.