МӘДЕНИ МҰРАЛАР – МӘҢГІЛІК ҚАЗЫНАМЫЗ

0 24

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде баспасөз туры өтті. 

Баспасөз туры үш бағытта жүрді. «Ескерткіштер – елдіктің белгісі» бағыты бойынша БАҚ өкілдері тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы сақталған тарихи құнды жәдігерлерді көріп, көзайым болды. «Музей – тарихи құндылықтар ордасы» бағыты аясында облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған жауһар жәдігерлер, ата-бабамыздың тұрмыста қолданған ыдыстары, киім-кешектері таныстырылды. Ал «Руханият – халық қазынасы» бағытында Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының жұмысына қанықты.
Жалпы облысымызда қазірге дейін табылған 3 435 тарихи ескерткіш болса, оның 80 пайызы археологиялық ескерткішке жатады. Ал музейдегі кітапхана қорында 2 781 кітап сақталған. Оның 1 220-сы қазақ тілінде.
– Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1931 жылы 25 тамызда құрылған. Біздің мақсатымыз – жалпы ата-бабамыздан қалған тарихи жәдігерлердің ертеңгі ұрпаққа жетуін қадағалау, соны насихаттау. Оны зерттеп, келушілердің назарына ұсыну. Қазіргі таңда бұл бағытта 10 қалалық және 8 аудандық бөлім жұмыс істеуде. Жалпы музей қорында 70 мыңға жуық құнды жәдігер бар. Бұл біз үшін таусылмас қазына. Музейге жылына шамамен 24 мың адам келеді. Келушілерге өлкеміздің тарихы туралы жан-жақты мағлұмат беріп, аймақтың мәдени-рухани тұрғыда дамуына өзіндік үлесімізді қосудамыз, – дейді облыстық тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Жанна Қосалиева.
Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар да таныстырылды.
Сондай-ақ баспасөз турына қатысушылар Балалар жылына орай ұйымдастырылған Тараз қаласындағы балалар көркемөнер мектебінің «Балалар бояу әлемінде» атты шығармашылық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.

Шапағат ӘБДІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.