АҚЫНДАРДЫҢ ДОСЫ– ҚҰС, АЛ ҚҰСТАР– КҮЗДІҢ АҚЫНЫ

0 28

Күзге қарап ойлансам неге екенін білмеймін, көз алдыма қазақ әдебиетінің алыптары елестейді. Сары жапырақтар Нұрғисаның ноталары, құстар Шәмшінің әуені сияқты, енді бірде Есенғалидың өлең жолдарындай көрінеді. Жалған дүние-ай! Олар да кетті жыл құстарындай өз мекенін іздеп.

Кейде «Біреудің көктемі де күз секілді, ал біреудің күзі көктем секілді» ғой. Қаздары қоңыраулатып, үйрегі омыраулатып, ұлы даламызға Барыс жылының да күзі келді. Бұл күзді «Жаз өмірін мәз өмірін қысқартып, бара жатыр, бара жатыр құс қайтып» деп жырлаған Тұманбай Молдағалиевқа дейін қаншама ақын өлеңіне арқау етті екен десеңізші?!

Күз туралы көп жазған Есенғали Раушанов қай ағаштың ерте жапырақ тастайтынына, қай ағаштың қай уақытта күзге мойын ұсынатынына дейін біледі. Мысалы, ақын өзінің «Қыркүйек» атты жазбасында: «Тұқымдастары арасында күздің келгенін алғаш мойындайтын долана. Бірінші болып соның жапырағы сарғаяды. Бірақ долана аз. Сондықтан бір қарағанда одан да бұрын үйеңкі сарғайған секілді көрінеді. Қыркүйектің аяғына қарай үйеңкі біткен қып-қызыл түске еніп, көздің жауын алады. Іле-шала алмұрт ағаштары сары алтын сырғаларын сыбдырлата бастайды. Отыз, кейде қырық күн бойы беріспей, ақтық демі қалғанша айқасатын үш батыр – емен, қайың, шетен. Бұл кезде мойыл мен көктерек түгел жапырағынан айырылып, қырқымнан шыққан тоқтыдай жалаңаштанып қалады» деп келтіреді. Міне, осыдан кейін сізге күзді зерттеудің ары қарай керегі де болмай қалады.

«Күз сізге ұнаса, мен сіздің досыңызбын» дейді Есенғали ақын. Иә құстар ақынның досы, ал күздің ақындары құс екені даусыз. Күзді Есенғалидай түсінген, Есенғалидай жан жүрегімен күздің қуанышын, құстың мұңын түсінген ақын аз бірақ. Бірде өзінің күнделігінде Өрмекші туралы әңгімелеп: «Үзілдіріп үзбелеп, тізілдіріп тізбелеп көз жауын алатын көркем өрмекті осы айда тоқиды» дейді жаны жайсаң ақын. Ал кейде «Күз сағыныш айы» деп күрсінетін де сол. Әрине, тырналардың тырауы қай ақынның жүрегін бір түйреп өтпейді дейсіз. Тізілген құстардың тізбегіне қарап қазекең ертеңгі қысын да болжап үлгереді мұндайда. «Күзде құстар төмен ұшса қыс жылы болады, жылан ініне кірсе қыс ерте түседі, еменнің дәні мол түссе, қыс қатты, қар қалың болады. Қыркүйекте өрмекші торын жиі құрса қыс аязды, кеш бата үкі шақырса күз жайлы болады, қой қалай қарап жусаса, ертесіне боран солай соғады» деген сияқты түрлі болжамдарын жасайтын да осы біздің халық. Ендеше табиғатпен жаны тұтасқан ұлттың ақындарының жаратылысты сүймеуге, табиғатты түсінбеуге, құстарды жақсы көрмеуге, мезгілдерді құшақ жая қарсы алмауға хақы да жоқ.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады мекеніне, Қанаты бар мақұлық кетеді де» деп күзгі жаңбырдай төгілген жырынан біз күздің сұлулығын сезіне аламыз. Шынымен де күзде құстардың қайтуының өзінің заңдылығы мен жол жүру ережесі бар. Оны Есенғали Раушанов: «…дегелектер тәулігіне бар болғаны 10-15 минут қана көз шырымын алады. Ұшып бара жатып ұйықтаған бағытынан ауытқып, басқа жаққа лағып кетпеуі үшін «Ұйқышыл» дегелек әуелі қалың лектің ортасына кіріп алады екен. Сәл бұрылып бара жатса, өзге құстар қанатымен қағып, дұрыс жолға салып отыратын көрінеді. Ұйқысы қанып, сергіп оянған дегелек содан соң серіктерін демалдырып, өзі топ бастап жөнеледі. Сөйтіп алма-кезек демалып, межелі жерге жеткенше тынбай ұшады. Қарқылдақ шағала болса туу ит арқасы қиянға – Арктикаға барып ұя басады. Сонда ол ұшып өтетін жолдың жалпы ұзындығы он мың шақырымнан асады екен», дейді. Міне, күзді осындай жақсы көріп және оның әрбір құсының қимылын бақылау, әр түскен жапырағының уақытын білу Есенғалида ғана бар даралық екеніне тағы бір көз жеткізесіз. Ол тағы да дәл сол айда қан қызыл долананың, жатаған арша мен итмұрынның дәнін, андыз, бақ-бақ, аюбалдырған, шүйгіншөптің тамырын қазатын кез екенін де атап айтады. Тіпті қыркүйек айында бұланның бауырынан жарап, кең тоғайды шиырлайтынын, түлкі түлеп, құндыздардың құнайы үшін су бөгеп үй салатынына дейін көзбен көріп, қолмен ұстағандай айтады. Міне, мұның бәрі де ақынның табиғатқа деген ынтызарлығынан, күзге деген махаббатынан деп бағалауға болады. Әрине Есенғалидың махаббаты ол жалпы қазақтың махаббаты дер едім.

Қазақтың жыл есебі бойынша күзге қарай келетін амалдары бар. Мысалы, күз айына байланысты жұлдыздардың көрінуіне қарай «Мизам шуақ», күннің райына қарай «Киіктің матауы» деген сияқты амалдарды атаған. Үркер жұлдыздың күн шығыстан көрінетін тұсы да осы күз айы екенін жақсы білеміз. Ал жаңағы «Мизам шуағымыз» да Таразы жұлдызының көрінуімен есептелетін уақытты меңзейді. Шын мәнінде ол қыркүйек айының соңы мен қазан айының ортасында болатын шуақты күндердің атауы. Бұл туралы ашық энциклопедиядан алынған мәлімет бойынша оны былай түсіндіреді:

«Мизам сөзінің төркіні араб-парсы тілдерінде «таразы» мағынасын білдіретін мизан сөзінен келген. Араб-парсы тілдерінде мизан сөзі «өлшеуіш, таразы» мағыналарын білдіріп, таразы затының негізгі атауы, Иран күнтізбесіндегі жетінші айдың және Таразы шоқжұлдызының атауы болып табылады. Сонымен қатар араб тілінде қиямет күні пенделердің осы дүниеде істеген жақсы, жаман әрекеттері үшін тартылатын таразыны мизан деп те атайды екен (Махшар мизаны). Ал тілімізде мизам сөзі «қыркүйек айының ескі атауы», «Таразы шоқжұлдызы (зодиак)», «күз айларының ішінде өсімдіктің ұлпаларынан пайда болатын, өрмекшінің торы сияқты, ұшпалы ақ сілбі», «заң, ереже, үкім» деген мағыналарды білдіреді. Соңғы мағына араб тілінде «заң, үкім» мағынасын беретін низан сөзінен ауысқан» деген дерек келтіреді.

Ал күз туралы егіліп, еміреніп жырлағанда «Қаздар қайтып барады тізбектеліп, Іздеп кетті көктемді, іздеп келіп» деп өрілетін Мұқағалидың өлеңінің сүрлеуін «Сағатыңыз қанша болды, жапырақ, Сағатыңыз неше болды, көбелек?» деп бүгінгі қазақ поэзиясының Таразы жұлдызы Ерлан Жүністер жалғады.

Әй, ақынның жүрегі-ай дерсің мұндайда! Күздің жапырағы ағаштан сауласа, оның ішкі мұңы, жалғыздығы маржан болып ақынд ардың қаламынан қағазға тамды. Бұл кешегі Абайды толғантқан, сері Сәкен Сейфуллинді желпіндірген, Махамбетті жырлатқан күз. «Енесіне иіртіп шуда жібін, Жас қатындар жыртылған жамайды үйін» дейді ұлы Абай. Әрине, жаңа жоғарыда біз айтқан «Мизам шуақ» күндерден кейінгі ауа райының бұзылуы әрбір тіршілік иесін толғандырып, қыстың қамын жасатқызатыны анық қой. Сондықтан да Махамбет: «Қауыста туып күз болды, Мизан мен өтіп ақырап» деп жырлаған.

Айтпақшы қыркүйек айының екінші аты – Көктем айы. Ол туралы Есенғали Раушанов бір жазбасында «Экватордың көлденең сызығы Жерді оңтүстік және солтүстік жарты шар деп екіге бөліп тұр. Сол оңтүстік жарты шар елдерінде бұл кезде көктем басталады. Ол біздің наурыз айына сайма-сай келеді. Сөйтіп сіз осы тұста алда-жалда Африка немесе Жаңа Зеландия мен Аустралия не Оңтүстік Америкаға бара қалсаңыз осыдан алты-жеті ай өтіп кеткен көктеммен қайта қауышасыз» деп келтіреді. Демек біздің «Біреудің көктемі де күз секілді, ал біреудің күзі көктем секілді» деп, мақала басында айтып отырған сөзіміздің ауыспалы мағынасын тура мағынасында да бір дәлелдеп бергендей бұл. Ал кең даламыздың көркіне көрік қосып келген күрең күз ырыс-берекесімен қуанта берсін, құрметті оқырман!

Шапағат ӘБДІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.