ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕСЕ, ӨҢІР ДЕ ӨРГЕ БАСАДЫ

0 90

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп мәлімдеп, ұлттық экономикамызды алға сүйрейтін салаларға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы ең өзекті мәселелердің шешілу жолдарын көрсетті. Осы орайда, Жолдау жүктеген міндеттер аясында облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларға қанығып қайтқан едік. 

Жалпы, ел ырысын еселеуде, әлеуметтің әлеуетін көтеруде өнеркәсіп саласының ықпалы өлшеусіз. Аграрлық аймақ саналатын Жамбыл облысында өнеркәсіп саласында кейінгі жылдары айтарлықтай бетбұрыс байқалады. Бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындарын құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, экспорттық әлеуетті арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған.

Мәселен, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 390,7 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1 пайызды құрапты. Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 46,7 миллиард теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 100,6 пайызды құраған.

– Бүгінде әлемнің дамыған мемлекеттері  технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану, игеру арқылы толағай табыстарға қол жеткізуде. Сондықтан да отандық өнеркәсіпті дамытудың маңызы ерекше болғандықтан мемлекет тарапынан зор қамқорлық көрсетілуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында сала серпінді дамып, ел дамуына оң әсерін тигізуде. Облысымыздағы ахуалға тоқталар болсақ, бұрнағы жыл д ардағы көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық бар екенін байқауға болады Жекелей тоқталсақ, өңдеу өнеркәсібі саласында 277,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,9 пайызды құрады. Жергілікті тұрғындардың арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту. Саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында 49,2 пайызға, тамақ өнеркәсібінде 6,5 пайызға, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде (құрылыс индустриясы) 3,6 пайызға, дайын металл бұйымдарын өндіруде 38,5 пайызға, машина жасау саласында 20,1 пайызға өнім көлемінің артуының арқасында облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің артуына қол жеткізілді. Тараз қаласының кәсіпорындарымен биылғы қаңтар-маусымда 238,3 миллиард теңгеге өнім өндірілді. 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,5 пайызды құрады. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 61 пайыз. Тараз қаласының өнеркәсіп саласындағы үлесінің ең қомақты екенін және қалада ірі өндіріс ошақтарының шоғырланғандығын ескере отырып, қала әкімдігі өнеркәсіп саласының дамуын басты назарда ұстауда, – дейді А.Мұраталыұлы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республик асының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет екенін тапсырған болатын. Президенттің тапсырмалары шеңберінде бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 155,7 миллиард теңгені құрапты.

– «Қазақстанда тікелей шетел инвестициясын тарту үшін барлық жағдай жасалған. Біз қолайлы инвестициялық ахуалдың сақталғанына мүдделіміз. Мемлекет ішкі және шетелдік инвесторлардың сенімін қайта қалпына келтіру үшін қажетті барлық іс-шараны қабылдайтындығына сендіргім келеді. Инвесторлар алдындағы мемлекеттің барлық міндеттемесі мен кепілі толық көлемде орындалатын болады. Дәл осы кезеңде жаһандық энергетикалық және технологиялық өту – ESG талаптарының күшеюі жағдайында елдің тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қажет», деген Президент жыл басында Үкімет алдында бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Әрине, инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Сондықтан экономикамызға көбірек инвестиция тарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігімен келіссөздер жүргізу барысында 2022 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің межесі 489 миллиард теңге болып келісілді. Бұл көрсеткіш келесі бағыттарда орындалатын болады:

  • Бірінші – бюджет есебінен салынатын инвестициялар 114,6 миллиард теңге;
  • Екінші – шетелдік инвестициялар 40,3 миллиард теңге (11 жоба);
  • Үшінші – инвестициялық жобалар 212 миллиард теңге (27 жоба);
  • Төртінші – жеке инвестициялар есебінен 110,9 миллиард теңге (жеке кәсіпкерлер);
  • Бесінші – мемлекеттік бағдарламалар арқылы (ЭПВ, БЖК – 2025) 11,2 миллиард теңге (нақты бөлінген қаражат);

2022-2025 жылдары жалпы құны 2 триллион теңгеге 443 инвестициялық жобаның базасы қалыптастырылып, әр жоба бойынша іске асыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынды. Оның ішінде 2 061,5 миллиард теңгеге 51 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 8 366 адам жұмыспен қамтылады. Ал қалған 18,8 миллиард теңгеге 392 инвестициялық жобаны әлі де пысықтау қажет.

Жалпы облысқа инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта облысқа бекітілген көрсеткіштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрақты бақылауда болады, – А.Сейсебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста 77 193 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,5 пайызға артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылған адамдар саны 2022 жылдың бірінші тоқсанына 128 753 мың адамнан асып, жыл басымен салыстырғанда 4,8 пайызға өскен. Сондай-ақ 2022 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 116,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

– Жыл басынан облыста орналасқан қаржы институттарымен барлығы 47 миллиард теңге көлемінде несиелендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл қаражаттың 48,5 пайызы, яғни 22,8 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 13,8 пайызы, яғни 6,5 миллиард теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 37,7 пайызы микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілді. Берілген несиелер есебінен 9,8 миллиард теңгеге 544 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды, – деген Аспандияр Мұраталыұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 13,7 пайызға өскен болса, бүгінде 2,5 пайыз деңгейінде тұрақталыпты. Облыс 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың 10 түрімен 100 пайыз қамтылса, 3 түрімен 40-84 пайыз аралығында, 4 түрінен 6,5-23,2 пайыз қамтылған.

Бұған қоса, тұрақтандыру қорына 1,2 миллиард теңге бөлініп, 8,1 мың тоннаға тауар сатып алыныпты. 646,1 миллион теңгеге 4,5 мың тонна тауар өткеріліпті. Бүгінде 625,6 миллион теңгеге 2,3 мың тонна қор қалыптастырылған. Сондай-ақ 54 жәрмеңке өткізіліп, 1,2 миллиард теңгеге 1,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатылған.

Біз мақаламызға аймақтағы өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстардың бір парасын ғана арқау еттік. Қамти алмағанымыз қаншама?! Ендігі міндет – осы қарқынды сақтау және әрмен қарай да арттыру. Алдағы уақытта да жұмыс орындарын сақтау, көбейту, шығарылатын өнімдегі экспортты және жергілікті қамту үлесін ұлғайту, салаға инвестиция тарту бойынша жоспарға сай жұмыстар атқарыла бермек.

Талғат НҰРХАНОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.