ҰРЫ ДА ӘККІ БОП АЛДЫ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТОНАЛДЫ

0 35

Кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық еліміздің кез келген елді мекенінен жеке тұрғын үй салу үшін мемлекеттен бір рет тегін 10 сотық жер алуына құқылы. Бұл жөнінде ҚР «Жер қатынастары» туралы Заңының 50-бабында атап көрсетілген. Бұрын мемлекеттен жер телімін алмаған азаматтың атында өз еңбегімен сатып алған немесе біреуден сыйлыққа қалған жер телімі немесе жеке тұрғын үй, пәтері болса да ол 10 сотық жерді тегін ала алады. Бұл өз кезегінде баспанаға зәру адамның жер алып, үй тұрғызуына айтарлықтай көмегін тигізеді. Бір айта кетер жайт, жер телімі үлестірілгеннен кейін тұрғындар жерге толық иелік ету үшін 3 жылдың ішінде ол жерге баспана салуы қажет. Егер бұл талап орындалмаса аталған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады. Дегенмен ел арасында жер телімін алып қойып, түрлі сылтаумен үй салуды кейінге шегеріп келе жатқандар бар көрінеді. Мәселен Тараз қалалық мәслихатының депутаты Бақытхан Әлімханов «Көлтоған» алқабынан халыққа жер учаскесі берілгеніне 6-7 жыл болса да, онда осы күнге дейін 40 пайыз ғана жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілгенін айтады.

– Аталған тұрғын алқапта бос жатқан, іргетасы ғана қаланған жер учаскелері жетеді. Сол жердің кейбіріне иесі «сатылады» деп жазып қойған. Заң бойынша жер телімі берілген соң ол жерге баспана салынып, одан кейін тұрғын үйді пайдалануға беру актісіне қол қойылуы қажет. Сонан соң ғана азамат жер иесі атанады. Осыдан кейін ғана жерді үйімен қоса сатуға құқылы. Ал бұл жерде біз білмейтін бір гәп бар. Демек бұл аталған тұрғын алқапта жер телімі қолдан-қолға бұрыннан сатылып келе жатыр деген сөз. Сол үшін «AMANAT» партиясы мүдделі мекемелерден бір-бір өкіл шығарып, аталған тұрғын алқаптарға зерделеу жұмысын жүргізуі керек. 

Кімнің жерінде баспана салынбаса, оны мемлекетке кері қайтарып, шын мұқтаждарға беруіміз қажет. Мәселен Тараз қаласында 108 мың адам жер кезегінде тұр. Ал әлгіндей жер учаскесін шын мұқтаждарға үлестірсек, кезек сәл де болса алға жылжиды.

Тағы бір айта кетер мәселе, газ, су, электр желісі тартылғаннан кейін халық онда ала-құла қоныстанса, яғни үй салмаса ондай жерде сұғанақ қолдардың бірдеңені үптеп кетуі мүмкін. Жаңадан пайдалануға беріліп жатқан тұрғын алқаптан трансформатордың қолды болуы секілді жағдайлар бұрын болған. Осының алдын алу үшін жергілікті атқарушы орган бір амалын қарастырмаса болмайды. Негізінде жаңадан пайда болған алқапқа күзет қою мүмкін емес. Бірақ сол аумаққа бейнебақылау құрылғысын орнатуға болады ғой. Сонда ғана ұры-қары аяғын тартады, – дейді Бақытхан Әуезханұлы.

Негізінде қазіргі талап бойынша мемлекет жер телімін халыққа үлестірмей тұрып, оның инфрақұрылымын жүргізіп береді. Ал ұрлықты кәсіп еткен арсыздар осы күні инфрақұрылым жүргізілген, бірақ тұрғындар әлі үй салмаған осындай елді мекендерді жағалап жүргені рас. Мәселен Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Қызылқайнар ауылында биыл жеке тұрғын үй салу үшін 221 жер телімі үлестірілген екен. Мұнда газ, ауызсу, электр желісі тартылып қойған. Алайда, ұрылар ұзындығы 1 750 метрді құрайтын, сырты қауіпсіздік үшін оқшауланған, іші алюминий электр сымдарын қолды еткен.

– Қызылқайнар ауылында 597 үй, 3429 тұрғын бар, Жасөркенде 330 түтін болса, тұрғындар саны – 1790. Қызылқайнар ауылынан жер телімін алып, үй салу үшін кезекте 552 адам тұрса, соның тең жартысына жуығы биыл наурыз айында жер учаскесін алды. Қазір тұрғындар құжаттарын заңдастырып жатыр. Өзімнің мұнда әкім болып сайланғаныма бір айдан енді асты. Ұрылар электр желісін тонарда екі бетоннан құйылған бағананы да құлатып кетіпті. Қазір шығынды есептетіп жатырмын. Бұл оқиға негізі ақпан айында орын алған.

Жер телімін алған тұрғындар қимылсыз жатқан жоқ. Қазір 5 үйдің іргетасы құйылса, тағы бірі қабырғасын қалап жатыр. Тұрғындар арасында үлестірілген жер теліміне баспана салу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Жұрттың дені күзгі жиын-терін аяқталған соң кірісеміз деп отыр, – деді ауылдық округ әкімі Төрехан Табжанов.

Осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Кенжетай Құрманқұлов «жау алыстан келмейтінін» айтады.

– «Ұсталмаған ұры емес» дейді қазақ. Мұны айтып отырған себебім, менің жорамалым бойынша ұрлықты жасап жүргендер жағдайдан толық хабардар адамдар. Өйткені құрылыс біткеннен кейін бұл жер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырыларда қараусыз жатты. Нақты айтқанда, ұрлық жер учаскелері бар жауапкершілікті мойнына алар мекеме қарамағына өтерде болған. Яғни «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоғын білген баукеспелер ұрлықты қар еріп, одан кейінгі қар жауарда жасаған. Қара жерді қар басып, із жасырылып қалды. Қазір электр сымы ұрланған жерге үй салатын тұрғындар токты өз күштерімен жүргізуді көздеп отыр. Десе де әр кез тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, ортақ мүлікке көз қырымызды сала жүруді, қазына қаржысына жасалған дүниеге жауапкершілікпен қарауды пысықтаудамыз. Негізінде көпшіліктің денінің жаппай бір мезгілде тұрғын үй салып тастауға жағдайы келмейді. Біреуі бірінші жылы іргетасын қалар. Келесі жылы қабырғасын бітіріп, шатырын жабар. Үшінші жылы ішкі әрлеу жұмысын аяқтап, қоныстанар. Сондай сәтте ұрылар білгенін істемес үшін, өзіміз сақ жүруіміз керек. Жалпы базбіреулер осы электр сымының қолды болуы тұрғындардың құрылыс жұмысын дер кезінде бастамауынан деп те ойлауы мүмкін. Негізі мүлде олай емес. Мәселен инфрақұрылым былтыр жүргізілді. Биыл ақпан айының ортасында ұрлық оқиғасы орын алды. Ал жер телімі одан бір-екі ай өткеннен кейін берілді, – деді К.Құрманқұлов.

Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек, Тастөбе, Ш.Ниязбеков, Айшабибі, Бектөбе, Жасөркен ауылдарында былтыр инфрақұрылым жүргізіліп, жер телімі көктемде таратылған. Ал аудан орталығы Аса ауылында газ, ауызсу жүргізілгенімен, электр энергиясы желісін тару үшін қаржы қарастыру келесі жылға қалыпты. Аса ауылында 810 адамға жер телімі содан кейін үлестірілмек. Осы жұмыстар үшін 2,2 миллиард теңге бөлініп, аталған елді мекендерде 1 882 жер телімін беру үшін инфрақұрылымдық-инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілген екен. Соның ішінде екі-үш ауылдық округ әкімдерімен тілдестік. Барлығы да жер телімі биыл берілгенін, құрылыс енді ғана басталып жатқанын сөз етті. Мәселен Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева 187 жер телімінің 80-ге жуығына мемлекеттік акт берілгенін тілге тиек етті. Құжаты қолына тигендер тас түсіріп, құрылысшылар 5-6 үйдің іргетасын қалап жатқанына, жеке тұрғын үй құрылысы келесі жылы қарқын алатынына сендірді.

Ақпан айында жасалған ұрлықтың әлі күнге ашылмауын полицейлердің шарасыздығы деуге келмес. Себебі кейбір қылмыс 5-6 жылдан кейін де ашылып жатады. Десе де тұрғындардың өз-өзіне сақ болғаны дұрыс. Жер телімін алғандар шамасы жетсе құрылысты бастап, ағайынды асарға шақырса да баспана салуға бел шеше кірісуі қажет-ақ. Әйтпесе, игерілмей бос жатқан жердің мемлекеттің меншігіне кері қайтатындығы белгілі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Жамбыл ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.