«ҚАРАСУ» ӨТКІЗУ БЕКЕТІН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС КҮТІП ТҰР?

0 40

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өңірлерге жұмыс сапары аясында аймағымызға арнайы ат басын бұрды. Сауда және интеграция министрін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған, құрамында бірнеше басқарма басшысы мен жергілікті атқамінерлер бар ресми топ Алматы облысының шекарасынан күтіп алды. Вице-министрдің Жамбыл жеріне жасаған жұмыс сапары Қордай ауданындағы «Қарасу» өткізу бекетінің жағдайымен танысудан басталды. Сапар барысында бекетті жаңғырту мақсатында кезең-кезеңімен
іске асырылатын модернизациялау жұмыстары, жаңа көпір салу және қолданыстағы көпірді реконструкциялау бойынша бірлескен іс-шаралар жөнінде кеңінен айтылды. Серік Мақашұлы бекетті 2025 жылға дейін қайта жаңғырту арқылы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру көзделіп отырғанын жеткізді. 

Жалпы, индустриалды аймаққа 39 гектар жер бөлінген. «Joint Technologies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты инвестициялық жобаның құны – 80 миллион АҚШ долларын құрайды. Қос тараптың сауда-саттық саласындағы байланысын арттыру мақсатында қолға алынған жоба аясында өткізу бекетіндегі көліктер ағыны екі, паспорттық бақылау кабинасының саны екі жарым есеге артады деп күтілуде. Алдағы жылдары мұнда кіші тауар өндірушілерінің жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Айта кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында қос елдің арасындағы тауар айналымы 30 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға жоғары.

Қайта жаңғырту жұмыстары бірлескен іс-қимыл туралы үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асуда. Десе де, мұнда әлі күнге дейін түйіні тарқамаған түйткілді мәселелер бар. Соның бірі – электрмен жабдықтау. Нақтырақ айтқанда, 50 мегаватт электр энергиясы жетіспейді. Бұл өз кезегінде бекетті үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етуге кедергі келтіруде. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов бұл мәселе тек бекетте ғана емес, Қордай ауданында толыққанды шешілмей отырғанына тоқталды.

Бүгінгі таңда қазақ-қырғыз шекарасында 8 өткізу бекеті бар. Соның ішінде, «Қордай» өткізу бекетін реконструкциялау жұмыстары өткен жылдың наурыз айында аяқталған еді. Жаңартылған пункт жаңа құралдармен, оның ішінде «Распискан» инспекциялық-тексеру кешенімен жабдықталған. Осылайша, автокөліктерге арналған қозғалыс жолағының саны 4-тен 8-ге дейін артса, өткізу бекетіндегі паспорттық бақылау кабинасының саны 13-тен 34-ке көбейді. Ал көліктер ағыны 2 жарым есеге ұлғая түсті. Жаңарту жұмыстары алдағы уақытта өзге де шекаралық бекеттерде жүргізілмек.

Сондай-ақ аймақ басшысы Мойынқұм ауданына барып, ондағы Мойынқұм және Бірлік ауылдары тұрғындарының талап-тілегін тыңдады.

Есен ӨТЕУЛИЕВ, Қордай ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.