Жұмысшы құқығын қорғайтын ұйым

0 28

Кәсіподаққа мүше болудың артықшылығы көп. Нақты айтқанда, кәсіподақтың жұмысы тиісті жарнаны жинап алып, қарап отыру емес. Ең алдымен бұл ұйым қызметкердің уақтылы жалақы алуын, жұмысшының басшылық тараптан нақақтан-нақақ жапа шекпеуін, қосымша төлемақылардың заңды берілуін, еңбек қатынасындағы құқықтардың сақталуын, еңбек қауіпсіздігін болдырмау секілді сан түрлі мәселелерді қамтиды.

Негізінде көбіне еңбек дауы ұжымдық шарты жоқ мекеме ішінде немесе кәсіподаққа мүше емес ұжым арасында туып жатады. Тегінде жергілікті немесе салалық болсын кәсіподақ деген ұйымның атқаратын қызметі бірдей. Мәселен, біздің облыстағы денсаулық сақтау саласын алар болсақ, осы саланың өзінде екі-үш кәсіподақ бар. Соның бірі – «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы. Оның құрамына өңірдегі 21 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар 38 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Облыс бойынша филиал құрамына мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының басым бөлігі кіреді, ал үшеуі басқа кәсіподақ қатарында. Осы жылдың басынан бері 2 медициналық ұйым осы филиалдың құрамына еніпті.
Аталған ұйым бүгінде не іс тындырып отыр дейтін болсақ, наурыз айында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы, «SЕNІМ»-нің облыстық филиалы және «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің облыстық филиалы арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған келісімге сәйкес, бұрын берілген біліктілік санаттары (жоғары, бірінші, екінші) ескеріле отырып жыл аяғына дейін медицина қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларын есептеу уақытша қамтамасыз етіліпті. 6 айда кәсіподақ мүшелерін санаториялық-курорттық емдеуге жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеге 132 жолдама берілген екен. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде 1,3 миллион теңгеге кәсіподақ мүшелерінің 14 жасқа дейінгі 31 баласы сауықтырылған. Мәдени-көпшілік және спорттық-сауықтыру іс-шараларына жұмсалған қаржылық шығындар 5,9 миллион теңгені құраған.
Мамыр айының соңында Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Медицина үздігі – 2022» атты медицина қызметкерлері күніне арналған облыстық кәсіби байқауы өткені есте. Осы байқаудың да демеушісі «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Облыстағы медициналық ұйымдар дәрігерлерінің беделі мен кәсіби құзыреттілігін арттыруды мақсат еткен байқаудың қатысушыларға бергені мол. Конкурсқа кемінде 10 жыл практикалық жұмыс өтілі бар, бірінші немесе жоғары біліктілік санаты бар дәрігерлер, кемінде 10 жыл практикалық жұмыс өтілі бар денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ кемінде 5 жыл практикалық жұмыс өтілі бар менеджерлер мен провизорлардың қатысуы осыны айғақтайды.
Мұны айтып отырған себебіміз байқаудың қорытындысы бойынша барлық номинация жеңімпаздары мен қатысушыларына «Технодом» акционерлік қоғамы ақшалай сертификаттар мен дипломдар табыс етіп, ақ халаттыларды бір марқайтып тастаған-ды. Жылдың 6 айында кәсіподақ мүшелеріне жалпы сомасы 2,7 миллион теңгені құрайтын қайырымдылық көмек көрсетілуі де өнегелі іс. Тағы бір айта кетер жайт, жас мамандарға қолдау ретінде медицина қызметкері күніне орай былтыр 18 маусымда Қаратау және Жаңатас моноқалаларында жұмыс істейтін 11 жас маманға жалпы сомасы 5 500 000 теңгені құрайтын 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілген еді. Бұл «SENIM»-нің біздегі филиалы қызметінің басым бағыттарының бірі десек те болады. Осы жылдың 6 айында филиал 8,3 миллион теңге көлемінде демеушілік көрсеткен екен.
– Мамыр айында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің мәжіліс залында Халықаралық медбике күніне арналған «Стационарлық қызметтің үздік мейіргері – 2022» атты орта медициналық білімі бар мамандар арасында облыстық кәсіби байқау өткен болатын. Конкурсқа Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы медициналық ұйымдардың мейіргер мамандары қатысты. Мұны да біз лайықты деңгейде ұйымдастырдық деп ойлаймын.
Сол айда Дүниежүзілік пульмонолог күніне орай өзім қалалық көпбейінді ауруханаға барып, пульмонолог-дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, пульмонология бөлімінің дәрігерлеріне жұмыстағы табысты көрсеткіштері мен жоғары кәсібилігі үшін филиал атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс еттім. Бір қарағанда мұндай іс-шаралар майда-шүйде іс секілді көрінгенімен бұл сала еңбеккерлеріне үлкен мотивация береді. Одан бөлек, қызметкерлер өмірде өзін іздейтіндер бар екенін білгенде марқайып, айрықша сезімге бөленетініне бек сенімдімін. Осындай ілтипат облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлеріне де «Дүниежүзілік травматолог күніне орай» да көрсетілді. Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының бастауыш кәсіподақ ұйымы біздің қолдауымызбен медицина қызметкерлері күніне арналған II облыстық жедел медициналық жәрдем бригадаларының жарысын өткізді. Жарысқа облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының фельдшерлері мен қызметкерлерінен құралған 12 команда қатысты. Жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Биылғы жылы Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше мәнге ие болды. Өйткені 2022 жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің атқарушы комитетінің шешімі бойынша, мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Мереке қарсаңында «SENIM» РҚБ-нің төрағасы С.С.Дүйсеновтің атынан 25 бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне РҚБ мен облыстық филиалдың қаражатынан 100 000 теңгенің сертификаттары табыс етілді. Сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қаражатынан мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған кәсіподақтың 10 мүшесіне 100 000 теңгеден сертификаттар табысталды. Барлығы 3 500 000 теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілді. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Тараз қаласында «Аяла» облыстық балаларды оңалту орталығы ашылды. Оның ашылуында балаларға мерекелік концерт, ойын-сауық бағдарламалары мен тәтті тағамдар ұсыну ұйымдастырылды.
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалы балалар жазғы алаңын жайластыруға 350 000 теңге сомасында және керек жабдық сатып алуға 100 000 теңгелік «Технодом» АҚ сертификатын табыстап, демеушілік көмек көрсетті. Осы секілді әріптестерімізді қолдауға арналған іс-шаралар жетерлік, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғаса түседі, – дейді аталған республикалық қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова.
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы тек жұмысшының мүддесі мен құқығын қорғаумен ғана айналыспай, медицина қызметкерлері арасында түрлі іс-шаралардың өтуіне мұрындық болуы құптарлық жағдай. Мұндай ұйым жұмыс беруші мен жұмысшы арасына қай кездеде дәнекер бола алатыны анық.

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.