Жемқорлықсыз қоғам – дамудың кепілі

0 23

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Дәурен Омаровпен бірге «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары» атты тақырыпта брифинг өткізді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың аса маңызды бір бағыты болып саналады. Жергілікті атқарушы органдардың да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басты міндеті. Алайда қазіргі таңда медицина мен білім саласының қызметкерлеріне қатысты жиі шағым түсуде. Өтініштердің мазмұны жұмыс барысында және жұмысқа қабылдау кезінде заңсыз қаржы жинауға қатысты. Ал аталған ұйымдардың басшыларының ақша жинау облыстық басшылықтың нұсқауы бойынша жүргізіледі деп айтуы шындыққа жанаспайды. Жоғарыдағы айтылған мәселелерге байланысты, мамандарды жұмысқа орналастыру туралы айтар болсақ, оның бәрі қазіргі Оқу-ағарту министрлігі мамлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерді қызметке тағайындау және қызметтен босату ережелерін бекіткен болатын. Міне, сол бұйрықтың негізінде жұмыс жасалатын болады. Дейтұрғанмен ағымдағы жылы директордың орынбасарын, психолог, педагог ұйымдастырушы және басқа да лауазымдарға конкурссыз тағайындау сияқты құқықбұзушылықтар анықталды. Біз әрбір фактіні қадағалап, ол туралы жеке-жеке жұмыс істейтін боламыз. Қазіргі таңда осыған байланысты бірнеше кешенді шараларды қабылдап та қойдық. Бірінші – конкурстық комиссиялармен байқау кеңестерінің құрамына азаматтық қоғам өкілдерін қосымша енгізу. Екінші – қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Үшінші – халықпен кері байланыс орнату үшін облыс әкімінің сайтында әрбір фактімен арнайы жұмыс істеу үшін «Сыбайлас жемқорлық мәселелері» атты айдар аштық. Енді сол айдар арқылы арнайы бақылауда ұстайтын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы.
Шынымен де қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі білім саласындағы және медициналық ұйымдардағы жемқорлықтың орын алуы болып отыр. Ол туралы әлеуметтік желілерде де жиі айтылып жүр. Тіпті қай орынға жұмысқа кіру үшін қанша ақша талап ететіндігі турасында да айтылып жүргені бәрімізге аян. Ал оның жолын кесу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері де аянбай еңбек етіп келеді.
– Жұмысқа орналасуда жемқорлықтың жағдайына келсек, көбінде біздің азаматтарымыз арадан өздері делдал іздейді. Олар сол арқылы ғана жұмысқа орналаса аламыз деген идея қалыптастырып алған. Оның салдары жемқорлық фактілерінің тіркелуіне алып келіп отыр. Сондықтан азаматтар бірінші кезекте өзінің білімі мен біліктілігіне сенуі керек, ал жұмыс беруші пара талап еткен жағдайда біздің тәулік бойы қызмет көрсететін «1424» Cаll орталығымызға хабарласып, мәлімдеуіне болады. Ал хабарлама түскен жағдайда біз тиісті шаралар қолдануға дайын екенімізді айтқымыз келеді, – дейді Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Дәурен Даниярбекұлы.
БАҚ өкілдерімен өткен бұл кездесу еркін форматта өрбіді. Көкейдегі көп түйткілді мәселелер сұрақ болып қойылып, жауабы алынды. Мысалы, «Jambyl info» сайтының тілшісі Нұрдәулет Асан: «Осыдан бірер апта бұрын жас маман жобасына бөлінген 171 миллион қолды болды деген ақпарат тараған болатын, алайда оны кейін облыс әкімдігінің білім басқармасы жоққа шығарды. Осы мәселе бойынша жауап берсеңіз» деген сауалын жолдады. Сұраққа жауап берген Еркін Үйсімбаев: «Бұл туралы білім басқармасы да арнайы баспасөз жиналысын өткізген болатын. Бірақ бұл қаражат бюджетке қайтадан қайтарылды. Ұрлау мәселесі болған жоқ» деп жауап берді.
Ал блогер Исламбек Дастанның «Осыдан біраз күн бұрын Байзақ ауданы №4 мектеп лицейінің директоры парамен ұсталған болатын. Осыған байланысты білім бөлімінің басшысына қандай да бір шара қолданылды ма?» деген сұрағына Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Дәурен Омаров: «Байзақ ауданы бойынша мен ол жердегі істің жалпы барысына қатыспағандықтан айта алмаймын. Ал нақты қандай жауапкершілікке тартылатынын тергеу басқармасының жұмыстары біткеннен кейін қосымша жауап береміз» деді.
Брифинг барысында басқа да мәселелерге тоқталған спикерлер жемқорлықпен бір агенттік немесе бір адам ғана айналысып жеңе алмайтынын, онымен жалпы қоғам болып күресу керек екендігін айтты. Сондықтан жемқорлықсыз қоғам құруды әркім өзінен бастауы керек деген түйінмен жиналыс аяқталды.

Шапағат ӘБДІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.