Таразға тәуір ипподром қажет

0 40

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев өткен жылдың басында қала тұрғындары алдында берген есебінде алдағы жоба-жоспарлармен таныстыра келе, шаһарда ипподром салу жоспарда бар екенін атап өткен-ді. Жағымды жаңалық қала тұрғындарын, әсіресе ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылықты желпіндіріп тастады. Алайда ипподром құрылысы сол жоспар күйінде қалды.

Жалпы, Қазақстан бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін ипподром саусақпен санарлықтай ғана. Сол санаулылардың бірі – Бектөбе ауылындағы атшабар. 2000 жылы сол кездегі Жамбыл облысының әкімі, ұлттық құндылықтарымыздың шынайы жанашыры Серік Үмбетовтің қолдауымен ашылған ипподром әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жиырма жылдан аса уақытта ипподромда ұлттық спорт түрлерінен көптеген ірі байрақты жарыстар өтті. Алдағы уақытта да өте беретіні анық. Ендеше жаңа ипподромның қаншалықты қажеттілігі бар деген сұрақ та туындауы мүмкін.
2022 жылдың сәуір айында Бектөбе ауылындағы атшабарда көкпардан Қазақстан Республикасының XXI чемпионаты өтті. Тас тақым, құрыш білекті, тарамыс сіңірлі балуандардың сайысын тамашалауға барған атсүйер қауымның қатарынан біз де табылдық. «Әулиеата» мен «Атырау» командаларының арасындағы тартысты кездесудің бірінші таймы аяқталып, бір топ жанкүйер ойынды талқылауға кірісіп кетті. Бір кезде әңгіме ауаны ипподромға ойысты.
«Көріп отырғанымыздай, ипподромдағы көрермендердің саны аса көп емес. Әрі көрермендердің басым бөлігі чемпионатқа қатысушылар, бапкерлер, өзге облыстардан келген қонақтар. Егер ипподром Тараз қаласына жақын маңда орналасса, трибунада ине шаншыр орын болмас еді. Ипподром облыс орталығынан қашық болғандықтан жету қиын. Көлігі жоқтар келе алмайды. Әйтпесе бұл жерге қарақұрым халық жиналып, қиқуға қиқу қосып отырса, қандай керемет!» деп, ойын ортаға тастады ел ағасы жасындағы азамат.
Негізі Тараз қаласынан жаңа ипподром салу қажеттілігі бірнеше жылдан бері қозғалып келеді. Ұлттық спортқа қатысты өткен түрлі кездесу, жиындарда талай мәрте көтерілді. Қала тұрғындарының, ұлттық спорт жанашырларының ұсыныс-тілегіне немқұрайды қарамаған қала әкімі Ержан Жұматұлы 2021 жылы демеушілер есебінен ипподром салу жоспарда бар екенін айтты. Сөз басында айтып өткеніміздей өткен жылы ипподром құрылысы басталмады.
2022 жылы 17 наурызда тұрғындар алдында есеп берген Ержан Жылқыбаев: «Облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылдың жоспарында ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Атап өтер болсақ, «Жеңіл атлетика» манежі, «Өнер» үйі, «Бокс» орталығы, «Мұз» аренасы, «Волейбол» орталығы, «Үлкен теннис» орталығы, «Оңалту» орталығы, «Иппотерапия», «Визитцентр», «Жастар» үйі, «Неке қию» сарайы, «Ипподром» және «Ойын-сауық» орталығын салу жоспарлануда» деп, жобаларды жіпке тізді.
Дегенмен 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы ортасынан ауғанымен әзірге ипподромның қазығы қағылмады. Себебін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатоваға хабарластық.
– Ипподром демеушілер есебінен салынады деп жоспарланған болатын. Алайда демеушілер табылмағандықтан ипподром және айтылған басқа да жобалар жүзеге аспайды. Тек құрылысы басталған иппотерапия орталығы пайдалануға беріледі, – дейді Зарина Пердібекқызы.
Тек ипподром ғана емес, басқа да жобалардың жүзеге аспайтыны қуанышымызды су сепкендей басты. Егер «Неке сарайы», «Мұз» аренасы, «Жеңіл атлетика» манежі және басқа да жоспардағы жобалар іске асса, қаланың көркіне көрік қосып, ажарын айшықтай түсер еді. Қаншама жұмыс орны ашылады. Қала тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен айналысуына мүмкіндік туады. Өкінішке қарай біз күткендей болмады. Жобалардың «жолы болмай», басталмай жатып «басына бұлт үйірілді».
Қош, биыл болмаса да келесі жылы, мүмкін 2024 жылы көпшіліктің ұсынысы жерде қалмай, қолдау тауып, Тараз қаласында ипподром бой көтерер. Бірақ ипподромды қайда соғуға болады? Қаланың қай жері лайықты. Осы орайда газетіміздің «Халық сөзі» айдары аясында ұлттық спорт жанашырларының, атбегілердің, қала тұрғындарының ой-пікіріне құлақ асып, ұтымды ұсыныстарына құлақ асқанды жөн көрдік.

Төлеген ЖҰМАТАЕВ, ұлттық спорт түрлерінен «Әулиеата» кәсіпқой клубының жаттықтырушысы:
– Бектөбе ауылындағы атшабарды кезінде Тараздағы зауыттардың бірінің демалыс орны ретінде ашу жоспарланған екен. Жан-жағын дамбымен шегендеп, су толтырып, жағажай жасамақ болған. Алайда жоспар іске аспай, дамбылар тұрғызылғанымен, жиналған су жерге сіңіп кете берген. Суды тоқтату үшін су өткізбейтін қарақағаздар төселген. Алайда нәтиже болмаған. Осылайша басталған іс аяғына жетпей қалады. Араға жылдар салып өңірімізде, елімізде көкпардың дамуына сүбелі үлес қосқан Нәби Момынов сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовке барып, бос жатқан жерді көкпар алаңына, ипподромға айналдыруға кеңес береді. Сөйтіп Серік Әбікенұлының қолдауымен көкпар алаңына, бәйге өткізуге қолайлы орынға айналады.
Бектөбедегі атшабарды жарамсыз дей алмаймыз. Дегенмен алдағы уақытта заманауи үлгіде қаланың ішінен немесе жақын маңнан ипподром салынып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ қандай ипподром? Егер тек көкпар шабатын немесе басқа да ат спорты түрлерін (аударыспақ, жамбы ату, қыз қуу, теңге ілу) қамтитын ипподром болса, «Мамыр» саябағы ыңғайлы секілді. Ал бәйге өткізу үшін үлкен аумақ керек. Саябақ жарамайды. Сондықтан жаңа ипподромды аталған саябақта салса, бәйгені Бектөбе ауылындағы атшабарда ұйымдастыра беруге болады деп ойлаймын.

Қасым АЛДИЯРОВ, атбегі:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын көктемде Қырғыз Республикасына жолым түсті. Наурыз мерекесіне орай көкпар ұйымдастырылып жатқанын естіп, бармай отыра алмадым. Көкпарға бір сағатқа жуық кешігіп бардым. Сенесіз бе, ипподромның трибунасынан бір бос орын таба алмадым. Тұрып тамашалап тұрған көрерменнің де санында есеп жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жүр. Айқай-шудан құлақ тұнады. Қасыңдағы адамның сөзін есту мүмкін емес. Сонда көрерменнің қошеметін, ықыласын көргенде қайран қалдым. Көкпар емес, мерекелік кеш секілді.
Ал бізде қалай? Ұлттық спорт дамып, қанатын кеңге жайды дейміз. Бәрі тек сөз жүзінде ғана. Егер шынымен дамыса, Қазақстанның әр облысында неге бір-бір заманауи ипподром жоқ. Неге көкпардан Қазақстан чемпионаты тек Жамбыл облысында, Шымкент қаласында немесе тағы бірнеше қалада ғана өтеді. Себебі көп облыста ипподром жоқ, жағдай жасалмаған. Ұлттық спортымызды дамыту мақсатында осы уақытқа дейін мемлекеттен аз ақша бөлінген жоқ. Қынжылтатыны, қаржы өз мақсатына жұмсалмады. Өзге өңірлерде ұлттық спортты дамытуға лайықты көңіл бөлінбегеннен кейін де Жамбыл облысы мен Түркістан облысының көкпар командалары кезек-кезек чемпион болып жүр. Бір жылы түркістандықтар чемпион болса, келесі жылы Жамбыл облысының командасы жеңімпаз болады. Қанша жылдан бері неге өзге облыстың командалары чемпион бола алмайды. Осыдан-ақ ахуалды бағамдай беруге болады.
Айта берсе, ұлттық спорт төңірегінде мәселе көп. Сондықтан басқасын қоя тұрып, ипподром мәселесіне оралайық. Шынымды айтсам, қай жерге салуға болатынын осы уақытқа дейін ойланбаппын. Бірақ қалай да соғу керек екені анық. Жаңа ипподром соғып және оған Нәби Момыновтың атын беру керек.
ҚР Құрметті спорт қайраткері Нәби Момынов Жамбыл облысындағы командалық көкпар ойынын дамытушы. «Әулиеата» клубының негізін қалаушы. Нәби Рүстемұлы 1996-2003 жылдар аралығында көкпардан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. Сондықтан Нәби Момыновтың атын беру әбден лайықты.

Елдар БОРАНБАЕВ, облыстық халық шығармашылығы орталығының бас редакторы:
– Халқымыздың тектілігін танытып, болмысын ашатын ұлттық спорт түрлері киелі Әулиеата өңірінде өте жақсы дамыған. Егер олай болмаса, «Әулиеата» көкпар командасы еліміздің 12 дүркін чемпионы болмас еді. Одан бөлек білекті де, жүректі жігіттеріміз жамбы атудан, аударыспақтан, теңге ілуден толайым табыстарға қол жеткізіп жүр.
Дегенмен тек мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Ұлттық спортымыз жалпыхалықтық сипат алуы үшін облыс орталығына жақын жерден ипподром соғылуы керек. Мәселен, сәуір айында Бектөбе ауылындағы атшабарда көкпардан ел чемпионаты өтті. Қаншама жора-жолдастарымның, таныстарымның барғысы келді. Бірақ қаладан шалғай болғандықтан көбісі бара алмады. Қоғамдық көлік те жүрмейді. Сол себепті жаңадан ипподром соғатын болса, халықтың қатынауына ыңғайлы болуына баса мән беру керек. Мәселен, орталық базарға қарсы бос жатқан алқапта ипподром соғуға болатын секілді. Испаниядағы бұқалармен өнер көрсететін коррида аренасы секілді «Көкпар арена» деген ат қойылып, айдар тағылса.
Сондай-ақ ипподромда ұлттық спорт түрлерімен айналысуға барлық мүмкіндік жасалса деймін. Ат спортынан түрлі үйірмелер ашылып, әсіресе оқушыларды, жастарды тартсақ, ұтарымыз көп болар еді. Себебі жылқыға жақын болып, аттың тізгінін ұстап өскен жас ертең ел тізгінін де ұстай алады.

Ал «Әулиеата» көкпар клубының шабуылшысы, елімізге белгілі көкпаршы Құрманбек Тұрғанбек жаңа ипподромға қаланың батыс жағындағы «Абсент» шаруашылығы мен әуежайдың аралығындағы жердің ыңғайлы екенін айтады.

P.S. Осылайша жаңа ипподромның орнына байланысты сан алуан ұсыныстарды тыңдадық. Егер шынымен-ақ ат спортының кез келген түрінен жұлдызы биік Жамбыл облысында «Көкпар арена» немесе Нәби Момынов атындағы ипподром соғылып жатса, қандай жарасымды болар еді.

Талғат НҰРХАНОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.