0 28

Сәрсенбі күні облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз турын ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Байзақ ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Журналистер алдымен Бурыл ауылындағы «Байжанова Н.» шаруа қожалығының қызылша алқабына ат басын бұрды. Шаруашылық төрағасы Несіпкүл Байжанованың айтуынша, биыл ауа райы диқандар үшін былтырғыдан қолайлы болып тұр. Сондықтан, шаруа мол өнім алып, табыс тайқазанын тасытудан үмітті.

– Өткен жылы құрғақшылық пен қуаңшылық диқандарды айтарлықтай қыспаққа алды. Маңдай теріміз ақталмады десек те болады. Су тапшы болғандықтан, шаруалар ойдағыдай өнім ала алмады. Ал биылғы жыл берекелі болғалы тұр. Егіннің шығымы жаман емес. Көрсең көңілің тояды. 30 гектарға қызылша, 36 гектарға пияз еккен болатынбыз. Қызылша алқабы да, пияз алқабы да жайқалып тұр, – деген Несіпкүл Байжанова 16 отбасын жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.

Одан бөлек маусымдық жұмысқа 50-60 жұмысшы тартылатын көрінеді. Алдағы уақытта егістік алқабын бұдан да ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтқан Н.Байжанова шаруа қожалық қажетті техникамен толық қамтылғанын айтып өтті.

Ал аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рысалиевтің сөзіне сүйенсек, биыл аудан бойынша 700 гектар алқапқа қызылша отырғызылыпты. Келесі жылы аудандағы қызылша алқабының көлемін 2 000 гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сазтерек ауылдық округіндегі «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығы биыл 1 000 гектарға арпа, 250 гектарға бидай егіпті. Бірнеше ай бұрын егінге орақ салып, қазірдің өзінде 600 гектар алқапты орып үлгерген.

– Орақ науқаны ырғалып-жырғалуды, кідіріс пен кешеуілдеуді көтермейді. Сылбырлық сан соқтыруы мүмкін. Сондықтан жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түстік. Алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құйып алу мақсатында бел жазбай жұмыс істеп жатырмыз. Егіннің түсімі жаман емес.

Шыны керек жерге алғаш дән сепкенде, көңілде мың күдік болады. Тілсіз жау өрттің салдарынан немесе ауа райына байланысты бір пәсте бар еңбегің зая кетіп, шығынға батуың мүмкін. Бірақ шүкір, биылғы жылы тосын жағдайлар туындаған жоқ. Ендігі мақсатымыз-өнімді ұқыптап жинап алу. Бұл ретте де ешқандай мәселе туындап тұрған жоқ, – дейді «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығының механизаторы Нұржан Сатынбеков.
Темірбек ауылдық округіндегі «Молдебек» шаруа қожалығы да ел ырысын еселеп, өңір экономикасының өркендеуіне үлкен үлестерін қосуда. Бүгінде тірлігі тіктеліп, шаруасы шалқыған шаруашылық жергілікті жұртшылықты да жұмыспен қамтуда.

– Биылғы жылы 38 гектарға картоп, 8 гектарға пияз, 3 гектарға сәбіз және 16 гектарға қарбыз ектік. Су тапшылығы жылда диқандарды әбігерге салатындықтан, тамшылатып суғару технологиясына көшкенбіз. Сол себепті судан ешқандай мәселе туындаған жоқ, – деген шаруашылық меңгерушісі Ержан Мейірбеков бірнеше айдан кейін жиын-терін жұмыстары басталатынын тілге тиек етті.

Баспасөз туры Ақшолақ ауылындағы «Апан агро» шаруа қожалығының қызылша алқабында түйінделді. Қожалық жетекшісі Саха Манатовтың сөзіне сүйенсек, облыстағы іргелі шаруашылық биыл 200 гектарға қант қызылшасын, 300 гектарға жүгері, 5 гектарға үдемелі алма бақ орналастырса, 2 гектарға жылыжай салыпты.
С.Манатов келесі жылы қант қызылшасының алқабын 1 000 гектарға дейін жеткізуді көздеп отырғанын айтты.

– Бұрнағы жылдармен салыстырғанда тәтті түбірдің шығымы өте жақсы. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазірдің өзінде бір түбір 600 грамм тартады. Қазуға әлі ерте. Демек бірнеше айда кемі бір түбір 1 200 граммға дейін жетеді.

Қазір балтамыр баптаған шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау қомақты. Жұмыс істеймін деген адамға кедергі жоқ. Сондықтан келесі жылы қызылша алқабын 1000 гектарға жеткізу жоспарда бар,-дейді С.Манатов.

Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ,
Байзақ ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.