АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ЖЕРДІ ШҮЛЕНШЕ ТАРАТҚАН

0 32

Шенеунік қарапайым болып, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, дөрекілікке, қадір-қасиетін кемсітуге, әдепсіздік және бейәдеп әрекеттерге жол бермеуге тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты заң талабында дәл осылай жазылған.

Алайда өзінің теріс әрекеті арқылы сынға ұшырауы былай тұрсын, мәселесі Әдеп кеңесінде, соттарда қаралып жатқан шенеуніктер қаншама?! Соңғы уақытта ауыл әкімдеріне қатысты істердің дені жермен байланысты. Мәселен, өткен аптада ғана Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, жерге қатысты үш шенеуніктің мәселесі талқыланды.

Әдеп кеңесінде Қордай аудандық прокурорының мәлімдемесінен белгілі болғандай, аймақтың ауылдық округтерінде жер телімін беруде бірқатар өрескел қателіктер орын алған. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысына сәйкес бірқатар кемшіліктер анықталған. Айталық, жер телімдерін рәсімдеу кезінде жіберілген кемшіліктер, жер учаскелерінің конкурстан тыс табысталуы, аукционсыз жер учаскелерінің жекеменшікке берілуі деректеріне қатысты олқылықтар белгілі болған.

Мәселен, Қордай ауданының Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фуншанломен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша оларға жер учаскелеріне құқық беру туралы шешім қабылдау барысында артықшылықтар көрсетілгені баяндалған. Прокуротураның ұсынуында аталған заң талаптары сақталмай, Сортөбе ауылдық округі әкімінің жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын ауыстыру туралы шешімдері келісуші органдардың тиісті қорытындысыз қабылданғаны туралы тұжырым жасалған. Яғни жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын ауыстыруға Қордай ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісуші органдардың тиісті қорытындысы алынбаған. Сондай-ақ объект салу үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге жер таңдау актісі жасалып, нысаналы мақсаты ауыстырылатын жер учаскесі қала құрылысы нормалары мен талаптарына сәйкес келетіні туралы қорытынды жасалып, жер комиссиясына ұсынылған. Мәселен азамат Е.Жамашовтың өтінішіне сәйкес, Сортөбе ауылы Т.Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан жалпы көлемі 1,72 гектарды құрайтын нысаналы мақсаты үй-жайларға, (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін өзгертіліп, соңынан дербес 21 учаскеге бөлінген. Дегенмен Кодекстің талаптарына жеке және заңды тұлғаларға тиесілі коммерциялық мақсаттағы жер учаскелердің нысаналы мақсаттарын жеке тұрғын үй құрылысы үшін немесе керісінше аталған мақсаттағы жер учаскелерді коммерциялық мақсаттарға өзгертуге нақты шектеулер қойылмаған.

Айта кетерлігі, жоғарыда аталған Сортөбе ауылдық округі әкімінің нысаналы мақсаттарын ауыстыру туралы шешімдері аудандық жер комиссиясының оң қорытындыларына сәйкес қабылданған. Ауылдық округ әкімі Р.Фушанло өз түсініктемесінде жер учаскелеріне құқық беру, нысаналы мақсаттарын өзгерту туралы шешімдерді жер комиссиясының оң қорытындыларына сәйкес қабылдағанын атап өтті.

Сонымен қатар жер телімдерін бөлу мәселесі төңірегінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағандары үшін Қордай ауданының Отар ауылдық округінің әкімі Данияр Ебелекбаевқа, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің бас маманы Гүлназ Мұсаеваға қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды.

Тәртіптік істерді қарау нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңеспен аталған мемлекеттік қызметшілерге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.

Жиында Меркі ауданында жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралары туралы аудан әкімінің есебі тыңдалды. Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңеспен аталған бағытта жұмысты күшейту жөнінде ұсынымдар енгізілді.

Сондай-ақ су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2021 жылдың қорытындысы мен 2022 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есебі, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2021 жылдың қорытындысы мен 2022 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есебі тыңдалды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен жүргізілген Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары қаралды.
Аталған мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі кеңеспен тиісті ұсынымдар енгізілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.