Тұрғындардың тілегі партия назарында

0 27

Ауыл-аймақтарда туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешуге атсалысуға «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы да ынта танытып отыр. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов Жуалы ауданында болып, жайылым төңірегінде қалыптасып отырған мәселелерге қанықты. Атап айтқанда, Дауыл Ынтықбайұлы бірінші кезекте ауданға қарасты Қарасаз ауылдық округінде болса, келесі кезекте Нұрлыкент ауылы тұрғындарының өтініш-тілектеріне назар аударды.

Д.Бейсенқұлов өз сөзінде, ауылдық жерлерде туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешу жұмысы партияның назарында тұрған мәселе екенін айта келіп, осы мәселеге байланысты партияның жанынан «Жер Аманаты» деп аталатын комиссияның құрылып, жұмыс істей бастағанын айтты. Сонымен қатар мал жайылымы мәселесінің туындауының бір себебі кейінгі жылдары «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасымен алынған мал басының күрт өсуімен байланысты екенін айтып, бұл мәселені бірқатар шараларды қолға алу арқылы шешу керектігін ескертті. Партия саясатының басым бағыттарының қатарында өңірдегі мал жайылымы мәселесін шешу туралы міндеттің тұрғанын да атап өтті.

«Қазақстан Фермерлер одағы» ҚБ-нің Қарасаз ауылдық округіндегі төрағасы Ермахан Қойлыбаев өз сөзінде ауыл әкімшілігі және ауылдағы белсенді жанашыр азаматтардың араласуымен Тобышақты жайлауынан 484 гектар жайылымдық жердің алынып, ауыл әкімшілігінің теңгеріміне берілгенін қуанышпен жеткізді. Сонымен қоса, оның сөзінше, ауыл маңынан тағы да 12 гектар жайылымдық жер қолданысқа беріліпті. Бұл жайылымдық жерлерде қазір тұрғындар малдарын бағуда.

Келесі кезекте сөз алған ауыл тұрғыны, округтегі билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров, кейінгі жылдары ауылдың белсенді азаматтарымен бірлесіп, жайылымдық жерлерді қайтарып алуға әрекеттер жасалып жатқанын, бұл мақсатта жайылымдық жерлерді заңсыз игеріп отырғандарға қатаң жаза қолдану немесе қомақты айыппұл салу керектігін айтты. Сонымен қатар бірінші кезекте ауыл маңындағы бес және жеті шақырым радиустағы жерлерді қайтару туралы ұсынысын қоса жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадірхан Жарасұлы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов жауап беріп, мал жайылымы туралы мәселелердің назарға алынатынын айтты. Дәл осы жағдай Нұрлыкент ауылында да бар. Бұл ауылда биыл атқамінерлердің араласуымен 300 гектардай жайылымдық жер ортақ пайдалануға берілген. Жалпы, ауылда 800-ге жуық сауынды сиыр жайылымға шығады. Кездесуде ауылдың белсенді тұрғындары Бауыржан Нұрмаханұлы және Баймұхан Исламов ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы және диқаншылыққа тікелей байланысты екенін айтып, мал жайылымы және ағын су төңірегіндегі мәселелердің түйінін тезірек тарқату қажет екенін жеткізді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
ІІІ курс студенті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.