0 24

«Елдестірмек елшіден» дейді халық даналығы. Мемлекеттің өзара ынтымақтастығы дипломатиялық қатынастарға тікелей тәуелді екені белгілі. Алғаш азаттықтың ақ таңы атып, ел егемендігін жариялаған тұста Қазақстанды аз ғана мемлекеттер таныды.

Жасыратыны жоқ, КСРО сынды алпауыт империядан бөлініп шыққан жаңа мемлекеттің алдында үлкен міндеттер тұрды. Бұл тұрғыда сыртқы саясат туралы заңнамалық құжаттарды әзірлеу міндеті кезек күттірмес мәселе болатын. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін арада аз уақыт ішінде «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшігі туралы», «Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті өкілдігінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» Президенттің жарлығы шықты. Осы құжаттар негізінде 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Коллегиясы туралы Ереже қабылданды. Осылайша тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттің тұңғыш Сыртқы істер министрі болып Төлеутай Сүлейменов тағайындалды. Құрамында небәрі 17 адам болатын саяси ведомствоға қыруар жұмыс жүктелді. Алғашқы екі жылдың өзінде Қазақстанның шетелдерде 17 елшілігі ашылды. Кәсіби дипломаттардың тапшылығынан бұл міндеттерді атқаруға түрлі қызметтерде тәжірибе жинаған, сондай-ақ есімі елге белгілі мемлекет, партия және қоғам қайраткерлерімен қатар, ғалымдар да жіберілді. Нәтижесінде қазақ елін әлемнің 180-нен астам мемлекеті таныды. 120 елмен дипломатиялық қатынас орнатты. Одан бөлек, шетелдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық, өкілдіктер ашылды.

Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. 2005 жылы 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылды. Әлемдегі жерүстілік ең ұзын саналатын, жалпы аралығы 7591 шақырымды құрайтын шекара сызығы осылайша мойындалып, белгіленді. Сондай-ақ 1994 жылы Қытаймен арадағы шекара сызығы заңдастырылып, белгілеу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Отыз жылға жуық уақыт ішінде әлем мемлекеттері арасында ынтымақтастық артты. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ және өзге де бірлестіктермен байланыс артып, берік қатынас орнады.

Әлем мемлекеттері арасындағы дипломатиялық байланысты уақыт реттейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кездескен қиындықтарды реттеуде шетелден білім алып, біліктілігін жетілдіріп келген кадрлардың қосқан үлесі зор болды. Олардың қатарында таластық Әбутәліп Ахметов те бар еді.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген Әбутәліп Ібіжанұлының былайғы өмірі елшілік қызметте өтті. Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының Түркиядағы істер жөніндегі сенімді өкілі, елшінің кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігі департаментінің Азия, Таяу Шығыс және Африкадағы директоры, Қазақстанның Иран Ислам Республикасы Мешхед қаласында бас консул, ҚР ТМД елдері істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, еліміздің Стамбулдағы бас консулы, Қазақстанның Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Оның қазақстандық дипломатиядағы баға жетпес еңбегі тәуелсіз ел тарихында мәңгілікке таңбаланып қалды.
Дипломатия саласының ардагері, талай жыл қатар жүріп қызметтес болған Боранбек Әлбергенұлы әріптесінің кісілік болмысы туралы: «Өкінішке қарай, оның ғұмыры да кемелдікке көтерілген кезеңінде, ондаған жылдардағы бай тәжірибесін, болмысындағы боямасыз қасиеттерден туындайтын беделі мен біліктілігін туған елінің мүддесі жолында сарқа жұмсауға дайын асқаралы шағында кенеттен, Отаннан тыс жерде жүрген кезінде үзілді. Дипломатиялық дәрежесіне сай өз ортамызда «біздің генерал» атанған Әбекеңнің жарқын бейнесі біздің есімізде қандай болсын жоғары лауазымда жүргенімен, сол баяғы құмды ауылдағы құнарлы қазақы ортаның ізгілікке тұнған төл мәдениеті қанына сіңген қалпында қарапайым да қайырымды азамат, абзал аға, ұстаз ретінде ұзақ сақталады», дегені бар.

Ия, тұлға өнегесі ұрпаққа тағылым. Әбутәліп Ахметовтің есімін туған ауылы бұрынғы Кеңес, қазіргі Бөлтірік шешен ауылы ғана емес, күллі қазақ елі үлгі тұтады. Отбасы мүшелерінің және қатар жүрген замандастарының ұйытқы болуымен аталған ауылдағы Әбутәліп Ібіжанұлының өзі білім алған Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке ескерткіш тақта орнатылды. 61 жасында артына өшпес із қалдырған тұлғаның есімі ұрпақ жадында жаңғырып тұрары сөзсіз. Өйткені әлем мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық пен татулықты арттыруда, тұрақтылық пен келісімді нығайтуда Ә.Ахметовтің атқарған еңбегі бағаның қандайына да лайық.

Еркебұлан ТӘТТІБАЙ,
Кеңес ауылдық округінің әкімі,
Талас ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.