«Халық әділетті қоғамда өмір сүруі тиіс»

0 76

Мемлекеттің даму үдерісіне үлкен кедергі келтіретін факторлардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, мұның қоғамда аса қауіпті дерт екенін үнемі айтумен келеді. Мемлекет басшысы бұл дертпен күресуде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» күресу қажеттігін, оған елімізде мүмкіндік мол екенін де әрдайым еске салуда. Осы орайда біз «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықовамен тақырыпқа қатысты аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Мамандығыңыз журналист болғанымен, сізді жұртшылық «ADALDYQ ALAŃY» арқылы кеңінен таныды. Қазір «Әділдік жолы» ұйымындасыз. Бұл ұйымның мақсат-мүддесі не?
– Былтыр өңірімізде ашылған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына сол кезде жетекші болып мен бекітілдім. «Әділдік жолының» жемқорлықпен күресте мемлекеттік органдар, салалық, үкіметтік емес ұйымдармен, іскерлік бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс атқарудың артықшылығы мол. Яғни «Әділдік жолы» жұртты әділетті қоғам құруға жетелейді. Себебі 30 жыл бойы болашаққа сенген жұрттың ендігі қалған өмірінде тәуір тұрмыс кешуден үміттері сөнбеуі керек. Тоқ етерін айтқанда, халық әділетті қоғамда өмір сүруі қажет. Ал біз әділетті қоғамның құрылуына ел болып атсалысуға мүдделіміз.
Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керектігін тілге тиек еткен еді. Қазіргі уақытта бұл қоғамдық бірлестіктің республика бойынша 17 филиалы жұмыс істейді. Өткен жылдың 22 қыркүйегінен бастап өңіріміздегі аталмыш қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты мен қызметінің негізі бағыты – халықтың құқықтық білімін арттыру, парасаттылық идеологиясын алға тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста қоғамды жұмылдыру.
Осы жылдың мамыр айынан бергі уақытта мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын түсіндіру бойынша облыста 12 ұйым қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Филиалда мемлекеттік органдардың, лауазым иелерінің, сот орындаушыларының қызметтеріне байланысты арыз-шағым жазған 10 азамат қабылдауда болды. Оларға өздерін мазалаған мәселелерге қатысты заңгерлік көмек көрсетілді. Сондай-ақ 20-дан астам азамат ауызша мәселелерін жеткізді. Жедел жолданған сауал шешімін тапты. Қазіргі таңда қай жобада болсын қызмет ету қиындық тудырмайды. Өйткені бағыты мен бағдары бір. Мақсатымыз – жемқорлықты түбімен жою. Сондықтан да бұған дейінде Жамбыл «ADALDYQ ALAŃY» жобалық офисін басқару арқылы облыста әр ауылды аралап, 3 жыл ішінде жинаған тәжірибе мен сапалы қызмет нәтижесінде тұрғындар сенім артарлық жағдайға жеттік. Бұл бірлестіктің де халқымыздың сенімді ұйымына айналатыны даусыз.
– Халық сенім артуы үшін бірлестіктің алға қойған белгілі бір жоспары бар шығар…
– Қазіргі таңда әр бейсенбі сайын Жамбыл облыстық Заңгерлер палатасымен бірігіп, қоғамдық қабылдау өткізу жоспарланды. Яғни аптаның осы күнінде «ашық есік» күні өтеді. Кез келген азамат тегін заңгерлік қызмет ала алады. Жақында республикалық деңгейде үлкен жоба, ауқымды акция бастау алғалы жатыр. Ол туралы 1 шілдеден бастап БАҚ беттерінде жарияланатын болады.
– Ал атқарған шаруалар туралы не айта аласыз?
– Тұрмыстық жемқорлық, әділдетсіздікке тап болған азаматтарды қызмет ететін саласына қарай бөліп қарастырсақ, олардың дені білім, денсаулық, полиция қызметі, жол, тазалық саласына қатысты. Мәселен, Талас ауданының Л есімді азаматшасы дәрігердің қарауына көңілі толмай, «олар маған немқұрайды қарап, денсаулығыма зиян келтірді» деген негізбен, толық сараптамадан өтіп, қазіргі таңда полиция департаментіне арыз қалдырды. Енді біз сол азаматшаның құқығын қорғап, тергеу амалдарының әділ өтуін бақылайтын боламыз. Мемлекеттік сатып алу порталында негізсіз төлемақылар, бағаларды көтермелеу секілді өзге де фактілер жиі кездеседі.
Қазір «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 252,6 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделген. Бұл алдын алу мақсатында хат жолданып атқарылған жұмыс. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайластықтың алдын алу барысы бойынша жұмысты тағы да жетілдіре түсуге тиіспіз. Қазір осыған күш салып жатырмыз.
Тағы бір айта кетер жайт, дәл қазір ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны елімізде қарқынды жүріп жатыр. Өз өңіріміздегі осы науқанға «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалынан бақылаушы қатысуда. Сондай-ақ волонтерлер пулы құрылып Тараз, Шу қаласындағы бақылау жұмыстарына жүктелген. Қазіргі таңда 8 акт толтырылып, түлектерден ұялы телефон сияқты тыйым салынған заттар табылды. Сондай-ақ, тергеу амалдарына байланысты жариялай алмайтын 2 ұқсас жағдайлар тіркеліп отыр. Егер біз осынай келеңсіздіктермен күреспей, мамыражай отыра беретін болсақ, қоғам да, пиғылы бөлек адам да ешқашан түзелмейді.
Бүгінде күн тәртібінен түспейтін мүгедектік тобын анықтау мәселелерін де зерделеп, нақты іс бойынша әр кез «дөңгелек үстел» өткізіліп келеді. Шағымдар қабылдайтын жақсы құрал ретінде түрлі әлеуметтік желілер мен «WhatsApp» мессенджері қолданылуда. Сонымен қоса, денсаулық, спорт, білім салаларының басшылары топтасқан арнайы чаттар іске қосылған. Сондай-ақ халықпен кері байланыс құралы ретінде әр ауылдық округте арнайы чат 3 жылдан бері жұмысын жүргізуде. Бұл чат «ADALDYQ ALAŃY» жобалық офисінің бар кезінде басталған, осыны қазір біз өңірде «Әділдік жолы» ұйымына жеткізген жұртшылықтың талап-тілегіне назар аударып, одан нәтиже шығару үшін пайдаланып отырмыз.
– Сіздер сыбайлас жемқорлықпен тәп-тәуір күресіп жатқан сияқтысыздар. Ал өңірде осы бойынша қылмыс бәсеңдеді ме?
– Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жүргізген жүйелі жұмыс нәтижесінде өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 64 қылмыстық дерек тіркелді. Мекемелерге құқық бұзу деректерін жою туралы 51 нұсқама берілгенін де атап өту керек.
Біздің ұйым сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барша жергілікті тұрғындарды ауызбіршілікпен бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Негізінде сыбайлас жемқорлық кез келген жүйенің жауы екенін екінің бірі біледі. Бұл құбылыс моральдық негіздерімізге кері әсерін тигізіп, әлеуметтік әділеттігімізге нұқсан келтіретін және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін қоғам дерті. «Адамдар өздеріне байлық пен атақты қалайды. Егер осы екеуіне адал жолмен қол жеткізе алмасаңыз, онда одан аулақ жүрген дұрыс» деген екен шығыс ойшылы Конфуций. Мектеп табалдырығынан бастап мемлекеттік мекемелерге дейін әділдік пен адалдық туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, «жемқорлық түбі – қорлық» екендігін қоғам санасына сіңіруге тиіспіз. Бұл – бір адам емес, бүкіл мемлекет болып жұмыла атқаратын жұмыс. Сонымен қатар қоғамдық бірлестік пен республикалық заң консультанттары алқасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Қазақстанда тегін заң көмегін беретін қосымша іске қосылды.
– Жемқорлықтың зардабы қандай екенін 30 жыл бойы айтып келе жатырмыз ғой, осыдан қайтсек құтыламыз одан да соны айтыңызшы?
– Жемқорлықпен күресті бәсеңдетпеу керек және мәселені тиын-тебен беріп шешуге ұмтылатын халықтың да, арға емес, ақшаға жұмыс істейтін қызметкердің де санасы өзгермей нәтиже болмайды. Мәселен, Қазақстан бойынша жүргізілген зерделеу барысында былтыр жемқорлыққа бейім өңірдің ішінде біздің облыс алдыңғы қатардан көрініпті. Соның ішінде пара алушылардың дені әйелдер екені мәлім болған. Бұл ер адамға қарағанда жеңіл жолмен ақша табуға, заңсыздыққа баруға әйелдер жақын деген сөз. Сонымен қатар пара алуда еркектерге қарағанда әйелдер аузын толтырып тұрып қомақты пара сұрайтыны да белгілі болған. Ендеше әрбір пара алатын әйелді өз отбасындағы жасөспірімдерге тәрбие беретін бірден-бір тұлға десек, онда біз қандай ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызды бажайлауға болады. Сондықтан қоғам жемқорлықтан тазаруы үшін алдымен өзіміз жөнделуіміз қажет. Ардан, адалдықтан аттаудың дұрыс еместігін отбасында үнемі тілге тиек етіп отырсақ, одан ұтылмаймыз. Базбіреулер «жемқорлықтан арылу үшін заңды қатайту керек» деген пікір айтып жатады. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Өйткені мұның да дұрыс тетік еместігін айғақтайтын зерделеу нәтижесі бар. Мәселен, Қытай Халық Республикасында осы тектес қылмыс жасағандардың қолын шауып немесе ату жазасына кесіп жатады. Бірақ олар жемқорлықтан ешқашан ада болмаған. Статистиканы ашып қарасақ, оларда бұл індет бізден де бетер өршіп тұр. Мәселен, Швейцарияның түрмесі санаторий секілді, кесілетін жаза да жеңіл. Осындай мемлекеттер керісінше жемқорлықсыз елдер қатарына әлдеқашан енген. Бұл мемлекеттерде азаматтық, қоғамдық сектор мықты дамыған. Әсіресе төртінші билік саналатын БАҚ-тың еркіндігі, сөз бостандығы жүйелі жолға қойылған. Мәселен, жемқорлықсыз мемлекеттерде бір шенеунік қымбат көлік сатып алса немесе оның әйелі тойға құны бағалы алтын-әшекейін тағынып, ел қолы жете бермейтін киім киіп барса, бұл жайт БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде кеңінен таралып, халық сынына ұшырап, мәселе желіде талқыға салынады екен. Мұндай мемлекетте халық сынына ұшырамас үшін мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға тырысады. Менің қоғамдық секторды дамытуымыз керек деуімнің мәнісі осы.
– Пара алу-алмау отбасылық тәрбиеге байланысты болса, кейбір үлгілі деген отбасыдан шыққандар ойда-жоқта былыққа батып жатады, бұған не айтасыз?
– Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Біз білмейтін жайттар өте көп. Біреу нақақтан-нақақ күюі немесе біреу әдейі қастық жасауы мүмкін. Десе де мемлекеттік қызметкер сайтан азғырса да, біреу өтініп, не қорқытса да арам ақшаға жоламауы керек. Өйткені қылмыстың аты – қылмыс, ал қылмысқа барған адамды біз «тәрбиелі отбасынан шыққан» деп ақтай алмаймыз. Одан кейін мемлекеттік қызметкер заңға жетік болуы тиіс. Оның «мен мұның пара екенін білмедім, алданып қалдым» деуі сылтау бола алмайды.
Мемлекеттік қызметкер тәрбиелі отбасынан болғанымен, оның лас іс арқылы қолын былғауына үйінде әйелі түрткі болуы мүмкін. Егер үйінде әйелі отағасының табысын қанағат тұтпай «пәленше қымбат көлік мінді, біздің одан қай жеріміз кем, баланы түген деген қызметке орналастыр, түгеншенің баласының біздің ұлдан қай жері артық» деп миын жеп, түртпектеп отырса, адамның жолдан таюына бұл да бір себепкер болатын фактор.
– «Бұрымдының намысы бір» деуші еді қазақ, сіз оларды тұқыртуға пейілсіз ғой.
– Жоқ, қателеспеңіз. Мен мұны әйелдер қауымын тұқырту үшін емес, таң ертең отанасы жұмысына күйеуін амандық тілеп шығарып салып, кешке жұмыстан абыроймен қарсы алса деп тілеймін. Өйткені қазіргі қоғамда «біз еркекпен теңбіз» дейтін желеуді жанына жалау еткен әйелдер аз емес. Олардың кейбірі теңдіктен ары асып, еркегін етегіне байлап алғанын да көзіміз көріп жүр. Отбасында ер адамға қарағанда әйелдің ықпалы қатты белең алып барады. Олардың бірлі-жарымы күйеуі арқылы ел тағдырын шешетін ұлы істерге, биік мінбер арқылы билікке араласып жүруі кәдік. Мен осындайға алаңдаймын.
– «Жаңа Қазақстанның» ескі Қазақстаннан айырмашылығы неде?
– Оның айырмашылығы жер мен көктей. Көпшілік алдымен барлығы бірден біз ойлағандай бола қалмайтынын түсінуі тиіс. Біз «Жаңа Қазақстанды» енді құруға талпынып жатырмыз. Бүгінде оның мәні неде екенін жұртқа түсіндіру өте маңызды. Әр азаматтың бұған қатысты өз көзқарасы бар екені белгілі. Мен бұған дейін айтқанымдай, «Жаңа Қазақстан» дегеніміз бұл – Әділетті Қазақстан. Оны құруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек.
«Жаңа Қазақстан» нақты көрсеткіштері бар жол картасы емес. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңғырту деген сөз. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңғырту деген сөз деп мен тағы да айтқым келеді», деді ҚР Президенті бір сөзінде. Жаңғыру деген өзгертуге немесе басқаша қолдануға келетін сөз емес. Жаңа Қазақстанда өз құқығын толығымен пайдалана алатын азаматтарды көргім келеді.
– Қазіргі жастар қандай болуы керек?
– Қазір салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан 10-20 жыл бұрынғы жастарға қарағанда қазіргі өрендер білімді, көзі ашық. Бұл білімге, өнерге бір нәрсені білсем деген адамға мүмкіндіктің мол болуының жемісі. Соның арқасында жастар қазір өзіне не керек екенін біледі, алдына белгілі бір мақсат қоя алады. Олар болашақта кім болғысы келетінін ата-ананың айтуынсыз өздері мектепте жүріп-ақ шеше алатын қабілетке ие. Мен осыған қуанамын. Себебі кім өзінің жан қалауымен мамандық таңдап, еңбекке араласса, одан ертеңгі күні сапалы тұлға шығады.
Осы күні өз еркімен қоғамда волонтерлік қызметпен айналысып жүрген жастар жетерлік. Олардың болашақта бұл ісінің рәтін көретініне сенімдімін. Негізінде заң бойынша 14 жастан бастап еріктілікпен айналысуға әркімнің құқы бар. Мұны айтып отырған себебім, жастар қоғамдық жұмыспен студент кезінде айналысса, белсенді болса олар көп назарына ілігеді. Ондай жастарды кезі келгенде тиісті мекемелер жұмысқа қуана-қуана қабылдайды. Өйткені ол жас кезінде белсенді болу арқылы өзінің жарнамасын жасап тастаған деуге толық негіз бар. Белсенділіктің артықшылығы осы.
Тағы бір тоқтала кетерлік мәселе, қоғамда анда-санда болса да жастардың еңбекақысы аз жұмысқа қызмет еткісі келмейтіні айтылып қалып жүр. Меніңше олардың жоғары айлықақы алуға ұмтылуы дұрыс. Өйткені әр адам өз еңбегінің ақысын білуі тиіс. «Сақалын сатқан қариядан, еңбегін сатқан бала артық» деп халық текке айтпаған. Әркімнің жоғары табыс тауып, тәуір тұрмыс кешуіне құқы бар. Бірақ беталды мен мына жұмысты істемеймін деп бас тартуға болмайды. Ол жұмысты тастағанда басқа жақтан тәуір жалақылы жұмыс шығып тұрса, ондай мүмкіндікті пайдаланғанның несі айып. Бұл жерде сабыр, ақылды іске қосу арқылы шешім қабылдануы керек. Потенциялы немесе білімі болмаса жастық жалын желігімен бекерге ұшып-қонудың қажеті шамалы.
Қазіргі жастардың бойында көп алдында белсенді болғысы келіп, қызыл сөзбен қуырдақ қуыру емес, іс жүзінде еңбексүйгіш, сабырлы, тәртіпті қоғамда да, жұмыста да пайым-парасатымен елге елеулі боларлық қасиет тұнып тұрса деймін.
– Жастық жігеріңізді елдің талап-тілегінен туындаған мәселелердің оң шешілуіне, қоғамда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жойылуына арнап жүрсіз. Осы жолды таңдауыңызға не себеп?
– Оқушы кезімде мектепішілік іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Оқу бітіргеннен кейін журналистика мамандығын таңдадым. Себебі біздің отбасымыз мен мектепте оқып жүргенде бір әділетсіздікті бастан кешірді. Сол кезде журналист болу арқылы әділдік жолында күресемін деп шешім қабылдадым. Өйткені журналистің редакциялық тапсырмадан бөлек, қоғамдағы ауқымды мәселені қаламның құдіреті арқылы көтеріп, оның оң шешім табуына ықпал ете алатынын менен жақсы білесіз. Студент кезімде де белсенді болдым. Облыстық «Jambуl» телеарнасында еңбек етіп жүргенде адамдардың жапа шегуіне құқықтық сауаттылықтың жетпеуі себеп болатынын түйсіндім. Сол кезде көбіне мен құқықтық мәселелерге қатысты тақырыптарды қаузап жүрдім. Реті келіп, маған Жамбыл «ADALDYQ ALAŃY» жобалық офисінің жетекшісі болу қызметі ұсынылғанда қуана-қуана келістім. Бұл маңайымдағы жақсы адамдар мен телеарнадағы ұстаздарым арқылы жинаған тәжірибемнің жемісі деп білемін. Қоғамдық жұмыспен, оның ішінде әділеттіліктің орнауына атсалысуым мен үшін үлкен мәртебе.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.