ТУРИСТІК МАРШРУТ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

0 40

Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқан ежелгі Тараз қаласының табиғатынан бөлек көнеден келе жатқан тарихи-мәдени орындары тек қазақстандықтар үшін ғана емес, шетелдік саяхатшылардың да өңірімізге келіп тамашалауы үшін әжетке жарайтыны хақ. Жалпы Тараз қаласындағы және оның маңайындағы киелі орындардың туристік нысан ретінде бұрыннан маңызы айрықша болғаны белгілі.

Жалпы «Туристік ресурстарға не жатады?» дейтін сұраққа жауап іздесек, оған туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, сауықтыру нысандары мен жасанды туристік нысандар жататыны белгілі. Осының ішінде әлемде өркениеті дамыған алпауыт елдерді алар болсақ, олар бұрыннан бар құнды жәдігерлері мен ежелгі тарихи-мәдени орындары көп болмаса да жасанды туристік нысандар арқылы да пайда тауып отырғанын аңғаруға болады. Ал Қазақстанда, оның ішінде Әулиеата өңірі мен бір ғана облыс орталығы – Тараз қаласының маңайында да ежелден келе жатқан тарихи-мәдени орындар жетерлік. Мұндай құндылықтар әлбетте саяхаттаушылардың рухани қажеттілігін қанағаттандырумен қатар, олардың өткен тарихқа көз жүгірту арқылы санасын сергітуге ықпал ететіні сөзсіз.

Атап айтқанда, Тараз қаласында «Тектұрмас», «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабажа хатун» секілді ортағасырлық сәулет өнеріне тән көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Шаһардың туристік әлеуетін пайдалануда осындай киелі орындарды саяхатшылардың аралап көруіне қалада қандай жағдай жасалған? Біз мұны «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының директоры Махамбет Рахымжановтан сұрап көрдік.

– Тарихи-археологиялық, тарихи-мәдени ескерткiштердiң туристiк-экскурсиялық сапарлардағы маңызы айрықша. Жалпы кез келген мұндай нысан туристiк-экскурсиялар ұйымдастыруда үлкен рөл атқарады. Осыған байланысты Тараз қаласының көрікті жерлері мен киелі орындарын саяхатшыларға аралатып көрсету екі-үш жылдан бері дәстүрге айналған. Бұл іс-шара биыл да кең көлемде ұйымдастырылып отыр. Бұрын экскурсиялық тур 1 жарым айға ғана созылса, биыл мамыр, маусым, қыркүйек, қазан айларында Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары, балалар мен жасөспірімдер және туристік қызметпен айналысатын тұлғалардың қатысуымен тур төрт ай бойы өткізіледі.

Аталған экскурсия аптаның әр сәрсенбісі мен жұма күндері 50 орындық автобус арқылы кәсіби гидтің жол бастауымен жүргізіледі. Тур маршруты 2000-нан астам адамды қамтиды деп күтілуде. Маршрут «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағы – «Қарахан» кесенесі – «Дәуітбек» кесенесі – ерте ислам мешіті – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені – «Қазақ хандығы» монументі – «Айша бибі» кесенесі – «Бабажа хатун», «Тектұрмас» кесенесі сынды бағыттар бойынша жүреді. Бұл бойынша 8 нысан қамтылса, барлық нысанды аралауға 4-5 сағат уақыт бөлінген.

Бұл экскурсиялық тур Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Балалар жылы» деп жариялауы аясында өткізіліп отыр. Облыста ішкі туризмді дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін біз бұл іске балалар мен жасөспірімдерді, Тараз қаласының қонақтарын және жергілікті тұрғындарды тартып отырмыз. Өйткені балалар мен жасөспірімдердің Тараз қаласының тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттырсақ біз үшін бұл да бір үлкен олжа, – дейді Махамбет Дүйсебайұлы.

Осы тур арқылы саяхатшы дағдыларын дамыту, жаңа орындармен танысу, туристік бағыттарды дамыту саласында туризм саласындағы жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру көзделіпті. Мұның жастар туризмін дамыту, ішкі туризм саласында білім мен дағдыларды меңгеруде де айтарлықтай маңызы бар. Әсіресе қала мен облыстың бай тарихи-мәдени мұрасы бар туристік жобаларды жүзеге асыруға балалар мен жасөспірімдерді тарту арқылы жастарды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу және саналы әлеуметтік жауапкершілік сезімін оятуда атқарар рөлі айрықша.

– Аймақтағы ішкі туризмді дамыту үшін халықтың барлық топтары мен туризм саласында жұмыс істейтін мамандар үшін диалог алаңын құру да орталықтың алға қойған мақсатының бірі. Сол үшін де жастармен байланыс орнату және оларды өңіріміздегі туризмді дамытуға тарту қолға алынды. Бұдан бөлек тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, жаңа туристік жобаны дамыту және істі алға жылжыту үшін қолайлы жағдай жасау назарға алынып, қатысушыларды Тараз қаласы мен Әулиеата өңірінің көрікті жерлерімен, туристік әлеуетімен және туристік мүмкіндіктерімен таныстыру көзделген, – дейді М.Рахымжанов.
Негізінде тур қатысушысы құқығына тек қана Тараз қаласы мен облыс қонақтары, тұрғындары, қала мен облыстың балалары мен жасөспірімдері ғана емес, жақын және алыс шетелдердің, сондай-ақ еліміздің басқа аймақтарының азаматтары да ие бола алады екен. Экскурсиялық турға қатысу үшін оқуда дарынды және табысты балалар мен жасөспірімдерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан адамдарға (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары) басымдық беріліпті.

Қазір әлемдегі дамыған мемлекеттер өзінің ішкі туризмін дамыту арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеп алғаны белгілі. Сол үшін де еліміз туризм саласын дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде қарастырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда аталған орталықтың қолға алған ісі құптарлық-ақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.