ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТКЕН ТҮЛЕКТЕР

0 35

Пенде атаулы әлемнің қай түкпірінде, қай жерде жүрсе де атамекенін аңсап, туған жерін, алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні белгілі. Себебі адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер ата-анадан кейін туған жердің топырағы арқылы дариды. Ендеше әр адамның мүмкіндігі жетіп тұрса, туған жерінің түлеуіне атсалысуға асығуы заңдылық. Бұл ретте ауылдық жерде өзі оқыған алтын ұясынан түлеп ұшқанына 5, 10, 20, 40 жыл болған мектеп түлектерінің білім ошағы ғана емес, сол ауылдың тұрғындары шарапатын көретіндей игі іс тындырып жүргені сан жылдардан бері қалыптасып келе жатқан дәстүр. Өскен өлкесінің ажарлануына жұмыла қолдау көрсетіп жүрген мектеп түлектерінің ісі қашанда көпке үлгі болмақ.

Өңірімізде «Туған жерге тағзым», «Жомарт түлек» жобасы аясында көптеген жобалар сәтті жүзеге асырылып келе жатқанына да біршама жыл болды. Әр жыл сайын дәстүрге айналған үрдіс бойынша мектеп бітіруші түлектер өздерінің мерейтойлары қарсаңында ортадан қаржы шығару арқылы мешіт, мектеп, балабақша секілді нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп беріп жүр. Туған жеріндегі әлеуметтік нысандарды жөндеп, материалдық базасының нығаюына көмектесіп жатқан түлектер биыл да аз емес. Ірі көлемде қаржылай қолдау көрсетіп, мектептің жоғын түгендеп берген кәсіпкерлердің де ісі ел-жұртқа өнеге.

ҚОНАЕВ ЕСІМІН ҰЛЫҚТАҒАН ҰРПАҚ

1992 жылы Талас ауданында малшылардың дүрілдеген слеті өткен екен. Мұны жасы үлкендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Осы жиынға Д.Қонаев арнайы келіп қатысса керек. Негізі Талас жері – Дінмұхаммед Қонаевтың ата-бабасының ежелгі қонысы. Ол кісінің ата-бабалары осы топырақта дүниеге келіп, Таластың бойында түтін түтетіп, кейінірек Балқаш жаққа қарай қоныс аударған көрінеді. Сол кезде Талас ауданына сапарлап келген Қонаев Ойық ауылына арнайы ат басын бұрыпты. Ойық ауылы мен Ақкөл ауылының ортасында шағын асу бар. Сол асуда бір кеңшар директоры, ауылдың аузы дуалы ақсақалдары ел ағасын құрметтеп күтіп алған екен. Сонда Дінмұхаммед атамыз қыр басындағы тастардың бірінің үстінде отырып өзін күтіп алушылармен емен-жарқын дидарласқан екен. Сол сапарында Димекең Ойықтағы Бөлтірік шешеннің басына құран оқытып, ата-бабаларына құран бағыштапты.

Ойық ауылындағы Қонаев есімін иеленген мектептің 2002 жылғы түлектері осы кездесуді мәңгілік тарихқа айналдыру, әрі қоғам қайраткерінің есімін ұлықтау мақсатында ұлы тұлғаның тоқтап, ат шалдырған қыр басында бір тасқа отырып ойға шомған жерін ретке келтіріп, маңына ескерткіш тақта орнатыпты. Ескерткіш тақтада Дінмұхамед Қонаевтың суреті бейнеленіп, қасында «Панам да – ел, Данам да – ел, Соған арқа сүйедім. Содан үйрендім» деген сөздері жазылған. Суреттің төменгі жағында «1992 жылдың маусым айында Димекең атажұрты төменгі Талас еліне соңғы сапарын жасады. Сонда Ойықтың шетіндегі қыр үстінде тұрып: «Мынау Ойық менің елім!» деп айтқан сөзін бұл өңірге төккен соңғы мейірімі екенін кім білген?!…» деген естелік сөздер таңбаланған.

Мектеп бітіргендеріне жиырма жыл толған түлектердің тарихи тартуы заманының заңғар тұлғасы Қонаев отырған тастың маңайын ғана көріктендіру емес, қыр басында тұрған сол тасқа апаратын шұрық-тесік жолды жөндеп, текпішек орнатуымен де құнды болып отыр. Мемориалдық тақта тұғырына қонғанда Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек арнайы барып, Қонаевтың есімін ұлықтаған түлектерге шын жүректен алғысын білдіріпті.

Қазір орнатылып қойғаны болмаса мемориалдық тақтаның ресми ашылуы 25 мамырға белгіленіпті. Өткен тарихын ұмытпай, ұлағатты іс жасап жатқан түлектер тақтаның ашылу салтанаты өтікізілетін күні ауыл үлкендерінің басын қосып, аруақтардың рухына арнайы құран бағыштауды жоспарлап отыр.

– Қазақтың біртуар перзенті, таутұлға Дінмұхамед Қонаевтың есімін құрметтемейтін жан кемде-кем шығар. Өзіміз де осы кісінің атын алған мектептің түлегіміз. Біз ол кезде бала болдық, есімізде ештеңе қала қоймаған. Ата-әкелеріміз үнемі Қонаевтың ауылға сапары жайлы айтып отыратын. Қазір ғаламторды ашып, керегіңді іздесең, сол сапар кезінде түсірілген көптеген бейнежазбаларға кезігесің. Биыл жиырма жылдық мерейтойымыз қарсаңында ауылға тарихи маңызы бар, елдің есінде қаларлықтай, жастарға үлгі боларлық маңызы салмақты сый тарту еткіміз келді. Ойлана келе бәріміздің де ойымыз бір жерден шығып, осы шешімге тоқталдық. Бұл тарихты таңбалап тұрған, елдің көңілінен шығар тарту болды деп есептейміз, – дейді игі істің басы-қасында жүрген түлектердің бірі Асхат Маймышов.

САУАБЫ МОЛ ИГІ ІС

Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық округі, Жібек жолы ауылындағы мектептің түлегі Ердос Иманқұловтың туған ауылына тартуы тіптен бөлек. Ол осы ауылдың тұрғыны, асыраушысынан айырылғанына 10 жылдан асқан, көмекке зәру Назгүл Райымқұловаға жеке қаражатына 6 бөлмелі, даңғарадай жаңа баспана салып берді.
Назгүл Сауранбайқызы бірнеше жылдан бері «Отырар» мейрамханасында нан пісіруші болып еңбек етіп келеді. 10 жыл бұрын жолдасынан айырылған ол баспанаға зәруліктің зардабын әбден тартқан жан. Назгүлдің кәсібіне деген адалдығы мен еңбекқорлығын байқаған мейрамхана басшысы Ердос Иманқұлов 2020 жылы «Жібек жолы» ауылынан 30 сотық жері бар, екі бөлмелі кішілеу үй сатып алып береді. Өкінішке орай, өткен жылы Қайнар әскери бөлімшесінде орын алған жарылыстан тұрғын үйдің терезесі шытынап, қабырғасына зақым келген. Жалғызбасты ананың тұрып жатқан жайына алаңдаған жас кәсіпкер анасы Ләззат Келдібекқызымен ақылдасады. Сөйтіп іскер азамат өз қаржысы есебінен жалғызбасты анаға 6 бөлмелі баспана салып берді.
Жаңадан бой көтерген тұрғын үйдің ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов құттықтау сөз сөйледі. Рамазан айында үлкен сауапты іс атқарып, мәрттік пен жомарттықтың үлгісін көрсеткен Ердостың өнегелі тірлігі жұртты жақсылық жасауға жұмылдыратындығын жеткізді. Барымен бөлісіп, кіндік қаны тамған туған жері мен ауылынан қамқорлығын аямайтын, көмекке зәру жандарға қолұшын созатын азаматты Алғыс хатпен марапаттады. Бұдан соң тұрғын үйдің лентасы қиылып, шашу шашылды. Қонақтар жаңа баспананың ішін аралап, құтты болсын айтты. Ауылдық ардагерлер алқасының мүшесі Бейсен Жүзгенбаев игі іске ұйытқы болған кәсіпкерге батасын берді.

– Ұзақ жылдар бойы ұлым мен қызымды жетелеп жүріп, баспана тауқыметін тарттым. Десе де еңбектен қол үзген жоқпын. Мейрамханада алғашында жұмысшы, кейіннен даяшы болып жұмыс істедім. Қазір наубайханада нан пісіремін. Тұрып жатқан үйіміздің жарамсыздығын ескерген Ердос Асқарбекұлы жаңа баспана тұрғызып, қажетті жиһазбен қамтып, сыйға тартқанда қуанышымда шек болмады. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, баспанаңның болғанына не жетсін. Жүрегі мен пейілі кең азаматқа аналық алғысымды айтамын. Ердос секілді жақсылық жасайтын, қайырымды да үлкен жүректі, ілкімді жастарымыз көп болсын! – дейді Назгүл Райымқұлова. Тұрғын үй жарықпен қамтылған, газ жүйесі жүргізілген. Үй айналасына евроқоршау жүргізілген.

КӨКДӨНЕНДІК ТҮЛЕКТЕР АУЫЛҒА АСХАНА САЛЫП БЕРДІ

Бірлігі мен татулығы жарасып, айрандай ұйып отырған іргелі ауылдардың бірі Т.Рысқұлов ауданына қарасты – Көкдөнен ауылы. Жуырда «Көкдөнен» ауылдық мешітінің жанынан әр жылдардағы оқу орнын бітірген 10, 20, 30, 40 жылдық түлектердің мұрындық болуымен жалпы құны 25 000 000 теңгеге салынған 250 орындық асхана ашылды. Аталмыш асхананың салынуы елді мекендегі ағайынның көз-қуанышына айналды. 250 адамға қызмет көрсететін асханада ауыл тұрғындары түрлі діни, дәстүрлі шараларға, атаулы күндерге орай ас беруіне болады .

Асхананың ашылуына ауыл әкімі Төлеген Атабаев, аудандық орталық мешіттің наиб имамы Қуаныш Түзелбеков, ауыл қариялары, ақ жаулықты аналары мен жастар ортақтасып, құдайы тамақ таратылды. Ауыл қариялары осындай жомарт түлектердің ауызбіршілігінің сақталуы арқасында зор жетістікке жетіп, бірте-бірте ауыл көркі шырайланып келе жатқандығын айтып, жастарға алғыс жаудырды. Аудандық орталық мешіттің наиб имамы Қуаныш Түзелбеков шалғайдағы ауылдан халық өз қаржысымен ауқымды асхана салып, имандылық үйі іргесінен игілікті іс тындыруы бұл асыл дінімізге деген құрметтің бір белгісі деп, осы іске ұйытқы болған барша азаматтарға алғыс айтты.

Салтанатты жиында ауыл әкімі Төлеген Атабаев сөз сөйлеп, ауыл азаматтарының жомарттығын тілге тиек етті.

– 1985 жылғы түлектер мектеп бітіргеніне 20 жыл толуына орай 300 мың теңгеге баскетбол алаңын орнатты. «Көкдөнен жері қашанда береке мен бірліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Бұл округте қай салада да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі шара сондай ауызбіршілігіміздің бір көрінісі», – деді ауыл әкімі.
Өз кезегінде сөз алған түлектер де туған ауылының көркеюінен еш уақытта аянып қалмайтындарын жеткізді. Жаңадан бой көтерген ғимарат ішін тұрғындар аралап көрсе, аналар қауымы шашу шашты. Туған ауылына тағзым етіп, сауапты іс жасаған көкдөнендік азаматтардың нәтижелі еңбегіне көпшілік куә болды. Бұл Көкдөнен ауылы тұрғындарының бекем бірлігін, тату тірлігін білдіреді. Сауапты істі қолға алып, жерлестері үшін игі іс жасаған азаматтар туған жерге деген ыстық ықыластың ерен үлгісін осылай көрсетіп берді.

«ЖОМАРТ ТҮЛЕК» ДЕП АТАУҒА ЛАЙЫҚ САРЫСУЛЫҚТАР

Өткен жылы қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы биыл Сарысу ауданында дәстүрге сай жалғасын тапты. Наурыз айында Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепте оқу бітіргендеріне алды жарты ғасыр, соңы 10 жыл болған 100-ге жуық түлек бас қосты. Тағылымды жиында әр жылдың түлектері «мектептің материалдық-техникалық базасын толықтыруға және өтпелі жөндеу жұмыстарын жүргізуге» деп қомақты қаржылай қолдау көрсетіп, үлкен демеушілік танытты. Түлектер кездесуіне аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, басқосудың маңызына кеңірек тоқталды.

– «Жомарт түлек» жобасының қолға алынғанына да бір жыл толды. Басты мақсат – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Сондай-ақ, танымал сарысулықтарды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, маңызды жобаларды жүзеге асыру. Ол үшін арнайы jambyl-tylek.kz сайты жұмыс істеп тұр. Былтырғы жылдың өзінде, аталған бағдарлама аясында біздің түлектер туған мектебіне, ауылына жалпы сомасы 71,6 миллион теңге демеушілік көрсетті. Оның ішінде 62,1 миллион теңгеге ауданда 10 жоба іске асырылды. Бұл «Жомарт түлек – жомарт жүректің иесі» екендігін байқатады, – деді аудан әкімі жүрекжарды лебізінде.

Кездесуде түлектердің барлығы лек-легімен сахна төріне шығып, көзкөрген ұлағатты ұстаздарына алғыстарын жеткізіп, жиынға қатысқан мектеп оқушыларына өмірлік ақыл-кеңестерін айтты. Еркін форматта өткен форумда, ел тұтқасын ұстаған азаматтар балалық шағын еске алысып, көңілдері босап, көздеріне жас алған сезімге толы сәттер көп болды.

ЖУАЛЫЛЫҚТАР АТҚАРҒАН САУАПТЫ ІС

Батыр Баукеңнің жерлестері де қасиетті Жуалы өңірінің даңқын асырып, туған жерді түлетуге атсалысып жүр. Әсіресе бұл үрдіс кейінгі жылдары мектеп түлектерінің арасында кең қанат жайып келеді. Мысалы, былтыр біраз жылдан бері қасиетті Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген түлектер ауыл сыртындағы зиратты қоршап сауапты іс жасаған еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Алдымен Алланың разылығы үшін, содан соң ежелден келе жатқан аруақты құрметтеуді мақсат тұтқан ауылдың жанашыр азаматтарына тұрғындардың алғыстан басқа айтары жоқ.

Жуалылық түлектер биыл да бұл үрдістен жаңылмады. Жомарт түлек акциясы аясында округке қарасты Бақалы ауылының 1975 жылы туған азаматтары Бақалы ауылында бой көтеріп жатқан жаңа мешітке ас дайындауға арналған арнайы құралдарды тарту етті. Кездесулерін туған ауылдарында пайдалы істермен атап өткен түлектердің осынау дәстүрлері өзгелерге үлгі боларлық-ақ.

ӨЗГЕ АУДАН ТҮЛЕКТЕРІ ДЕ БЕЛСЕНДІ

Мойынқұм ауданында да түлектердің ізгі тартуы жалғасын табуда. Мәселен, А.Байтұрсынов мектебінің түлектері Дина Ыбраева мен Нұрғазы Чапайұлы 300 мың теңгеге, №2 орта мектептің түлектері Эльмира Дәуренбекова, Жанна Кәрішалқызы, Болатхан Қалыбаев, Қанжарбек Қаупанов 300 мың теңгеге өз мектептерінің кіреберісін жөндеп, көркейтіп берген. Осы А.Байтұрсынов орта мектебінің түлегі, аудан әкімі Әлихан Балқыбеков жеке қаражатынан 400 мың теңге өз ауылына қолдау көрсеткен.

Шу ауданының түлектері де шамаға қарап шашылып, ауылдан ізгі көмектерін аямапты. Атап айтқанда Ақсу ауылындағы Ж.Баласағұн орта мектебінің Жалғас Балыбаев, Әділбек Салиев бастаған 20 жылдық түлектері ауыл мешітіне 4 үстел жиынтығын, мектепке 4 қабырға стендтін тарту еткен. Ал Нәуікхан Жолдасбаев, Ерболат Ізбасаров сынды аталған мектепті осыдан 40 жыл бұрын бітірген түлектер ауыл мешітіне 3 үстел жиынтығын, 120 литрлік үлкен қазанды темір ошақ сатып алып берген. Тамшыдай көмек деген сірә осы болар.

«Туған елге туыңды тік» деген даналық сөзді ұстаным еткен Жамбыл аудандық жомарт түлектер де осынау игі іс-шарадан қалыс қалмады. Түлектердің бір жағы ауылдарына тарту жасаса, енді өзгелері алтын ұяларына қамқорлық танытуда. Бір ғана Жасөркен ауылының өзінде түлектер «Жомарт түлек» жобасы аясында өздері білім алған Төле би орта мектебіне бірқатар тарту жасады. Мәселен, 1995 жылы дүниеге келген түлектер 10 жыл толуына орай мектеп алдына 700 мың теңгеге брусчатка төсеп берсе, 1975 жылғы түлектер 30 жыл толуына орай мектеп ауласына 400 мың теңгеге орындық орнатты. Сонымен қатар жасөркендік 1985 жылғы түлектер 20 жыл толуына орай ауылға 300 мың теңгеге баскетбол алаңын орнатуды қолға алды. Қазір аталмыш спорттық алаңның құрылыс жұмыстары бітуге таяу.

Қордай ауданында да мектеп түлектерінің белсенділігі төмен емес. Кеңес ауылында 1983 жылғы түлектер ауыл мешітіне 2 миллион теңге қаржыға асхана, Отар ауылдық округінің 2002 жылғы түлектері де аталған ауылдағы «Атамқұл» мешітіне 9 миллион теңге қаржыға асхана салып беруді көздеп отыр.
Меркі ауданында Ақарал ауылының 20 жылдық түлектері ауыл мешітіне қаржылай көмек беріп, ауылыма имандылық нұрын шашсын деген ниеттерін білдіруде.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.