1 МИНУТ ШЕГЕДЕ ТҰРУ – 1 ШАҚЫРЫМ ЖҮГІРГЕНМЕН ТЕҢ

0 28

Бүгінде қоғамда, әлеуметтік желілерде шеге терапиясы туралы көп айтылып, көп жазылып жүр. Алғашында әлеуметтік желіден адамдардың тізіле үшкір шегелер қағылған тақтаның үстіне шығып, қиналып, жылап тұрған видеосын көргенде түсінбей қалғанымыз да жасырын емес. Естуімізше, садху немесе шегеде тұру терапиясының адамның денсаулығына пайдасы зор.

Бүгінде Тараз қаласында да шегеде тұру терапиясына жүгінетіндердің саны өсіп келеді. Терапиямен айналысып жүрген маманның бірі – Ақерке Жаманқара.

– «Болашақ» медициналық колледжін тәмамдағаныммен дәрігер боламын деген асқақ арманыма жете алмай, басқа саладан бір-ақ шықтым. Дегенмен одан сағым сынбады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне жер мамандығы бойынша грантқа оқуға түсіп, «қызыл дипломмен» бітірдім. Мұнымен тоқтап қалмай оқуымды жалғастырып, техника ғылымдарының магистрі атандым.

Ал садху терапиясына өзімнің басыма сынақ түскенде бет бұрдым. Осыдан екі жылдай бұрын ойда жоқта анам дүниеден озып, түс көргендей жағдайда болдық. Өмірімнің астаң-кестеңі шығып, 3 айдай жатып қалдым. Ешкімді көргім келмей, өмірімнің мәні кеткендей болды. Дәл сол сәтте жұмыстан да босадым. Бірақ Алланың қалауымен ғаламтордан шеге терапиясын тауып алдым. Зерттеп, өзіме қолдансам деген мақсатпен, шегеге тұруға бел будым. Таразда Индира есімді маман терапиямен айналысады екен. Өзіңіз де интернеттен шегеде тұрған адамдардың қиналып, жылап тұрғанын көрген шығарсыз. Бірақ шегеге тұрғанда өткірлігін мүлдем сезінбедім. 45 минуттың қалай өткенін де түсінбей қалдым. Қайта жаным рахаттанып, босағандай болдым. Бірақ мұның өзі маған аз болды. Әрмен қарай ізденіп, Нұр-Сұлтан қаласына бардым. Елордада шеге үстіне екінші рет тұрғанда бойымдағы ауыр сезімнен құтылып, өмірге деген көзқарасым өзгергендей болды. 2 күндік оқуын да оқып келдім. Колледжде медицина саласы бойынша білім алғаным да терапияны бірден меңгеріп кетуіме көп септігін тигізді.

Әрине, шегенің үстінде тұрып, анамды ұмытып кеттім дей алмаймын. Ананың орны бөлек қой. Тек тағдырдың жазғанына көніп, адамның өмірі қамшының сабындай екенін, қанша жақын адамымыз болса да ерте ме, кеш пе, уақыт келе қоштасатын күннің туатынын ұқтым. Осыған көз жеткізуге шеге терапиясының көмегі көп тигенін жасырмаймын.

Қазіргі таңда мұнай зауытында мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Қаншама рет «енді адамдарды емдемеймін» деп шешім қабылдасам да жеме-жемге келгенде ойымнан айнуға мәжбүр боламын. Осы уақытқа дейін 50-ге жуық адамның жанымен қатар тәнін де емдедім. Ендігі мақсатым – қазақ әйелдеріне көмектесу, қолдау беру, – дейді Ақерке Жылгелдіқызы.

Жалпы шегеде тұру терапиясы Үндістаннан бастау алған. Денсаулыққа пайдасы орасан. Адамның табанында 70 мыңнан астам жүйке нүктесі бар. Сол нүктелерді басу арқылы қан айналымы жақсарады, гормондар қалпына келіп, ұйқы, бүйрекүсті безінің жұмысы дұрысталады. Барлық сезім мүшесінің жұмысына оң әсерін тигізеді. Шегеде тұру көптеген ауруға ем. Себебі көп ауру қан айналымының дұрыс болмауынан туындайды. Ақерке Жылгелдіқызының айтуынша, кез келген адам шегеге бірден тұра алмайды. Алдымен мақсат, рухани дайындық керек екен.

– Алғашында шеге терапиясын жақындарыма қолданып жүрдім. Ал қазір әртүрлі жастағы адамдар келеді. Көпшілігі 25-45 жас аралығында, ең жасы – он төртте. Садхумен тұрақты айналысқан адам күйзелістен алыс жүреді. Яғни тұрақты түрде айналысқанда нәтиже болады. 1 минут шегеде тұру – 1 шақырым жүгіргенмен тең.
Жалпы күнделікті өмірде біздің қозғалысымыз баяу. Көп жүгірмейміз, жаттығу жасамаймыз. Адамның денесіндегі кейбір гормондар қозғалыс болмаған соң ұйықтап қалады. Ал шеге терапиясы жасалғанда табандағы 70 мың нүкте оянады. Оянған кезде адамның ішінде алай-дүлей бүкіл қан айналымы жүгіре бастайды. Яғни адамға күш-қуат береді. Мидағы өзіміз қойып алған «блоктарды» шешеді, – дейді Ақерке Жылгелдіқызы.

Қазір садху тақтасын сатып алып, өз бетімен айналысатындар да бар. Алайда Ақерке бастапқы уақытта мамандармен, йога жаттықтырушысымен жұмыс істеуге кеңес береді. А.Жылгелдіқызының айтуынша денсаулығында қарсы көрсетілімдері бар адамдарға шеге йогасымен айналысуына болмайды.

– Психикалық бұзылуларда, органикалық жүрек ауруларында, қан ауруларында, қатерлі түзілімдерде шеге йогасы үшін уақытша қарсы көрсетілімдер бар. Созылмалы аурулары барлар, отадан кейінгі кезең, толық асқазан ауруы барларға тыйым салынады. Жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналарға да уақытша айналыспай тұруға кеңес беремін. Табан терісінде проблемалары бар жандарға да рұқсат етілмейді, – дейді А. Жаманқара.

Шеге терапиясы физикалық қана емес, психологиялық терапия. Тұрақты айналысқан адам күйзелістен алыс жүреді, иммунитеті көтеріледі, ағзада зат алмасу процесі жақсарады. Сонымен бірге сергектік сыйлайды, ұйқыны қалпына келтіреді, денеге қуат береді, қанды ретке келтіреді, табандылықты дамытады, шыдамдылықты шыңдайды. Егер жалқаулықтан құтылып, жігеріңізді шыңдағыңыз келсе, өміріңізді және өмірге деген көзқарасыңызды өзгерткіңіз келсе, бәлкім сіз де шегеге тұрып көрерсіз, құрметті оқырман?!

Айжан ӨЗБЕКОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.