ТОЙ-ТОМАЛАҚ ПЕН АС-ЖИЫННЫҢ МӘНІН КЕТІРМЕЙІК

0 33

Соңғы жылдары елімізде өткізіп жүрген той-томалаққа қатысты жөн-жоралғы түгелдей шоу бизнеске айналып кеткені баршамызға мәлім. Көп жерде ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміздің бұзылғаны былай тұрсын, мұның халыққа, жастарға кері әсерін тигізіп тұрғанын несін жасырамыз? Осы той-томалақтың арқасында әнші, биші секілді жұлдызсымақтар да ұрпақ алдында өздерінше жеке-дара соқпақ жасап жатқаны көңіл қынжылтады. Кіп-кішкентай асабасымақтардың көп алдында арақ-шарапқа еліткен қонақтарды пайдаланып, оларға той төрінде асыр салғызып, жалаңаш бишілерді дүйім жұрттың алдында билеткізуі дұрыс емес.

Бесік тойының да берекесін қашырып біттік. Ұлы қазақтың қасиетті де киелі бесігін мейрамхана, тойхана деп аталатын «шайтани үйіне» көтеріп келіп, нәрестені бесікке бөлеу ырымын жасу белең алғалы қашан? «Тұсау кесер», «тіл ашар», «сүндет» тойларда дүркіреп өтуде. Бұл жерде менің айтайын дегенім, бір қолымыз бір шөлмек арақтың мойнында тұрып, екінші қолымызбен бет сипаған батамыз қабыл бола ма? Ары қарай да арақ-шараппен айтар тілегімізді айтып тойлай береміз. Сондықтан дәстүрімізге сәйкес «бесікке бөлеу», «тұсау кесер», «сүндет» секілді той қуанышы, қазақи қалыппен, ұлттық ырым, салт-дәстүрге сай әр адамның өз от басында, әулет, көрші-қолаң арасында жасалып, ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталарымыздың ақ батасы берілуі керек. Сонда балаларға беріліп жатқан ақ бата да қабыл болады деп ойлаймын. Ал кейінірек сол кішкентайлардың ата-анасы осы сәтін ресторанда атап өтем десе, өздерінің жора-жолдастарын, құрдастарын кафеге шақырып, қуанышын бөліссе жетеді. Атасы мен апасы да атап өткісі келсе олардың да жақын достарын, құда-құдағиларын шақырып, кішігірім отырыс жасаса дұрыс болмақ. Арақ-шарап ағыл-тегіл ағылып жатқан жерге бала-шағаны араластырмаған жөн.
Қазіргі кезде жастардың денсаулығының төмендігі, (әскердегілердің 50 пайызы) білімінің таяздығы сынды тағы да сондай кемшілікке балалы нәресте кезінен бастап ырду-дырду, жын-перінің ұясына айналған мейрамханалардағы арақ-шараппен араластырып, тойлап жатқанымыздың кері әсері бар шығар деп те ойланамын кейде. Берілген ақ батаның да кейде қабыл болмай жататыны да содан шығар. Мысалы, өзім, ағаларым, інілерім, қарындастарым бөленген, ағаштан жасалған бесік осы күнге дейін қара шаңырақтағы үйдің төбесінде (чердак) ілулі тұр. Және де сондай жағдай әр үйде де бар.
Қызы тұңғышын босанғанда төркіннің бесік апаруы бұлжымас заң. Бірақ қазір нағашылары әр нәрестеге бөлек-бөлек бесік әкелетін үрдіс шығарды. Бұл нағыз ысырап. Бұдан бөлек бұрын бесікті әйелдер әкелетін. Қазір еркектер де «Құтты болсынды» желеу етіп, бесік әкелген қатын-қалашқа еріп келетін жағдайға жетті.
Қыз ұзату тойы да мүлде басқаша сипат алып барады. Қазір бұл той да қас қарая басталып, жігіт жақ келіндерін түнгі 12-де алып кетіп жүр. Бұл ұғым қате. Тіпті тарихта болмаған. Қазақтың аналары өз қызын ешқашан жарым түнде үйінен шығарып салмаған. Керісінше күндіз қызын күннің нұрлы шуағымен ұзатып салатын болған. Бұрын баланы бесіктен атастыру салты болғанын білесіздер. Қыз бой жеткенде ата-анасы атастырған жігітке ақ батасын берген, күйеу жақ келініне күндіз босаға аттаттырған. Ал қыздың түнде кетуі, ата-ананың ақ батасын алмай, үйінен сүйгенімен бірге қашып кетуімен байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан дәл осы заманда қалыптасқан бұл үрдіс өте қате. Өйткені қазір бұрынғыдай заман жоқ. Әр қыз өзі қалаған адамына тұрмысқа шығып жатыр. Демек қыз үйінен қашып бара жатқан жоқ, ата-ананың разылығымен жат жұрттың босағасын аттауда. Егер той амалсыздан түнде болды деген күннің өзінде, онда қыз үйіне келіп түнеп, таң атқан соң асықпай, ата-анасының ақ батасын алып өзінің өмірлік жолына түсуі тиіс.
Тағы бір айта кетер жайт, ысырапшылдыққа тоқтау салу керек. Бұл көрші өзбек ағайындарда бар. Бізде қалай? Біз қыздың қалың малын бір береміз, тойға тағы шашыламыз. Оданда сол шашылатын ақшаның барлығының басын құрап, жас жұбайларға баспана немесе көлік алып берсек, бұл жас отбасына айтарлықтай көмек әрі сауапты іс болар еді. Осыны жандандырса, бұл бізді төрге оздыратын еді. Біздің өңірдегі тойханаларымыздың да көбісі өзбек ұлтына тиесілі. Қазақ той тойлай бергенше сол тойхананы неге өзі ашпасқа?! Ақшасын апарып біреудің қалтасына құйып бергеннен не пайда? Бұлай қазақтан басқа ешкім тыраштанып жатқан жоқ.
Соңғы жылдарда тойдың сан түрі көбейіп, ысырапшылдық кең етек жайды. Осыған бір тоқтам салар кез жеткен секілді. Бірақ осының бәрін билік және билік басындағы идеология кураторлары әдейі жасап отырғандай. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» (ақсақал, зиялы қауым) болмаған соң, осылай салт-дәстүрімізді де бұза бастадық. Қазір билік басындағылар бір бөлек, халық бір бөлек сарында күн кешіп жатыр. Үкімет әдейі халқымыз өздерінің той-думанын жасап, күліп-ойнап, соған мәз болып, саясатқа, айналада болып жатқан кері әсерлерге көңіл аудармасын деп істеп жатқан жағдайын да осы көзі ашық зиялы қауым, ардагерлер біліп отыр. Бірақ соны біле тұра үндемейді, қайта қолдап отыр. Той жасау да қазіргі кезде оңай емес, сол баяғы «елден қалмайық», «ұят болады» деумен жүгіріп жүрген халыққа саясаттың керегі жоқ қой. Қалай әл-ауқатын көтермек? «Жиған-тергенің тойға шашылсын!», «Басқа тойды тойламасаң тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын!» деген ән мәтінін де шығарған осы идеология кураторлары екені даусыз.
Екінші деңгейлі банктерден несие алып, той жасағандар арамызда жетеді. Үкіметіміз қолдап өзінің халқын осындай былықтарға итермелеп, жоғарғы пайызды несиеге жұрттың белін белшеден батырып жатқаны да белгілі. Осы зиялы қауым ағалар, ақ жаулықты аналарымыз тойды өзіміздің салт-дәстүрімізге сәйкес етіп өткізу туралы, той-думанды азайту туралы жастарға ақыл айтса құба-құп болар еді. Шындап келгенде тойға себепші болып жатқандар жастар ғой.
Құдайы тамақ, ас беру жиындарының да мәнін тарқату таңды-таңға ұрып қозғайтын әңгіме. Бұл да ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрдің бірі. Бақилық болған кісілердің аруағына арнап мал сойып, Құран бағыштап жатамыз. «Өлі риза болмай, тірі жасамайды» деген мақал болған қазақта. Бұл мақалдың да «жасамайды» деген жерін қазіргілер «байымайды» деп бұзып айтып, рухани байлықты, материалдық байлықпен алмастырып қойды. Сондай-ақ құдайы тамақ азаматтардың әскерге кетер, не келер шағында, қонысқа көшкен кезде, туған күнді атап өтер кез секілді осыған ұқсас өмірдің маңызды сәттерінде беріліп жатады. Осы құдайы тамақтың Әулиеата өңірінде қалай өтетіні баршаға аян. Шақырылған молда бастапқыда бір Құран оқиды, кей молдалар аздап уағыз айтады. Қалған уақытта дастарқан басында бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, қысыр сөзге ерік беріп, аяғында саясат, тағы да басқа тұрмысқа қатысты шаруаларды қаузап отырады. Ал құдайы тамақты беріп жатқан себепші азаматқа жақсы тілек арнап, келген қонақтар тарапынан неге ақ бата берілмеске? Ас аяғында молдамыз тағы бір Құран оқып, ақсақалды аталарымыз ас қайырып, бата бергенде ғана «Әумин!» деп көпшілікпен бірге бетімізді сипаймыз да қоямыз. Қалған уақыттың бәрі бос әңгіме-дүкен құрумен өтеді. Ал сол дастарқан басында шайтанның суы, яғни арақ тұрса, сіз-біз десіп силасып, бір-бірімізге сөз кезегін беріп, тілек айтар адамның қарасы мол болар еді. Сонда ізгі ниет, жақсы тілектер осы арақтың арқасында ғана айтылуы тиіс пе? Түсініксіз жағдай! Бір қолымызбен стақан ұстап, екінші қолымызбен «Періштенің құлағына шалынсын!», «Айтқаның келсін!» «Әумин!» деп бетті сипап жатамыз. Арақпен алыстырып, ақ бата, тілекті ащы сумен қағыстырып айтып жатқан ізгі-арман тілектеріміз қабыл бол ма? Менің айтпағым, осындай көпшілік жерлерде бір-бірімізге жақсы тілек айтып, үлкендер ақ батасын беріп отырса, жастарға тәрбиелік мәні зор болар еді. «Қырықтың бірі Қыдыр» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған.
Мәселен, дастарқанымыз аруаққа Құран бағыштау мақсатында жайылған болса, тірі кезінде жасаған жақсы амалдарын, атқарған қызметін, елге сіңірген еңбегін сөз етіп, оны артында қалған ұрпағына үлгі етсе. Еске алып, ас беріп отырған үрім-бұтағына жақсы тілек айтып, әскерге кетіп не әскерден келген азаматтарға, жақсы қонысқа көшіп немесе жаңа отау құрып жатқан отбасына жиналған қауым арақсыз-ақ, ізгі тілек-ниеттерін арнаса қандай ғанибет!

Амантай ДОСМАХАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жүргізушілер одағы
облыстық филиалының төрағасы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.