КӨКПАРДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ҚЫЗА ТҮСТІ

0 96

Жамбыл облысында ересектер арасында көкпардан және аударыспақтан XXI Қазақстан Республикасының чемпионаты жалауын көтерді. Тас тақым, құрыш білекті, тарамыс сіңірлі балуандардың бәсекесіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және барлық облыстардан командалар қатысуда.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Мұхтар Имашев мемлекеттік қолдаудың арқасында атадан балаға жалғасқан ұлттық ойындарымыздың көкжиегі кеңейіп, тынысы ашылғанын айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыстың алғашқы күні 14 команда өнер көрсетті. Әсіресе көкпардан ел чемпионатының 11 дүркін жеңімпазы «Әулиеата» мен «Атырау» командаларының кездесуі көкпарсүйер көрерменді ерекше тәнті етті. Қос команда да чемпионатқа тастүйін дайындықпен келгенін алғашқы минуттардан-ақ делелдеді. Дегенмен мықтының аты қашанда мықты. Жамбылдық шабандоздар көрерменге нағыз сайысты көрсетіп, қарсыластарын 7:2 есебімен тізе бүктірді.
Екінші жарыс күні чемпионаттың ең басты фавориттері саналған «Әулиета» мен түркістандық «Тұран» командалары көкпардың көрігін қыздырды. Түркістандық көкпаршылар алғашқы салымды салып, есепте алға шыққанымен бұл басымдығы ұзаққа созылмады. Қорғаныс шебінде де, шабуыл өтінде де өте сауатты қимылдай білген жамбылдық жігіттер бірінен кейін бірі салымды болып, уақыт өткен сайын есеп айырмасын ұзарта түсті. Қос таймның қорытындысы бойынша 10:3 есебімен жеңіске жеткен «Әулиеата» командасы чемпиондыққа бір табан жақындай түсті.
Чемпионат 30 сәуірге дейін жалғасады. Ал жігіттердің ептілігі, естілігі мен күш-қайраты таразыға салынатын аударыспақта спортшылар 57, 62, 68, 74, 82, 91, 10, +100 келі салмақта сынға түседі.

Талғат НҰРХАНОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.