Асыраушы салаға қомақты қаржы бөлінеді

0 61

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің облыстағы іссапары барысында «Меркі қант зауыты» ЖШС өкілі осылай деп мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен облысымызда болды. Министрдің іссапары Шу ауданындағы «Химпарк Тараз» АЭА аумағында салынып жатқан «QYZYLSHA» ЖШС қант зауытының құрылысымен танысудан басталды.
Жоба директоры Заманбек Мирзояновтың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 148 800 тоннаны құрайды. Оған қажетті шикізат қоры – 1 миллион тонна. Зауыт іске қосылғандағы күндік қуаты 8 мың тонна қант қызылшасын өңдеу. Жоба құны 92,3 миллиард теңге. Жұмысшы саны – 260 адам. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, зауыт алаңы дайындалып, жол жабыны төселіп, құрылысшыларға арналып жатақхана мен құрылыс жабдықтарын сақтайтын қоймалар салынған. Жобаны аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Зауытқа қажетті шикізат қорын дайындау үшін 70 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу көзделген. Оның 30 мың гектарын серіктестік өз егістік алқаптарында өсірсе, 40 гектарын шаруа қожалықтармен келісімшарт жасасу арқылы дайындамақ. Серіктестік зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан, кейбір жабдықтарын Қытайдан алдыруда.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев облысқа жасаған жұмыс сапары барысында аймақтың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Басқосуға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында министр өңірде ауыл шаруашылығы саласының табысты дамып келе жатқанына тоқталды. Қазіргідей науқан уақытында көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы өткізу маңызды міндеттердің біріне жататынын атап өтті.

– Бұл облыс еліміздің аграрлы өңірлерінің бірі екені мәлім. Жоспарланған көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақындап қалды. Екі күнде бірқатар аудандарда болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып қайттым. Осы өңірде ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 760 мың гектарға орналастыру жоспарланған екен. Өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 9,2 мың гектарға көп, – деді Ербол Қарашөкеев.

Ол өз кезегінде еліміздің Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ауыл шаруашылығы саласын қолдау шаралары мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.

– Өткен жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет тарапынан берілген тапсырмаға сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмысын жүргізуде. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалып, олар жұмыс тобының отырысында талқыланды. Алайда әлемдік азық-түлік нарығындағы ахуалға байланысты және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді келесі жылдың бірінші қаңтарына ауыстыруды ұсыну туралы шешім қабылданды. Яғни биыл бар шаруа өзіміздің қалыптасып отырған субсидиялау жүйесі арқылы атқарылатын болады, ештеңе өзгермейді. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ағымдағы жылы қомақты қаржы бөлінбек. Мәселен, 310 миллиард теңге субсидия, оның ішінде өсімдік шаруашылығына 79,7 миллиард теңге, мал шаруашылығына 100,8 миллиард теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге 8,4 миллиард теңге, қажетті құралдарға 120 миллиард теңге бөлу биылғы бюджетке сәйкес көзделіп отыр. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға қосымша 298,1 миллиард теңге бағытталатын болады. Қазір республикалық бюджеттің нақтылану процесі аяқталуда. Сол себептен оның алдында бөлінген 300 миллиард теңгеге тағы да 300 миллиард қаржы бөлініп жатыр. Нақтыланып біткен соң, қаржы салаға жұмсалатын болады, – деді Ербол Шырақбайұлы.

Басқосуда облыстық «Ынтымақ» фермерлер қауымдастығының төрағасы Медет Айтпаев сауалдары мен бірқатар ұсыныстарын жолдады. Субсидиялау ережесіне енгізілетін өзгерістер, нақтырақ айтқанда, субсидияны шаруаларға 6 пайыз емес, 4 пайызға түсіруді ұсынды. Сонымен бірге субсидия алуда шаруа, әкімдік, қаржы институты арасындағы үшжақты келісімшарттың қолайсыздығын алға тартты.

– Қазір әкімдік тарапынан субсидия ай сайын төленіп отырған жоқ. Кейде ол жылдың басында немесе аяғында төленеді, сондықтан шаруа 17-20 пайызды өз қалтасынан төлеп отыр. Егер сіздер мұны 21 пайызға дейін көтеретін болсаңыздар, оны шаруа төлей алмайды. Егер алған несиесін шаруалар уақтылы қайтармаса, оларға ешқандай қаржы ұйымы қаражат бермейді. Бұл да үлкен мәселе, – деген ол қауымдастыққа қарасты шаруалардың атынан тағы бірнеше мәселе көтерді.

Қауымдастық төрағасының қойған сұрақтарына жауап берген министр алдағы уақытта бұл мәселелерді жеке бақылауына алатынын алға тартты.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, оның ішінде мал шаруашылығы саласы мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау, жайылымдық жерлерді бөлу, ауыл шаруашылығы жерлерін суландыру, субсидия алу, ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты мәселелер талқыланды.

«Кездесу барысында айтылған ұсыныстарды Ауыл шаруашылығы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдар егжей-тегжейлі қарастыратын болады», деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы Нұржан Нұржігітов.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.