Жаңалықтар

«Даму» қоры кәсіпкерді қолдады

«Даму» қоры кәсіпкерді қолдады

Бүгінде мемлекеттік қолдауға иек артып, кәсіп ашып, табыс тайқазанын тасытып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Әсіресе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы елімізде кәсіпкерлік саласының қанатын кеңге жаюына айтарлықтай ықпалын тигізуде. Тараз қаласының тұрғыны Нағима Аманхожақызы да «Даму» қорының қолдауының арқасында кәсібінің аясын кеңейтіп, тірлігін тіктеп отыр. Жалпы «Нұрсейітова Нағима Аманхожақызы» жеке кәсіпкерлігі 2005 жылы тіркелген. Бұған дейін көтерме саудамен, дәнекерлеу жұмыстарымен, жүк тасымалымен айналысқан. 2021 жылы кәсіпкер өз қаражатына қағаз майлықтар шығаратын жабдықтар сатып алады. Ал 2022 жылы дәретхана қағазын шығаратын жабдықты сатып алуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, кәсіпкер Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалына барып, егжей-тегжейлі ақпаратқа қаныққаннан кейін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на несие алу үшін жүгінеді. Несие 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның бағдарламасы бойынша жабдық сатып алу және айналым қаражатын толықтыру үшін мақұлданады. Кәсіпкер үшін несие мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құрады. Сондай-ақ кәсіпкер «Даму» қорының кепілдігіне қол жеткізеді. Бүгінгі таңда цехта 10 адам жұмыс істейді. Ауысымда цех 100 блокқа дейін қағаз майлық шығарады. Т.Берікбайұлы