Мал дәрігері малшыға ғана керек емес
Мал дәрігері малшыға ғана керек емес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке ветеринария саласын да жетілдіруді тапсырған болатын. Аталған маңызды құжатта Президент: «Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», деген еді. Президент тапсырмасынан кейін салаға көңіл бөлініп, қордаланған мәселелер шешімін табуда. Аудандағы тәжірибелі мал дәрігерлерінің бірі – Қарабастау ауылының тұрғыны Нұрлан Акишев. Нұрлан Жұмабайұлы басшылық ететін ауылдағы ветеринарлық пунктте сегіз маман жұмыс істейді. Оның екеуі жоғары білімді мал дәрігері, төртеуі мал дәрігерлік фельдшер, екеуі мал дәрігерлік санитар. – Мал дәрігері мал мен адамға ортақ жұқпалы аурулардың 24-25 түрі бойынша алдын алу және профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Ауылға келген-кеткен малдарды есепке алып, сырғалап, есептен шығару, жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан қорғау жұмыстарын атқарамыз, – дейді мал дәрігері. Нұрлан Жұмабайұлы мектеп бітірген соң Алматыдағы зооинженерлік институтта оқып білім алады. Әскер қатарында болып, запастағы офицер шенін алады. Еңбек жолын совхозда бастайды. Аудандық аумақтық инспекцияда ветеринарлық инспектор болып еңбек етеді. 2014 жылдан бастап ауылдағы ветеринарлық пунктте меңгеруші болып қызмет етуде. – Мал дәрігері уақытпен санаспай еңбек ететін маман. Мал дәрігері де медицина қызметкері сияқты күндіз-түні халыққа қызмет етеді. Біз таң ата салысымен ауылды, таудағы малшыларды аралап, малдарды емдейміз. Тұрғындар тарапынан қай кезде шақырту келсе, сол сәтте көмек көрсетуге жиналамыз. Халқымыз ежелден бір-бірімен амандасып, жағдай сұрасқанда: «Мал-жан аман ба?» деген. Яғни негізгі кәсібі, күнкөрісі малдың халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ көруге болады. Әкем қой бақты. Бала кезімізден малдың арасында өстік. Әрине, мен ғана емес, ауылдағы қазақтың бәрі сондай. Сондықтан төрт түліктің барлық жағдайы бізге жақсы таныс. Яғни туыла салысымен малдың әрбір сәті көз алдымызда. Ауырып қалса, ата-анамыз мал дәрігерін шақырып, ем-домын жасап жатады. Малға жақын ауылдың баласы болғандықтан мал дәрігері болуға қызықтым. Арманымның жетегімен мектеп бітірген соң оқуға Алматыға жол тартып кеттім. Барлық мамандыққа терең білім, үнемі ізденіс қажет. Неғұрлым көбірек оқыған сайын, мамандығыңның қыр-сыры ашыла береді. Мал дәрігерлері жануарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды, малдан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерге бақылау жүргізіп, өнімдердің жарамды-жарамсызын айырады. Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады. Бұл мамандықта асау малдарды емдегенде жарақат алып қалмау үшін өте сақ, мұқият, ұқыпты және ауруды өзіңе жұқтырып алмас үшін тазалықты талап етеді. Әр аурудың клиникалық сипаттары болады. Мал қай жері ауырғанын айта да, көрсете де біледі. Оны әрине, жай адам түсіне бермейді. Шын дәрігер ғана оны жақсы түсінеді. Малдың ауруын клиникалық диагностика арқылы, яғни тыңдап, ұстап көру, көру арқылы анықтайсың. Аурулардың екі-үш түрлі симптомдары бірдей болады. Сондықтан нақты диагноз зертханалық тексеру арқылы қойылады. Мал дәрігері өлген малды да патологиялық, анатомиялық дәлелдемелер арқылы сойып, жарып көріп, ауруға дәлелдеме жасайды. Әр елді мекеннің ерекшелігі болады. Яғни эпизотиялық жағдайға байланысты экзотикалық ауруларды бақылап отыру да маңызды жұмыстардың бірі. Жалпы, мал дәрігерінің жұмысы қиын. Сондықтан бұл мамандықты жақсы көрген адам ғана меңгере алады. Көптеген жастар мал дәрігері мамандығы бойынша оқығанымен, бітірген соң басқа жұмыс істейді. Мал дәрігерлері көптеген қиындықтарды бастан өткізді. Қоғам ешқандай көңіл бөлмей, керексіз күй кешкен кездеріміз де болды. Бірақ мамандығымызды жақсы көргендіктен қол үзбей жұмыс істей бердік. Соңғы жылдары ветеринария саласына көңіл бөлініп, ветеринарлар қамқорлықты сезіне бастады. Осы орайда тамақ қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен алғысымды білдіремін, – дейді тәжірибелі мал дәрігері Нұрлан Жұмабайұлы. Жалпы, ветеринария саласының міндеті – жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эпизотиялық жағдайларды қалыптастыру, халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізу және жануарларға ветеринарлық паспорт беру, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою. Яғни қоғамда елеусіздеу мамандық болғанымен адамзаттың денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген мал дәрігері мамандығы қай кезде болсын сұранысқа ие болып қала бермек.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, Жуалы ауданы