Жаңалықтар

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қызығына қарағанда қиындығы көп мамандықтың бірі құтқарушылар десек, ешкім дау айта алмас. Әр тәуліктің 24 сағатында кезекшілікке түскенде қауіппен бетпе-бет келуге даяр тұратын құтқарушылардың жұмысы жұртшылық алғысына лайық. Тілсіз жауды тізгіндеп, суға батқанды құтқарып, сел мен тасқынға төтеп беріп жүрген сала мамандарының тынымсыз еңбегі қашанда бағалауға лайық. Қазіргі таңда саланың мамандарын барынша құрметтеуге, еңбегіне әділ баға беруге тырысып келеміз. Елімізде жыл сайын құтқарушылар күнінің атап өтілуі де қиындығы мол сала мамандарына деген құрмет. Алайда әр істің өзінің маманы болады. Бұл машақаты мол мамандық иелерінің де ішінде өз ісінің майталмандары жетерлік. Оларды көпшілікке таныстыру, еңбегі мен ерлігін үлгі ету – біздің міндетіміз. Сондай жанның бірі – Шу қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі, азаматтық қорғау прапорщигі Жандос Жұмырбай. Өртсөндіруші көлігін тізгіндейтін Жандос Жұмырбай 1978 жылы Шу ауданына қарасты Шоқпар ауылында дүниеге келген. Шоқпар ауылындағы мектепті бітірген соң Алматы қаласында «Теміржолшы» мамандығы бойынша білім алған. Әскер қатарына шақырылған Жандос Сейітқұлұлы 1999-2001 жылдар аралығында Теміртау қаласында азаматтық борышын өтейді. Ол алғашқы еңбек жолын Алматы облысының Райымбек ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде бастайды. Аталған бөлімде 4 жыл қызмет істеген кейіпкеріміз 2006 жылдың шілдесінде туған жерге оралады. Содан бері Шу қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде табан аудармай қызмет етіп келеді. Жиырма жылдық тәжірибесі бар жүргізуші жұбайы екеуі бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. – Қызмет барысында ең бірінші жүргізген көлігім «ЗИЛ 130» маркалы техника болды. Алғашқы дабыл қағылып, шақыруға бара жатқандағы қобалжуымды әлі ұмытар емеспін. Жұмыстың алғашқы күндері қасымда аға жүргізуші болатын. Ақыл-кеңесін беріп, үйренгенше екі ауысымдай жанымда болды. Бұйрығымды алмастан бұрын осы істің қыр-сырын үйреніп, оқуын оқыған едік. Іс жүзінде басқаша екенін сонда түсіндім. Өйткені цистерна толы сумен тез жүргенде көлік те шайқалатынын, оны басқару оңай еместігін сезіндім. Мұның барлығының түйіні тәлімгерімнің кеңесімен тарқатылды. Содан бері жылдар жылжып ағып, зейнеттік демалыс жақындап қалғанын сезбей де қалыппын, – дейді Жандос Сейітқұлұлы қызметінің бастапқы жылдарын есіне алып. Бүгінде ұжымның ардагеріне айналып отырған Жандос Жұмырбай азаматтық қорғаудың соңғы прапорщигі. Себебі бұдан кейін мұндай шен кейінгілерге берілмейтін көрінеді. Әкесінің киімін, жүріс-тұрысын жақсы білетін ұлы да келешекте құтқарушы болуды қалайды. Көрген-түйгенін үйретуден жалықпайтын сақа жүргізуші жас әріптестердің ілтипатына дән риза. Үйден аман-есен оралсам деген арманмен шығатын кейіпкеріміздің әрбір күні болжай алмайтын оқиғаларға толы болады. Басты қызметі өрт сөндіру көлігін басқару болған Жандос Жұмырбай барған жерінде әріптестеріне жәрдем беруге дайын тұрады. Өйткені су ағызу, саты құруға көмектесу, тағы да басқа шаруалардан шет қалмайтын Жандос Сейітқұлұлы өкінішті жағдайларға да талай рет куә болған. Ж.Жұмырбай өзіне жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген саладағы ұстаздарын ешқашан ұмытпайтынын айтады. Шуға келгенде оған Тілеужан Искаков, Тілек Сәуеев, тағы да басқа қанаттастары көп көмектескен. Жетісудан келген Жандосқа көше аттарын жаттауға, басқа да таңсық дүниелердің сырын білдіруде аға буын аянып қалмаған. Сонымен қатар ол көлік айдаудың да машақатының оңай емес екенін жеткізді. Өйткені кейде шұғыл шақыртулар келіп түскенде оқиға орнына тез жету үшін жолдың ашық болуы маңызды. Ал оны кей жүргізушілер түсініп жол берсе, кейбірі кесе-көлденең тұрып алады екен. Дегенмен Жандос бұрынғыға қарағанда халықтың көзқарасы дұрысталып келе жатқанын айтады. – Бұрын көліктер бізге жол беруге асықпайтын. Қазір шұғыл шақыруларда дабылды қоссақ, көліктер шетке ығысып, бізді алға шығарып жүр. Сол үшін халыққа алғыс айтқымыз келеді. Кейде бағдаршамның қызыл түсіне тоқтауға тура келеді. Бұрын өтуге болатын. Кейін оған шектеу қойылды. Өйткені жол-көлік оқиғасына ұшырауымыз мүмкін. Осы себептер оқиға орнына жетуге сәл кедергі келтіреді, – дейді Жандос Жұмырбай. Расында, осы салада еңбек ететін барша жанды жүрек жұтқан деуге болады. Олардың қызметі мен қадірін соңғы жылдары елімізде болған оқиғалар бәрімізге түсіндірді. Сондықтан ұлыңыз, болмаса жұбайыңыз, аға немесе ініңіз құтқарушы болса, батыр деп қолдарын қысып қоюдың еш әбестігі жоқ. Қашанда тілсіз жауды тізгіндеген батырларымыз аман болсын! Шапағат Әбдір Шу қаласы