Сертіне адал СЕРІК
Сертіне адал СЕРІК
Өзгенің өмірі үшін өз өмірін қиюға дайын тұратын мамандық иелері қашанда халықтың қалаулысы болуға лайықты. Нағыз ер-азаматтарға тән бұл мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Әр күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда олар отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық, құтқарушылар әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын тұрады. Аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінде жауапкершілігі жоғары мамандықты жүрек қалауымен таңдап, бүгінде осында жемісті қызмет етіп жүрген өртсөндірушілердің қатары көп. Аталған бөлімнің басшысы Кеңесбек Абдраймов басқарған ұжымда аға буын өкілдері мен жастар аудан тұрғындарына бірлесе адал қызмет етуде. Бөлімдегі бөлімше командирі қызметін атқаратын құтқарушы Серік Әлішеров те тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп, сенім үдесінен шыға білуде. Серік Әбдіқадырұлы 1979 жылы Рысбек батыр ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын Алматы облысының Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімде өтеп, кіші сержант шенін алған. Ол алғашында теміржол, автожол және құрылыс салаларында еңбек етіп, 2009 жылы Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы болып жұмысқа орналасады. Тәжірибе жинақтаған соң 2013 жылы аудандық №7 өрт сөндіру бөліміне өртсөндіруші болып ауысады. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқанындай, әрбір адам өмірдегі өз орнын адаспай таба білгені абзал. – Мен өзімді осы мамандықтан таптым. Әр адам өзі таңдаған мамандығын сүйе білуі қажет. Сонда ғана оның үдесінен шығып, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізеді. Мен де бір адамға, қоғамға пайдам тисе екен деймін. Өртсөндірушілер өте жылдам әрекет етуі тиіс. Себебі бізге дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына тез жетуіміз керек. Тек өртті сөндіру емес, біздің алдымызда зардап шеккен адамдарды құтқару міндеті тұрады. Ең қиыны сол, кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табуың қажет,– дейді кейіпкеріміз. Иә, шындығында, өзгенің өмірі үшін өз өміріңді қию жанкештілікті талап етеді. Бұл мамандықтың қиындығы да осында болса керек. Өртсөндірушілер тек қызыл жалынның ортасында ғана жүрмейді. Олар түрлі оқыс оқиғалардың арасында, боранда адасып, жол таба алмай қалған жолаушылардың жанында, өзендерде шомылып жүріп, абайсызда суға кеткендерді құтқару кезінде қызметтеріне адалдықтарын танытады. Өртсөндірушінің бойында антына адалдықпен қатар, батырлық, ержүректілік, шапшаңдық, тез шешім қабылдай алатын қабілеттер болуы қажет. Кез келген адамның өртсөндіруші бола алмайтынын айтқан Серік Әлішеров: «Өртсөндіруші психология тұрғысынан да, физикалық дайындығы жағынан да мықты болуы тиіс. Бөлімде бұл тұрғыда дайындық жұмыстары үнемі жүргізіледі. Белгіленген жоспарға сай жеке құрамға өрт сөндірудің әдіс-тәсілдері үйретіледі. Нормативтік сабақтар өткізіледі. Төтенше жағдай болмаса да өртсөндірушінің уақыты санаулы. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай сай болуы керек. Тәулік бойы жаттығады. Олар шұғыл шақыруларға тастүйін дайын жүреді», дейді. Ол өзінің осы жанкештілігінің және мамандығын риясыз сүйгендігінің арқасында «Өрт қызметіне – 100 жыл», «Қазақстан полициясына – 25 жыл» және «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Өмірлік жары Орынкүл Әлішерова екеуі отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Тұла бойы тұңғыштары Айғаным 8-сыныпта, Мадияр 6-сыныпта, Айзере мектепалды даярлық тобында оқиды. Ал кенжелері Айзат балабақшада тәрбие алуда. Ол өзінің жұмысынан бөлек, балаларының тәрбиесіне және отбасына көңіл бөлуді бір сәтке де артқа шегіндірген емес. Сондай-ақ отбасымен бірге жұмыстың да жауапкершілігін алып жүру және оны көтере білу нағыз азаматқа тән қасиет деп есептейді. – Кез келген уақытта қызметімізге адалдық таныту – біздің басты міндетіміз. Жүктелген міндетті уақытылы орындауымыз қажет. Біздің салада өкініш те, қуаныш та болады. Кейде ауыр жағдайларды да бастан өткереміз. Жүрегімізге ауыр тиетін оқиғалар да кездеседі. Дегенмен кейде оқиға орнында өртсөндірушілерге, құтқарушыларға демеу болып, тез шешім қабылдай алатын азаматтарды көріп, риза боламыз. Әйтсе де қиындығы көп бұл мамандықтың иесі болғаныма өкінбеймін. Қайта қоғамға пайдам тисе қуанамын, – деп сөзін түйіндеді Серік Әлішеров. Иә, бүгінгі таңда аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы болып қызмет атқарып жүрген оның әлі де талай адамды қауіп-қатерден аман-есен алып шығатындығына біз сенімдіміз. Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ, Жуалы ауданы