Бітімгерлердің ерекше миссиясы
Бітімгерлердің ерекше миссиясы
Қазақстан шартарапқа бейбітсүйгіш мемлекет, тұрақтылық пен қауіпсіздікті жақтайтын ел ретінде танылғаны белгілі. Осы бағытта атқарылып жатқан міндеттің бір парасы – бітімгерлік миссиясы. Сарбаздарымыз бен сардарларымыз БҰҰ-ның бітімгер әскері құрамында міндетін абыройлы атқарып жүр. Таяуда ҚР Қарулы Күштерінің тоғызыншы бітімгерлік контингенті «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» (БҰҰЛУК) миссиясын аяқтады. Біраз уақыт әлемнің «отты нүктесінде» міндетін атқарған жауынгерлер елге оралды. Әскери қызметшілер алты ай ішінде «Шығыс» секторында Үнді бітімгерлік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізіп, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды, бітімгерлік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті. Бітімгерлерді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары – штаб бастығы, полковник Бақытжан Жетпісов бастаған әскери қызметшілер, сондай-ақ туыстары мен жақындары қарсы алды. – Ондағы қиын жағдайға қарамастан, бөлімшенің әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқарды. Ливанда біз Үнді бітімгерлік батальонының құрамында болдық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. «Шығыс» секторының қолбасшысы мен батальон қолбасшылығы біздің әскери қызметшілердің қызметі мен жауынгерлік даярлық деңгейін жоғары бағалады. Біз үйге жақсы көңіл күймен оралдық. Алты ай ішінде кейбір әскери қызметшілеріміздің отбасында сәбилер дүниеге келді, – дейді бітімгерлік бөлімшесінің командирі капитан Фархат Ақбалиев. Бітімгерлік миссиясына қатысушылар елге оралғаннан кейін санаторий-курорттық емделуден өтеді. Содан соң олар тұрақты орналасқан жері бойынша қызмет атқаруға кіріседі. Сонымен қатар келісім бойынша Ливан Республикасынан келген бітімгерлердің орнына ҚР Қарулы Күштерінің оныншы бітімгерлік контингенті аттанды. Бітімгерлерге қиын климаттық жағдайда қызмет етулеріне тура келед. Сондықтан үміткерлер қатаң іріктеуден, медициналық комиссиядан, моральдік-психологиялық тұрақтылықтарын тексеруге арналған сынақтардан өтті. Бітімгершілік миссиясының офицерлері мен сержанттары ағылшын тілін жақсы біледі, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілікке қатысты негізгі құжаттарының ережелерімен таныс. Айта кетсек, бұл жолы іріктеуден алты әскери қызметші өтті. – Ливанға бара жатқан бөлімше сапалы дайындықтан өтті. Біз миссия шеңберінде жүктелген міндеттерді абыроймен орындайтынымызға сенімдіміз, – дейді бітімгерлік контингентінің командирі майор Жасұлан Есмамбетов. ҚР Қарулы Күштерінің оныншы бітімгерлік контингенті тағы жарты жыл бойы Үндістанның бітімгерлік батальонының құрамында болады. Бітімгерлер жергілікті аумақты патрульдеу, азаматтық тұрғындарға көмек көрсету, бақылау бекеттерін ұйымдастыру және миссия штабының басқа да шараларына қатысатын болады. Күн сайын қазақстандық және үнділік бітімгерлер 50-дей тапсырма орындайды. Осы орайда бүгінге дейін Үндістан бітімгерлік контингентінің құрамында 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші Ливандағы миссияны орындауға қатысқанын атап өткен жөн. Жалпы қазақ ұландарының бітімгерлік миссияларына ішінара қатысып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Әсіресе Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеcі болып сайланғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыс қарқын алды. Бүгінге дейін Ливанда бітімгерлікпен айналысу мақсатында елімізден бірнеше мәрте сарбаздар аттанды. Алғаш рет 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында Ливандағы тыныштықты сақтау міндетіне кірісті. Бітімгерлік күштер туралы мәселеде бір жайтты ескерген жөн. Еліміздің сарбаздары қақтығыс өрті күйіп тұрған аймақтарға бармайды. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның «Бітімгерлік әлеуетінің дайындық жүйесінде» әбден ысылған әскер жіберіледі. Сонымен қатар қазақстандық сарбаздарды қақтығысқа толы аймақтарға жіберу жоспарда жоқ. Керісінше бітімгерлік ротасының әлеуетін арттыратын, алайда дау-жанжалы аз өңірге жіберу көзделген. Себебі бітімгерлік операциясының қауіпті тұсы да бар. Ең алдымен, мұндай миссиялардың құны адам өміріне тең келуі мүмкін. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгерлік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан-ды. Сондай-ақ 2003 жылы Иракта да бір жауынгеріміз опат болды. Халықаралық қоғамдастық та Қазақстанның бітімгерлік миссиясына қосқан үлесін жоғары бағалайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде маңызды қызмет атқарады. БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы Таяу Шығыста орналастырылды. Содан бері БҰҰ әртүрлі континенттерде 72 бітімгершілік операциясын өткізді, оған 2 миллионнан астам әскери қызметкер, полиция қызметкері және бейбіт тұрғын қатысты. Өкінішке қарай, соның 4 мыңнан астамы бейбітшілік жолында қаза тапты. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның 12 белсенді бітімгершілік миссиясында 87 мыңнан астам адам жұмылдырылған. БҰҰ бітімгерлік қызметіне қатысу – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мақсатында Қазақстанның бітімгершілік күштері 2014 жылдан бері БҰҰ миссияларына қатысып келеді. Олар қазір Ливан, Мали, Орталық Африка Республикасы және Батыс Сахарада абыройлы қызмет атқарып жүр. Ақтоты Жаңабай