Жаңалықтар

СКАМ-АЛАЯҚТЫҚ ДЕГЕН НЕ?

СКАМ-АЛАЯҚТЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Соңғы бірнеше жылда қоғамда скам сияқты құбылыс туралы көбірек айтыла бастады. Ағылшын тілінен аударғанда «scam» сөзі «афера» немесе «алаяқтық» дегенді білдіреді. Негізінде скам – бұл тез пайда табу мен байып кетуді мақсат ететін алаяқтық инвестициялық жоба. Алаяқтықтың бұл түрі туралы не білу қажеттілігін және одан қалай қорғану керектігін бірге анықтап көрейік. Қандай түрлері бар? Инвесторлар арасында уәде етілген дивидендтер мен пайыздарды төлеуді тоқтататын, сондай-ақ өзінің мәміле шарттарын бұзатын жобалар скам деп аталады. Негізінен скам жобалары қаржылық пирамида деп саналады. Яғни жаңа клиенттердің есебінен бұрын келгендерге пайыздар төленеді. Оларды осылай тарта отырып, өздерінің адалдығына сендіреді. Адам артық пайда тапқаннан кейін оның сақтығы мен ұтымды ойлау қабілеті төмендейді. Кез келген скамның мақсаты – сенім білдірген жәбірленушіден алданып қалғанын болжағанға дейін мүмкіндігінше тезірек ақша жинау. Схемалар әртүрлі болуы мүмкін – мұнда бәрі заманауи технологиялардағы алаяқтардың тапқырлығы мен шеберлігіне байланысты. Әлемде скамның көптеген түрі бар, бірақ ең көп тарағандары мыналар: - электрондық пошта бойынша және әлеуметтік желілердегі спам, бұл жағдайда өте тиімді акциялар туралы хабарландырулар болады; - интернет-дүкендер арқылы жұмыс істейтін жалған сайттар. Мысалы, «Amazon» немесе «Wildberries»; - ірі және табысты компаниялардың хаттары ретінде көрінетін фишингтік хаттар; - жалған тауарлардың жарнамасы. Мысалы, «Миллионер сияқты ойла» а-ля марафоны; - криптовалюталар – бұл сала алаяқтарға арналған қойма, өйткені мемлекеттер оны қалай реттеуге болатынын әлі ойлап тапқан жоқ және мүдделі адамдарға кез келген нәрсені айтуға болады. Мысалы, оларды ондаған есе өсетін жаңа биткоинге инвестиция салуға көндіру; - активтерді басқару – алаяқтар өздерін табысты брокерлер ретінде көрсетіп, ең тиімді және болашағы бар жобаларға ақша салуға уәде береді; - төлем сервистері – алаяқтар түрлі платформаларды жасайды, олардың айтуынша, онда электронды валютаны сақтау тиімді, шынтуайтында, олар қажетті соманы тергеннен кейін жоғалып кетеді; - болашағы бар стартапты іске қосу – алаяқтар сенімді азаматтарды болашақ мега-сәтті жобаға инвестиция салуға болатынын, бірақ оған инвесторлар қажет деп сендіреді. Қалай анықтауға болады? Агрессивті жарнама мен мезі ететін қоңыраулар – скамерлер қысқа мерзімде барынша қомақты қаражат тартуды мақсат ететіндіктен олар тікелей әрекет етуден қорықпайды. Сізге керемет жағдайларды уәде етуі, сондай-ақ қартайған шағыңызда жалғыз әрі кедей болып қалатыныңызды айтып қорқытуы мүмкін. Сонымен бірге сізге жалған хабарлар жібереді, осының барлығы сіз болып жатқан жағдайға талдау жасап үлгермеуіңіз үшін жасалады. Көлемі жағынан адам сенгісіз пайдаға уәде беру – сіз үшін стандартты немесе әдеттегі кірістен бірнеше есе артық болатын кірісті уәде берсе, абай болу керек. Өйткені алаяқтар – жақсы психологтар, сондықтан олар адамның алға ұмтылуға деген ниетін ғана емес, сондай-ақ оның жалқаулығы мен ашкөздігін де пайдаланады. Артық пайда табу тетігінің мәнін жасыру – әдетте алаяқтар әлеуетті инвесторға олардың платформасы немесе стартапының қалай жұмыс істейтінін жария ете алмайды немесе жария еткісі келмейді. Әдетте олар шамамен «Қанша ақша салсаңыз, сонша пайда табасыз, жақсы жұмыс – көбірек пайда» деген сөздерді жиі қолданады. Бұл – «қауіпті белгі», күмән тудыратын тұжырымдармен келіспеңіз. Ақшаны шығарудағы қиындықтар – алаяқтар салымдарды ешбір қиындықсыз шығаруды қамтамасыз ете алмайтындықтан өзіңізді инвестор болуға шақырған уақытта ақшаны кімнің және қалай шығаратынын нақтылап алыңыз. Егер жауап беруге қиналатын болса, онда сізбен сөйлесіп тұрған адамның скамер болуы әбден мүмкін. Салымшылардың сұрақтарын ескермеу – сіздің хабарларыңыз бен қоңырауларыңызға жауап бермесе, ал қолдау көрсету қызметі көмектеспей, жалпылама сөздермен құтылатын болса, онда сіз алаяқтарға тап болдыңыз. Жауапты компаниялар әрқашан клиенттермен байланысқа шығады, өйткені фирманың кірісі ғана емес, іскерлік беделі де соған байланысты болады. Қорғану жолдары? Cкам-алаяқтардан қорғану үшін аз ғана өзіндік ерекшеліктерімен кез келген басқа алаяқтардан қорғанудың ережелері мен ұсынымдары қолданылады. Оларды атап көрсетейік: - әрдайым брокердің лицензиясын тексеріңіз; - сізге ұсыныстар жасайтын барлық фирма, компания мен инвесторлардың пікірлерімен танысып, біліңіз; - нарықтық мүмкіндіктерді назарға алыңыз және еліктіретін шамадан тыс табысқа ұмтылмаңыз; - мезі ететін жарнама мен әдемі уәделерге сенбеңіз; - өзіңіз танымайтын жөнелтушілерден келген күмәнді электрондық хаттарды ашпаңыз. Оларда тыңшылық бағдарламалық қамтылымнан бастап қалыпты вирустарға дейін кез келген нәрсе болуы мүмкін; - инвестициялау құралдарын дербес түрде немесе өзіңіз сенетін адамдардың көмегімен зерделеңіз; - өзіңіздің жинаған қаражатыңызды біркелкі етіп бөліңіз және оларды бір брокерге сеніп тапсырмаңыз; - скамға қарсы сервистерді пайдаланыңыз – оларды сенімді сайттар арқылы интернеттен оңай табуға болады. Жасұлан Сейілханов