Еңбек жасағының қызметі ел үшін
Еңбек жасағының қызметі ел үшін
Елімізде жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға баса мән берілетіні белгілі. Бұл бағытта қолға алынған игі жобалар мен бастамалар бүгінде өз жемісін беріп те жатыр. Солардың бірі – осыдан 18 жыл бұрын жалынды жастардың көмегімен құрылған «Жасыл ел» еңбек жасағы жобасы. Осы уақыт аралығында жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан жобаның негізгі мақсаты – жастарды маусымдық жұмыспен қамту, солардың күшімен елімізді көгалдандыру, жастар арасында экологиялық мәдениетті арттыру және бос уақыттарын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу. Жастардың күш-қуатын бір арнаға тоғыстырған кешенді бағдарлама біздің ауданда да сәтті жүзеге асып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасағы жастардың сүйікті жобасына айналғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Таяуда облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының жабылу салтанаты өткен болатын. Аталған жиында «Жасыл ел» жобасын іске асыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Үздік жасақ», «Үздік сарбаз», «Үздік командир» номинациялары бойынша үздіктер іріктеліп, марапатталған еді. Онда «Үздік жасақ» номинациясы бойынша біздің ауданның «Жасыл ел» штабы І орынды иеленгені айтылды. Осыған орай және біздің аудандағы «Жасылелдіктердің» құрамында қанша жас жұмыс істеуде?», «Жаңа маусым басталғалы бері қандай жұмыстар атқарылды?» деген сынды сұрақтарға жауап алу мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Расул Беделбаевпен тілдескен едік. – 2023 жылдың наурыз айында жұмысын бастаған «Жасыл ел» еңбек жасағы биыл жыл соңына дейін 200 жасты жұмысқа орналастыруды жоспарлаған болатын. Қазіргі таңда бұл бастама 182 жасты жұмыспен қамтыды. Оның ішінде 36-сы – «NEET» санатындағы жастар, төртеуі – пробация есебіндегі жастар екендігін айта кету керек. Бұл жастардың туған өлкесінің тазалығына көңіл бөліп, жоғары қызығушылық танытатындығының және белсенділіктерінің дәлелі. Осы жылдың наурыз айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтары орасан зор жұмыс атқарды. «Қарттарым – асыл қазынам» атты қамқорлық акциясы аясында аудандағы жалғызбасты 50 қарттың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар орталық саябақ пен аллеяларды тазарту-санитарлық жұмыстарын жүргізіп, балаларға арналған ойын алаңдарының жағдайын жақсартып, ауданның орталық көшелерін және көппәтерлі үйлердің аулаларында абаттандыру деңгейін көтерді. Бұл жұмыстар ауданымыздың сыртқы келбетін таза етіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырды. Саябақтарды тазарту және абаттандыру процесі физикалық еңбекті ғана емес, ұйымдастырушылық дағдыларды да қажет етеді. «Жасыл ел» қатысушылары қоқыс жинау, жапырақтарды тазалау, – дейді Расул Беделбаев. Сонымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасағы ерікті жастармен бірігіп, жуырда «KIELI TABIGAT» республикалық экологиялық акциясы аясында өңіріміздегі «Өтеген батыр» кесенесіне тазалық жұмыстарын жүргізіпті. Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарына айына 70 мың теңге төленген. «Жасылдар» жасағында толық жұмыс күні жоқ. Ең бастысы, бес күндік жұмыс аптасында 40 сағат жұмыс істесе жеткілікті. Жұмысқа тұру үшін кәмелет жасына толмаған жасөспірімге ата-анасының рұқсаты керек. Әрбір «Жасыл ел» қатарына қабылданушымен жасақта жұмыс істеу мерзіміне еңбек келісімшарты жасалады екен. Осы ретте жасақ құрамында еңбек етіп жүрген жастардың бірін сөзге тартып көрдік. – «Жасыл ел» бағдарламасы – өзім сияқты жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, туған өлкеміздің тазалығына үлес қосуымыз үшін тамаша мүмкіндік. Жоба аясында тек көгалдандыру жұмыстары ғана емес, көмекке мұқтаж қариялардың үйіне де барып, аулаларын күл-қоқыстан тазартып, қол ұшымызды бердік. Сауабы мол іс атқарып, қарттардың ақ батасын алып, алғысына бөленудің өзі ерекше сезім. Бірге істеп жүрген жастардың көпшілігі өзімнің сыныптастарым. Осы жобаның арқасында өзіме жаңа достар да тауып, уақытты көңілді өткізудеміз. Еңбек етіп, өз бетімізбен ақша тауып қана қоймай, ауданымыздың тазалығына, көркеюіне атсалысқанымызды мақтан тұтамын, – дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Асылбек Диас. Сәуле Мұхадинқызы, Қордай ауданы