Жаңалықтар

ЖАС МАМАНҒА КЕРЕГІ – ТӘЖІРИБЕ

ЖАС МАМАНҒА КЕРЕГІ – ТӘЖІРИБЕ

Білімді жастардың білігін арттыруда ең керегі – тәжірибе. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет жас түлектердің танымын кеңейтуге, оларды еңбекке баулуға, жұмысқа орналастыруға бағытталған түрлі бағдарламаны жүзеге асыруда. Соның бірі – жастарға қолдау танытудың тың тәсілі атанған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. Алдымен «Аталмыш жобаның берері не және жастар үшін ол қаншалықты тиімді?» деген сұраққа тоқталайық. Бұл белгілі бір мамандықты игеріп, қолына жолдама қағазын, яғни дипломын алған жастардың нарық заманында жұмыс таппай тауы шағылып, сағы сынып, беті қайтуына жол бермейтін мемлекеттік бағдарлама. «Жастар тәжірибесі» оқу аяқталғаннан кейін бес жыл мерзім ішінде меңгерген мамандығы бойынша, яғни техникалық және кәсіптік, орта білім мен жоғары оқу орнын бітіруші түлектерге арналған. Оған отыз бес жасқа толмаған жұмыссыздар қатысады. Егер жас түлек бір жыл тәжірибеден өткен кәсіпорын немесе ұйымның қойған талап үдесінен шықса, сол жерге тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Осындай мүмкіндікті біздің ауданның жастары да қалт жібермеуге тырысады. Өйткені бұл – тұрақты жұмыспен қамтылуына жасалған алғашқы қадам. Бұған жас мамандар ғана емес, мемлекет те мүдделі. Т.Рысқұлов аудандық мансап орталығы «Жастар тәжірибесі» және де «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жыл басынан бастап жоғары немесе арнаулы орта білімдері және әртүрлі мамандықтармен жастарды мекемелерге, шаруа қожалықтарына және жеке кәсіпкерлерге жұмысқа жолдап жатыр. Биыл «Жастар тәжірибесі» арқылы 200, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 48 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланып, жоспар толығымен орындалды. Мансап орталығының жолдамасымен «Жастар тәжірибесі» бойынша 12 ай, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 18 ай мерзімде өздерін білікті маман ретінде көрсетіп, мерзімі аяқталғаннан кейін аудандық орталық ауруханаға, «Жомарт Дента» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, мектептерге жіберіліп, тұрақты жұмыспен қамтылған жастар жетерлік. Қазір қолында дипломы бар, бірақ мамандығына сай қызмет таппай жүрген жастар қаншама? Аталмыш жоба екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға зор мүмкіндік сыйлайды. «Жастар тәжірибесін» уақытша еңбек ету алаңы десек те, жас маманның қызметіне машықтануына мүмкіндік мол. Олай болса, кез келген жастың ел үшін еңбек етіп, жарқын жетістікке жетуіне әбден болады. Эльмира Қаймасарова, аудандық мансап орталығының маманы, Т.Рысқұлов ауданы