Жаңалықтар

Саусақ іздерін тапсыру әркімнің өз еркінде

Саусақ іздерін тапсыру әркімнің өз еркінде

Келер жылдан бастап Қазақстанның 16 жасқа толған барлық азаматы және елде тұрақты тұратын шетелдіктер саусақ ізін тапсыруға міндеттеледі. 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өтеді. Қазақстанда «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң 2016 жылы қабылданған. Алайда саусақ іздерін тапсыруға қатысты норма тек келесі жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Айта кетерлігі, елімізде саусақ іздерін тапсыруға ешкімді мәжбүрлемейді. Бұл процесс ерікті түрде жүргізіледі. – Бүгінде шешім қабылданып, заң жобасына 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың саусақ ізін ерікті түрде тіркеу мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізіліп жатыр. Шетелдіктер үшін дактилоскопия шекарадан өту кезінде міндетті болып қала береді, бірақ ел ішінде құжат рәсімдеу кезінде ол ерікті болады, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов. Бұған дейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынатыны хабарланған болатын. Ішкі істер министрлігі 16 жасқа толған қазақстандықтарды дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндеттеуді жоспарлаған еді. Бұл бастама, ең әуелі, криминалистер жұмысын жеңілдетеді. Ішкі істер министрлігі адам жоғалған жағдайда немесе түрі танымастай өзгерген сәтте жеке басын анықтауға мүмкіндік береді деп отыр. Саусақ ізін алу процедурасы адам өмірінде бір рет өткізіледі. Оны тапсыру-тапсырмау туралы шешімді әркім өзі қабылдайды. Ақтоты Жаңабай