Жаңалықтар

Адам құқығы мен бостандығы басты орында

Адам құқығы мен бостандығы басты орында

Ата Заңымызда көрсетілгендей, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі. Өйткені сот беделі – мемлекет беделі. Ал мемлекеттің бедел-абыройы қоғамның дамып-гүлденуінің алғышарты. Бүгінде аудандық соттардан бастап Жоғарғы сотқа дейін барлығы дерліктей сәулетті әрі сәнді ғимараттарда орналасқан және судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Жақында Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Абуев атқарылған жұмыстар туралы тоғыз айдың қорытындысын жария етті. Төрағаның айтуынша, тоғыз айдың ішінде айтарлықтай жұмыстар атқарылыпты. Есепті мерзімде аудандық сотқа 412 арыз (талап қою) түсіп, оның ішінде 389 іс аяқталып, 209 іс бойынша шешім шығарылған. Ал 86 азаматтық іс медиатордың қатысуымен және алты азаматтық іс тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты тоқтатылған. Сонымен бірге 331 тұлғаға қатысты 331 әкімшілік іс қаралып, оның 39-ы медиация тәртібімен аяқталған. Одан бөлек 36 тұлғаға қатысты 29 қылмыстық іс қаралып, 28 тұлғаға қатысты 22 айыптау үкімі шығарылыпты. Сонымен қатар төраға сот жүйесіндегі жаңашылдықтар мен реформалар туралы баяндады. Мәселен, осы жылдың 27 наурызында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Азаматтық процессуалдық кодекс пен басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ювеналды соттардың соттылығы кеңейтілген. – Енгізілген өзгерістерге сәйкес кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты азаматтық істердің бірқатар санаты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзыретіне берілді. Яғни отбасылық сот ашылды, бұл тұрғыда неке бұзу істерінің барлығы осы сотта қаралатын болды. «Отбасылық сот» пилоттық жобасын қолға алу елдегі отбасылық құндылықтарды нығайтып, отбасыдағы жарасымдылықты сақтауға негізделген еді. Ең бастысы некені сақтауға, ажырасудың алдын алуға, балаларды отбасылық келіспеушіліктерден қорғап, зардап шектірмеуге басымдық берілді. Бұл жерде мәселеге тек тәрбие, әлеуметтік жағдай тұрғысынан ғана қарап қоймай, жұптарға, балаларға психологиялық кеңес беру, жол көрсету қаперге алынғанын айта кету керек. Егер де Жуалы аудандық сотына неке бұзу бойынша жүгінген тараптар өтініш білдірсе, өзінің талап қоюын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына беруге болады, бұл – әр азаматтың өз еркінде. Ажырасқан жұптардың кәмелетке толмаған балалары болған кезде мүлікті бөлу де осы ювеналдық соттар құзырына кірмек. Қазақстан Республикасына заңсыз алып келген немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы істер де кәмелетке толмағандар ісін қарайтын сот құзырына берілді. Осы уақытқа дейін ерлі-зайыптылар некені бұзу үшін азаматтық сотқа жүгініп, алимент тағайындау, баланың тұрғылықты жерін анықтау бойынша талап қоюды ювеналдық соттарға жолдап әлекке түсетін. Мұндай жаңашылдық тараптардың уақытын үнемдеп, оларды әуре-сарсаңнан құтқармақ. Сондай-ақ мұндай өзгеріс онсыз да ажырасу, алимент тағайындау, мүлікті бөлу, баламен кездесу уақытын белгілеу секілді біріне-бірі жалғасқан сот процестерінен тараптар сыйластығы одан ары ажырап, балалардың психологиялық күйзелісі тереңдеп кетпеу үшін жасалып отыр,– дейді Бабырхан Бекболатұлы. Аудандық сотта күнделікті азаматтарды жеке қабылдау жүргізіледі, сот төрағасына әрбір азамат өзінің толғандырған сұрақтарымен жүгінуге құқығы бар. Мәселен, жылдың басынан аудандық сотта 14 жеке қабылдау жүргізіліп, өтінішпен қайырылған азаматтардың сұрағына заң талаптарына сай жауап берілген. Қоғамда орын алған дау-дамай, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешуде аудандық билер кеңесінің ықпалы зор. Осы жылдың тоғыз айында аудандық сотта билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен сотқа дейін 47 азаматтық дау, 8 әкімшілік құқықбұзушылық іс тоқтатылған. Биыл сот барысында 86 азаматтық дау, 39 әкімшілік іс билердің қатысуымен оң шешімін тапқан. Өткен жылдың тоғыз айымен есепті мерзімді салыстырғанда сотқа дейінгі билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен азаматтық даулар бойынша татуласқан істер саны 15 іске артып, 32-ге жеткен. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып бекітілді. Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативтік-құқықтық актілер, оны кешенді іске асыруға бағытталған бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Ол мемле­кеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тіл мәдениетін одан әрі арттыру үшін жасалған қадамдар екені шүбәсіз. Есепті кезеңде сотта қаралған 42 қылмыстық істің 36-сы, 331 әкімшілік істің 313-і, 389 азаматтық істің 164-і, жалпы 762 іс болса, оның 513-і мелекеттік тілде жүргізілген. Соттағы жиындар, семинарлар және тағы басқа да іс-шаралар, олардың хаттамалары тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Биылдан бастап бүгінгі күнге дейін барлық 666 ішкі құжат тек мемлекеттік тілде, 3 497 кіріс құжатының 2 257-сі, 3 918 шығыс құжаты мемлекеттік тілде жүргізіліп отыр екен. Аудандық сот төрағасы күдіктінің тергеу барысында құқықтарының сақталуы жайына да тоқталды. Б.Абуевтің сөзінше, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық істер қозғалған азаматтардың заңды құқықтарының сақталуы мәселесіне мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы нақты көрсетілген ҚР ҚПК-нің 106-бабы, ҚР ӘҚБтК-нің 44-тарауы бойынша берілген шағымдардың сапалы қаралуы күнделікті назарда. Шағымдар сотқа түскен кезде судья жазылған дәлелдерді жан-жақты тексеруге, өз өкілеттіктері шегінде қатысушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерінің қалпына келтірілуіне шұғыл шаралар қолдануға міндетті. Құқықтық мемлекет ретінде әрбір азаматтың құқықтары мен бостандығын сақтау бірінші орында тұруы – талаптардың бірі. Ақтоты Жаңабай