Жаңалықтар

«ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ» ЖОБАСЫ БЕКІТІЛДІ

«ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ» ЖОБАСЫ БЕКІТІЛДІ

Қазақстанда цифрландыру деңгейі жыл санап артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында аз уақытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдағы күтілетін нәтиже де жоғары. Олай дейтіміз, жуырда ғана «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бекітілді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Ұлттық жоба Мемлекет басшысының интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданған. Халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кеңжолақты интернетпен қамтуды мақсат еткен жарқын жоба 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Жобаны іске асыруға 1,5 триллион теңгеден астам қаражат көзделген. Айта кету керек, жоспарланған соманың көлемді бөлігі, яғни 1,3 триллион теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат. Жоба аясында айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады. Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы үш мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр. Шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылады. Жекеменшік операторлар тарапынан инвестициялардың жалпы сомасы 92 миллиард теңге болған жағдайда қаржының жартысын мемлекет күрделі шығындарға субсидиялар түрінде қайтарады. Ұлттық жоба шеңберінде республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгек құрылысын орнату күтіліп отыр. Яғни 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік туады. Тағы бір бағыт – 5G желісін одан әрі өрістету. Бүгінгі таңда 605 базалық станса орнатылған. 2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясын республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығына енгізу жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды салу бойынша шаралар жоспарланған. Сондай-ақ республикаға жетекші халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет. Жалпы ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Ал жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті сымсыз байланыс жобаларды дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Олжас Кабенов баспасөз мәслихатын өткізіп, жоба аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады. Олжас Кабенов елімізде халықты және бизнесті интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін қалалар мен облыстарда телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылғанын, алайда ауыл-аймақтарда интернет жылдамдығы мәселесі әлі де күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. – Цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында ауылдық елді мекендерді тиісті оптикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Урбанизация мен экономикалық орындылықты ескере отырып, талшықты-оптикалық байланыс желілерін 3 000 ауылдық елді мекенге жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ «ADSL» технологиясы дауысты және деректерді 10 Мбит/сек жылдамдықпен қарапайым «мыс» телефон арналары арқылы бір уақытта жіберуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргі уақытта абоненттердің қазіргі қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты «ADSL» технологиясын интернетке кеңжолақты қолжетімділіктің жоғары жылдамдықты технологияларына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады, – деді басқарма басшысы. Әкімшілік-аумақтық объектілердің статистикасына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 6 290 ауылдық елді мекен болса, 4 858-і (76 пайыз) интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Биыл 5G жаңа мобильді желісін енгізу жұмыстары басталған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар қалалар аумағының 75 пайызы, облыс орталықтары аумағының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жоба аясында 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы, облыс орталықтарының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. – 5G технологиясы мемлекет пен бизнес үшін, қолданушылар үшін, ақылды қалалар мен сервистерді дамыту үшін анағұрлым тиімді. Бұл елдегі цифрландыру қарқынын айтарлықтай жеделдетеді, – деп атап өтті Олжас Кабенов. Радиожиілік спектрін тиімді пайдалану және Қазақстан Республикасының аумағында ұялы байланыс сапасын жақсарту шеңберінде ұялы байланыс операторларына жүктелген міндеттемелердің орындалуын бақылау талап етіледі. «2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы абоненттерге сапасыз байланыс бергені үшін айыппұлдар ұлғайтылған заң жобасына қол қойды. Осылайша 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1 175 тексеру жүргізіліп, 1 миллиард 670 миллион теңге сомасына айыппұл жазылды. Ал 2023 жылдың басынан бастап 13 қарашадағы жағдай бойынша 677 тексеру жүргізіліп, 2 миллиард 570 миллион теңге сомасына айыппұл жазылды, – деді спикер. Басқарма басшысының айтуынша, «Қолжетімді интернет» жобасының игілігі мол. 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылады. Жобаның шарапатын ел тұрғындары келесі жылдан бастап сезіне бастайды. Талғат Нұрханов