«ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ...»
«ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ...»
Мәдениет үйінде жоспарға сай белгіленген іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Тәуелсіз Қазақстанымыздың белгіленген мереке күндеріне аса жауапкершілікпен дайындық жұмыстары жүргізіліп, бағдарламалар жүйелі өткізіліп отырады. Бұл жауапты шараға Бақалы ауылдық кітапханасы, Бақалы балабақшасы, С.Сейфуллин орта мектебінің оқушылары ұйымдасқан түрде қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, көрермендер көңілінен шығып, алғыс арқалап қайтатыны дағдылы іс. Ауыл жастарына мереке күндері би кештері ұйымдастырылады. Сондықтан да жастар мәдениет үйіне жиі келіп тұруға құштар-ақ. Мәдениет үйінде ауданнан, облыстан және көрші аудандардан да келген өнерпаздар концерттік бағдарламаларын қойып тұрады. Ауылдағы қоғамдық ұйымдар басшыларының ұйымдастыруымен басқосулар жиі және талап деңгейінде өтіп отырады. Ауыл округі, аудан әкімшілігінің есеп беру, сайлау жиналыстары, соғыс, еңбек ардагерлері кеңесінің жиындары жоспарлы түрде өткізіледі. Шыңғысхан Нұрқыдырұлы мен әдіскер Мира Ордабекқызы, өзге де мәдениет үйінің қызметкерлері тапсырылған іске аса жауапкершілікпен келіп, басқосулардың әр кез жоғары деңгейде өтуіне сергек те сезімталдықпен атсалысады. Көкбастау ауылдық округі ардагерлер ұйымы басшылары Болатбек Қайыпбекұлы, орынбасарлары Аташбек Әмірқұлұлы, Жапарбек Қасаболатов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдылы Жолдаулары бойынша тұрғындармен басқосулар өткізеді. Ауа райының ыңғайына қарай Наурыз мерекесін Мәдениет үйі ауласында, жауын-шашынды кездерде, тіпті іште де өтуге мәжбүр болған кездердің куәгері болғанымыз да бар. Ауыл үлкені Ермек Шымырбайұлының басиелігімен жайылымға мал шығару, малшы еңбекақысын белгілеу мақсатындағы жиындар осы мәдениет үйінде өтеді. Қай кезде келсең де, мәдениет үйінің есігі айқара ашық. Қызметкерлер жылы шыраймен, қош көңілмен қарсы алады. Гүлмира Әліқызы мәдениет үйінің әр кез ұқыпты да мұнтаздай таза болуына аса жауаптылықпен қарайды. Ш.Ералиев халық аспаптары – домбыра, сазсырнай және бұлардан басқа гитара, ионика, барабан сияқты аспаптарда тартымды ойнайды әрі тамылжытып ән де салады. Анда-санда ауыл өнерпаздары құрамымен көрші ауылдарға концерттік шаралар өткізіп қайтуға шығып тұрады. Бақалы ауылындағы кітапхана сөз осы мәдениет үйінде орналасқан. Сондықтан да мәдениет үйі ұжымы мен кітапхана «бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып», ынтымақпен атқарылған жоспарлы жұмысты екі саланың да абыройы деп біледі. Күлзипа Ережепқызы «Кітапханашы -библиограф» мамандығы бойынша жоғары білімді маман, 2000 жылдан бері кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Кітапхана қорында 9119 кітап бар, қазақшасы – 6280 дана. Өткен жылғы оқырмандар саны 540 адамға жетіпті. Өзге ауыл тұрғындары да оқуға кітап алып кетеді екен. Кітапханаға интернет желісі тартылған. 2018 жылы кітапханада цифрланған ақпараттық орталық ашылған. Ауыл тұрғындарының кітапханаға келіп, компьютер қолдануға, интернетке тегін кіріп, ақпарат алуға мол мүмкіндігі бар. Халыққа қызмет көрсету орталығынан алынатын анықтамалардың 18 түрін кітапханадағы орталықтан алуға болады. Ауыл тұрғындарына, мұғалімдер мен мектеп оқушыларына интернет жүйесіне кіру тегін. Кітапханашының 2021 жылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесіне жасаған жоспары һәм оның орындалуы ойдағыдай болды. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», депті сөз зергері Әбіш Кекілбайұлы. «Google» әлемдегі кітаптарды зерттеп, публицистикалық, ғылыми және көркем әдеби кітаптардың санын есептеп шыққан. Жер шарындағы кітаптар саны шамамен 129 864 880-ге жеткен екен. Көптеген қаламгердің туындылары электронды нұсқада басылып шықпағанын ескерсек, бұл санның әлдеқайда көп болары анық. Ойды ой түртеді. Қазір кітап беті көп ашылмайтын болған. Кейде ойлайсың, сонау алапат соғыс жылдарында, аштықта, қуғын-сүргінде жүріп те түспеген мұндай күйге айдың-күннің аманында қалай жеттік. Бірнеше себебі бар. Тәуелсіздігімізді алған 30 жыл ішінде адамгершілікке, парасаттылыққа, ойға, сөзге жетелейтін руханият саласын, әдебиет пен мәдениет өкілдерін қоғамнан алшақ ұстадық. Бірнеше буын ұрпақ 90-жылдың тоқырауында кітапхананы емес, базарды жағалады. Соның салдарынан кітап оқымайтын қоғам қалыптасты. Жалпы, кітаптың не екенін, нағыз кітап дегеннің қандай болатынын, тіпті кітап оқудың мәдениетін дұрыс білмейтін сол көпшілік әлеуметтік желідегі ақыл айтқыштарға арбалып қалуда. Жанымызға жанашырлықпен үңілгеніміз дұрыс, бірақ бай ғылым, кемел кемеңгерлердің кеңесіне әбден суарылған тағылымы терең ой еңбектерін тұтынғанымыз дұрыс-ақ. «Кітап көзі жұмыққа – арзан, көзі ашыққа – маржан» емес пе?! Ең ұлы өсиеттің барлығы көктен кітап болып түскеніне қарағанда қасиетті қағазда бір хикмет бар. Қазақ баласы білімге ден қойып, ыждаһат жолына түскелі бері ең асыл дүниесін кітапқа басып қалдырған. Хәкім Абай аузынан «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөз айтылғалы соншама көп уақыт өте қойған жоқ. Аталарымыздың заманында әрбір ауыл кісісінің үйінде газет-жорнал, кітап қатталып тұратынын ойлаған сайын өз күйің, ауылыңдағы замандастарыңның халі, айналаңдағы достарыңның бейғамдығы көңіліңді түсіреді. Кітап оқымай, интернет аңдып, телесериал бағып кеткенімізден біздің ойлау жүйеміз өзгеріп кеткендей. Петрарка: «Кітаптарды дәл бір түрмедегідей жабық ұстауға болмайды, олар кітапханадан зердеге сөзсіз көшіп отыруға тиіс» депті. Қазақ зердесі қаншалықты бай, қаншалықты білімге қанып жүр. Жауап табу қиын. Маркетингтік зерттеулер халықаралық институтының мәліметі бойынша, Қытай ең көп оқитын мемлекет. Аптасына бір кітап болса да оқитындарды есепке алғанда Қытай халқының 70 пайызы, ресейліктердің 59 пайызы, Испания халқының 57 пайызы оқырман. Ал біздің қазақтың қанша пайызы оқырман? Бір адам жылына бір кітап оқиды екен. Көркем әдебиетті іздеп оқитындар санын айту қиын. Сауалнамада көбіне «оқуға уақыт жетпейді» деген. Оқуға зорлық жоқ. Бірақ парасатты ұлт болудың бір жолы – оқу, әдебиетті оқу. «Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол» деген, өйткені «Кітап – ғалым, тілсіз мұғалім». Ең танымал қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Уй Хуа «Әдебиет айтатын әлеуметтік шындық мәңгілік» деген. Біз балаға кітап оқытуды балабақшадан бастағанымыз жөн. Баламызға аптаның бір күнін кітапханаға арнап, ертіп апару керек. Қоғамда балаға кітап оқуына бәсекелестік жасауға ықпал етуіміз керек. «Ерте ғой әлі, ойнасын» дейміз. Ұялы телефонға туа сала телміруді білген балаңызды кітап оқуға баулыған жөн. Балабақша мен бастауыш мектеп мұғалімдері балаға әдеби кітапқа ден қоюға ойтүрткі жасап отырғаны абзал. Балаларға Балалар жылы өздеріңіз орта қалыптастырып, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»-нің керін келтіре тәрбиелеген мақұл. «Оқуға құштар мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Оқуға құштар мектеп» – өте маңызды жоба, сондықтан бұл жұмысты жалғастыру керек», деген. Өткен жылдың қазан айында кітапханаларға 2,5 миллионға жуық мемлекеттік тілдегі әдебиеттер жіберілген. Жоба мектеп оқушыларының кітап оқуға деген қызығушылығына ойтүрткі болды. Биылғы Балалар жылы өзіміздің ауылдың азаматы, балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген журналист, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибаевтың «Апамның аялы алақаны» кітабы бойынша шығармашылық кешке Күлзипа Ережепқызы, Мәрзия Ошанова, тағы басқа әдебиет құмар әлеумет ұйымдасқан түрде барып қатысып, ой бөлісіп қайтқаны не тұрады?! «Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз, ол бәрібір өзіңізге тартады» дейді халық даналығы. Баланы терең білімге қызықтыру ләзім. Кітап оқитындар бар, олар аз. Өзіміз оқып, баланы соған қызықтыру, тарту қажет. Кітап физикалық, рухани тұрғыдан да пайдалы. Бір сәт кітап оқуға уақыт бөлсек, пайдасын балаға ұғындыра білсек, біз оқыған кітапты балаларымыздың оқуы бек мүмкін. Кітап оқымағандарды қай кезде де кітап оқитындар билеген. Күллі ғылым мен техниканы кітап оқып, білім игергендер жасайды. Мұны өзіміз білсек, мән берсек, ұрпағымыз да одан шет қалмайтыны анық. Сондықтан кітапты өзіміз оқымасақ, балаларымыз қалай оқиды?! Әдеби кітапты өзі оқымайтын ұстаз балаға «оқы» деп қалай айта алады?! Ғ.Мұстафин: «Меніңше, балаларға арналған әдебиет, сол балалармен қатар үлкендер де оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек». Лайым Марат Құлибаев сынды балалар жазушылары балалар әдебиетін құнды кітаптармен байыта түссін. Барша игі істеріміздің басы-қасынан әр кез табылып, ісіміздің ұйытқысы бола білген Салтанат Ордабаеваға ел һәм қарамағындағы қызметкерлер дән риза. Ауыл өмірі қызық, келешек – ауылда. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп Бейімбет Майлин айтқандай, лайым ауыл гүлдене берсін! Іске сәт, үнемі қараша халық көңілінен шығып, қарттардың көзайымына айналған мәдениет қызметкерлері, сала жауынгерлері әр істе толайым табысты болсаңыздар, деп тілейміз.
Айлин ЕРГЕНҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-дің ІІ курс студенті