«Маймыл шешегі» қауіпті ме?
«Маймыл шешегі» қауіпті ме?
Маймыл шешегі кеміргіштер мен приматтар сияқты жабайы жануарларда пайда болатын вирус түрі. Дерт аталған жануарлармен жанасқанда немесе олар тістегенде, биологиялық сұйықтықпен, болмаса вирус жұққан қанмен, сондай-ақ ауру жануардың етін пайдаланғанда жұғады. Вирус ауру жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыста болған кезде, яғни зақымдалған тері, тыныс алу жолдары, көз, мұрын және ауыз, сондай-ақ биологиялық сұйықтық арқылы, ауру белгілері бар адам қолданған төсек-орын, сүлгі, киім және басқа зат арқылы енеді. Сонымен қатар ауа-тамшы жолымен, жабық үй-жайда науқаспен болған кезде және тері қабатын зақымдау немесе науқастың биологиялық сұйықтығы бар заттармен жанасу арқылы жұғады. Трансплацентарлық жолмен яғни жүктілік кезінде анадан жатырдағы ұрыққа да беріледі. Жыныстық жолмен де жұқтыру қаупі зор екенін айтады мамандар. Маймыл шешегінің вирусы Poxviridae тұқымдасының Orthopoxvirus тұқымына жатады. Бұл ауруды ғалымдар алғаш 1958 жылы маймылдарды зерттеу кезінде анықтады. Яки вирус явалық краб жейтін макакалардан шыққан. 12 жыл бойы инфекция тек хайуанаттар бағындағы және приматологиялық зерттеу институттарындағы маймылдардан табылып келді. Адамдар арасындағы маймыл шешегі алғаш рет 1970 жылы Конгода табиғи шешектен жазылған 9 жасар баладан анықталды. Содан бері аурудың көп бөлігі ауылдық жерлерде – Конго өзенінің бассейні мен Батыс Африканың тропикалық орманында анықталып, бұл ауру эндемикалық сипатқа ие болды. Маймыл шешегінің симптомдары мен емделу шараларына келер болсақ, аурудың инкубациялық кезеңі – 5 күннен 21 күнге дейін созылады. Белгілері – жоғары температура, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бастың айналуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Гебрейесус, «Бұл вирус бізді әр қадам сайын таңғалдырады. Бұл қауымдастықтарға қайта-қайта келетін жойқын дауыл. Өкініштісі біз оның таралу жолын да, қарқынын да болжай алмаймыз. Инфекция таралған сайын өлім-жітім де артады деген сөз. Әсіресе вакцина алмағандар арасында тәуекел тым жоғары», дейді. Ал әлемді алаңдатып отырған аурудың Қазақстанда таралуы мүмкін бе деген сұрақты ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа облысқа іссапармен келген кезінде қойып көрдік. – Еуропа елдерінен немесе Африка елдерінен келген адамдарға термометрия жүргіземіз. Өздеріңіз де көріп жүрген боларсыздар, барлық аэропорттарда ондай аппараттар тұр. Бүгінгі таңда Қазақстанда маймыл шешегі ауруына байланысты күдік тудыратын бірде-бір жағдай тіркелген жоқ. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Қашықтан термометрияның көмегімен аса қауіпті ауруға күдікті науқасты анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина мамандары мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары арасында сақтықты арттыру үшін семинарлар өтіп жатыр. Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында, – деді министр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев маймыл шешегі ауруының біздің отандастар баратын бірқатар елдерде таралғанын ескерсек, аурудың Қазақстанға жетуі мүмкін деген жорамалдың бар екенін айтады. Елімізде аурушаңдық тіркелмепті деп арқаны кеңге салуға болмайды дейді сала мамандары. Себебі маймыл шешегінің нақты емдеу жолы немесе вакцинасы жоқ. Бірақ кейбір елдер әдеттегі шешек ауруына қарсы екпе қолданады екен. Оның бұл жұқпамен күрестегі тиімділігі – 85 пайыз шамасында. Дегенмен табиғи шешекке қарсы егілген адамдарда да маймыл шешегін жұқтыру қаупі болады. Мамандар індет өршіп тұрған Батыс Африка елдеріне бармауға кеңес береді. Егер барып жатсаңыз, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн. Олар мыналар, ең бірінші ескерту – жануарлармен байланысқа түспеу керек. Өйткені жануардың ауру не сау екеніне кепілдік жоқ. Далалы жерде кез келген өнімді сатып алмаңыз. Яғни өнімнің сапасы расталған дүкендерден алыңыз. Дерт ауа тамшыларымен таралатындықтан, халық көп жиналатын жерге бармаңыз. Бара қалсаңыз, міндетті түрде бетперде тағып, барынша қорғанып жүріңіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА