Жаңалықтар

ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ

ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте ветеринария саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Айта кетейік, аймақ басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталығы», «Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу институты» мамандарынан құрылған жұмысшы тобы облыс аумағындағы ахуал бойынша толық талдау жүргізген. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек талдау қорытындысымен анықталған кемшіліктер бойынша бірқатар қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Тіркелген ауру ошақтарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, 9 896 ауылшаруашылық жануары қайта вакцинациялаудан өткен. Жалпы қазіргі таңда өңірде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты. Биыл Сібір жарасына қарсы 4 миллион 827 мың малға вакцинация жүргізілген. Бір ай ішінде жануарларды және ет өнімдерін тиісті құжатсыз тасымалдау ережелерін бұзған 9 ветеринариялық бақылау бекетіне 118 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 4,8 миллион теңге айыппұл салынған. – Ветеринариялық қызмет мамандарының кәсіби білімін, біліктілігі мен құзыреттіліктерін тұрақты арттырып отыруға ерекше көңіл бөлінуде. Олар Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында біліктілікті арттыру курстарынан өтуде, – деді Қанатбек Мәдібек. Бүгінде облыстың ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты шаралар қабылдануда. Нақтырақ айтсақ, орталықтандырылған ветеринариялық қызметті құру, ветеринариялық мамандардың жалақысын 50-ден 100 пайызға дейін ұлғайту бойынша белсенді жұмыстар жүруде. Сондай-ақ қызметкерлер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, салалық басқарма, ауылдық округ әкімдері мен статистика департаменті арасында деректерді жедел жаңарту туралы үшжақты келісім жасалған. Бұдан бөлек Сібір жарасына қарсы вакцинациялауға жататын азаматтардың тізімі жасақталып, ауылшаруашылығы жануарларын Сібір жарасына қарсы 2 рет вакцинациялау жүргізу жоспарлануда. Ақпараттық-түсіндіру шараларына баса назар аударылып отыр. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға өңірдегі ветеринария саласын дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырды. – Вакцинацияны сапалы жүргізуге, нақты ошақтар бойынша мақсатты жұмыстарды дұрыс ұйымдастыруға баса назар аудару керек. Мәселелерді жедел шешу үшін барлық тиісті тараптардың өзара бірлескен жұмысын күшейте түсу маңызды. Әрбір ауылдық округтегі учаскелік полиция пункттері мен ветеринариялық пункттер жануарлар мен олардың иелері туралы мәліметтерді дер кезінде нақтылап отыруы тиіс, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев табиғи ауру ошақтарын анықтауда ауыл үлкендерімен бірлесе зерделеу шараларын жүргізуді тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі