Жаңалықтар

Жаңа Қазақстан және журналистика

Жаңа Қазақстан және журналистика

«Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты», – деген Ахмет Байтұрсынұлы. Осы ретте қазіргі журналистика көз ілеспес жылдамдықта дамып келе жатқаны қуантады әрі олардың жеке басының қауіпсіздігі алаңдатады. Әлеуметтік желі, мессенджерлер, неше түрлі сайттар мен телеарналарда толған ақпараттар мен жаңа сигналдар. Көп болжамдарда журналистиканың қаусағанын, әлсіреп, жас мамандардың жоқтың қасы екендігін біраз талқыға салады. Бұл – жойылу емес, журналистиканың кейбір жанрлары қолданылмай, жаңа жанрлардың пайда болуы, жаңа ақпарат көздерінің ашылып жатқанын білдіреді. Өте көп жас мамандар бар. Шындықты шырылдап, жақсылықты жар сала жазатын жас журналистерді ысырып қоймаған жөн. Өзгерістерге жақсы қарап, заман талабына сай білім алып, жан-жақты журналист етіп өзін жасаған маман ғана кез келген өзгерістен үлкен болашақ көре алады.

БАҚ өкілдерінде де өзара бәсекелестік қашанда болған. Сол арқылы ғана қазақ журналистикасы дамып, жаңа сарындағы БАҚ нарығы пайда болды. Көңілді түсірер бір жағдай – журналистиканың қауіпті мамандыққа айналып бара жатқаны. Бір ғана ақсап тұрған тұсы осы. Мемлекеттің қоғамдық міндеттерін адал атқарып жүрген журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті! Журналист – халықтың көзі мен құлағы. Халықпен бір адамдай ойланып, қиындыққа да халықпен бірге қарайды. Жағдайды анықтап қана қоймай, билікпен жарыса сол мәселені шешеді. Өз басын қауіпке салады. «Халықтың болашағы жанымнан артық» деп жүрген болашақ ұлы тұлғаларымыз қаншама. Біз журналистеріміз арқылы мықтымыз. Журналист шын мәнінде өскісі келсе өзінен бастасын. Өзінің ішкі миссиясын білген дұрыс. Көп нәрсеге дайын болып, халықпен бір тыныс алуы керек. Өзгерістерді жойылу деп емес, өсу деп қабылдау керек. Сонда ғана біздің қазақ журналистикасының тамыры кең жайылады, билік те, халық пен БАҚ та бір толқында болады. Билік пен халықтың толқындас болуына жауапты – журналистер екендігін ұмытпасақ, осы ұранды міндетіміз деп білгенде ғана біз ол деңгейге де жетеріміз анық! Болашақ әріптестеріміздің бір ғана әттеген-айы бар. Хайп қуып, рейтинг жинау, көрермен санын көбейту, сапасыз, салдарсыз бағдарламалардың құлы болып, арзан танымалдылықты абырой санап, өзін керемет журналиспін деп есептейтін әрі журналистиканың есігін сығалап жүрген, жетік оқымаған, осы салады өзін дамытпаған, құр сөзді журналистсымақтар бар. Халыққа берері басқа, айтары жоқ, жеке басының уақытша абыройына мастанып, сапа емес сан қуалаған мамандардың журналистика деген терең салада ұзақ жүретініне күмәнім бар. Халық бәрі бір сапаны бағалайды, шын мамандарды ғана уақыт өте назарда қалдырады. Журналистикаға келген соң жеке ой, өткір тіл, адал ұстанымдар мен халыққа деген үлкен махаббат болғаны абзал. Арзан атақ пен қызықсыз шоулардың басын тізгіндегеніңнен көрі, халықтың мұңын мұңдап, зарын тыңдап, билікке елдің сөзін сол күйінде жеткізер алтын көпір болып, халықтың батасын, алғысын алып, тарихта адал журналист ретінде қалғаннан артық мәртебе бар ма? Солай тапқан несібеңнің де хайыры болары қақ. Солай ғана тарихта өз атыңды ойып қалдырарсың. «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өмірден қаншама ұлы тұлғалар кетті. Жай кеткен жоқ, жай сөзін ұран етіп кеткен жоқ. Шын мәнінде қазаққа қызмет қылып кетті, қазақты қайтсем арам пиғылдардың азуынан аман қалдырамын деп кетті. Болашақ өскелең жұртыма осы сөзім мен ісім үлгі болса деп кетті. Ендігі кезек бізде. Тірі тұрып қазаққа қызмет етпей кетпейміз! ТҮЙІН Құрметті болашақ алтын көпірлер! Ойымның түйіні – өзгерісті жақсы көзқараспен қабыл алайық. Заман талабына сай ұмтылып, өзгерейік, заманауи методикалар мен халыққа өтімді дүниелер шығарайық. Елдің ертеңін бірге құрап, елдің жырын жырлап, мұңын мұңдайық. Ертеңіміз еселенсін десек ескі жараны бірге жазайық. Жаңа ел болып, Жаңа Қазақстанды бірге өсірейік, өркендетейік. Сапасыз, саласыз дүниелердің көзін бірге жояйық. Халықтың, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың миын улайтын, тәрбиесіне тәлімсіздік жасайтын кей арналар мен шоулардың жабылуына әрекет етейік. Оның орнына халыққа берері көп, белді мәселелер мен мағыналы мәні бар, жастардың руханиятын өсіретін, материалдық жағынан тәуелсіздікке жетелейтін, пайдалы арналар мен бағдарламалардың дүниеге келуіне әрекет етейік. Міне, сол кезде ғана біздің елдің өсері хақ. Әр адам руханиятын да, әдемі өмір салты мен әділдікті де өзінен бастай алса ғана ұлы ұлт қалыптасарына күмән жоқ! Мен жастарға, Жаңа Қазақстаныма сенемін!

Арайлым ЕРШЕЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІІ курс студенті