Жаңалықтар

Жаһанның «жасыл» қабілеті

Жаһанның «жасыл» қабілеті

Жер шарындағы өзгеріп жатқан климат, яғни жаһандық жылу, табиғи экожүйенің бұзылуы, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, әлемдік мұхиттың ластануы, қоқыстың көбеюі – қазір әлемдегі күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптар. Бұл мәселелер бойынша түрлі зерттеу жүргізіліп, есептер жазылды. Солардың бірі – қолданушыларға кәсіби бағытта пайдалы бола алатын «LinkedIn» компаниясы жүргізген зерттеу. Компания қызметкерлері 774 миллион қолданушының деректерін зерттеген. Нәтижесінде қазіргі таңдағы жұмыс берушілер арасында «жасыл» қабілеттерге бейімі бар мамандарға сұраныстың жоғары екенін анықтап отыр. Мәселенің өзектілігіне кеңірек тоқталудың қажеті жоқ болар. Өйткені оны көрер көз де, естір құлақ та танып-біліп жүр. Дегенмен БҰҰ сарапшыларының климат өзгерісіне қатысты соңғы жарияланымына назар салған жөн болар. Мамандардың пікірінше, алдағы онжылдықтағы біздің іс-әрекетіміз болашақ ұрпаққа бұл әлемнің жарамды болар-болмасын анықтап береді. Оның ішінде парниктік газдарды азайту – кезек күттірмес мәселе. Сондай-ақ бұл жаһандық мәселеге қатысты дұрыс әдіс тапса, экономиканы да, экологияны да жақсартуға болады. «LinkedIn» зерттеушілері жаһанның экологиялық мәселесін шешуде жұмыс күшінің «жасыл» қабілетті болғанын, яғни табиғатқа зиянын келтірмейтін, сондай-ақ қоршаған ортаның жақсаруына үлес қоса алу біліктілігі маңызды рөл атқармақ. Компания ғалымдарының пікірінше, «жасыл» қабілеттер ақпараттық технологияларды игеру секілді әр қызметкердегі білім ретінде сұраныста болуға тиіс. Компания қызметкерлерінің түсінігінде экологиялық сауатты мамандар арқылы жерді сақтау тиімдірек болмақ. Миллиондаған қолданушының кәсіби профилін зерттеген ғалымдар «жасыл» қабілеттерге ден қойып жатқан өндіріс саласы бар екенін анықтаған. Десек те қазіргі бар көрсеткіш әлемге керек мөлшерден әлдеқайда төмен. Барлығы 48 мемлекетке қатысты жүргізілген зерттеу барысында «жасыл» қабілетті игеру де, «жасыл таланттарға» сұраныс та артқанын анық аңғаруға болады. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл «LinkedIn»-дегі профилінде кемінде бір «жасыл» қабілетті игергенін көрсеткен қолданушылардың саны 12,3 пайызға артқан. Ал кемінде бір «жасыл» қабілет болуын талап ететін бос жұмыс орнының саны 22,4 пайызға көбейген. Яғни бұл жұмыс берушілердің экологияға байланысты саясатын күшейткенін аңғартады. Сондай-ақ мамандар «жасыл» қабілетті игеру арқылы өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Бұл үрдісті дәлелдейтін тағы бір факт – «LinkedIn»-де кемінде бір «жасыл» қабілеті бар маман өзгелерге қарағанда 29 пайызға көбірек жұмысқа алынады. Ғалымдардың байқауынша, «жасыл» қабілеттер экономикалық мәселелер кезінде өзектілігін жоғалтпайды. Өткен жылғы ақпан мен биылғы ақпанда әлем бойынша жұмысқа алу көрсеткіші төмендесе, экологиялық білігі бар мамандардың қызметке кірісуі керісінше көбейген. Сондай-ақ дүниежүзілік пандемия басталған 2020 жылғы наурыздан бастап «жасыл» қабілеті бар адамдар мұндай білімі жоқтармен салыстарғанда жұмысқа ұсынысты көбірек алған екен. Дегенмен бұл көрсеткіштер әлемде орнықты саясат орнады деген түсінікке негіз бола алмайды. «LinkedIn»-дегі деректерді талдай келе, «жасыл» қабілеттер әрбір сегізінші қызметкерде бары анықталды. Яғни әлемнің 48 елінде жұмыс істейтін 8 адамның жетеуі бірде-бір «жасыл» қабілет игермеген. Жалпы зерттелген жұмыс салаларының ішінде «жасыл» қабілеттерді қамтитыны 10 пайыз ғана. «LinkedIn» компаниясының зерттеуін қорытындылай келе, экологиялық сауатты арттыру, «жасыл» қабілеттерді игеру маманға бәсекеге қабілетті болуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектесетінін анық аңғаруға болады. Сондай-ақ оның басты құндылығы ретінде Жер шары климатының сақталуына қызмет етуін атап өтуге болады. Өйткені әлем – біздің ортақ үйіміз, ол болашақ ұрпаққа да пана болуға тиіс. Сүйіндік ҚАБЫЛ, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы