Жаңалықтар

Қылмысқа қылбұрау

Қылмысқа қылбұрау

Сан соқтырғандар сотталды Ақтөбеде жалпы сомасы 4 миллиард теңгені қалтаға басып, мыңдаған жанды зар жылатып кеткен қаржы алаяқтарының әрекеті елді елең еткізіп, жаға ұстатқан еді. Көп ұзамай полицейлердің қолына түскен әлгі алаяқтар уақытша тергеу изоляторына қамалған болатын. Жуырда сол қаржы пирамидасын ұйымдастырған топ мүшелеріне сот үкімі шықты. Ақтөбедегі қаржы пирамидасын құрған екі адам төрт жарым мыңнан аса адамды алдап кеткен. Мейірхан Сақтағанов пен Айдос Кәлімбетов ҚР Қылмыстық кодексінің төрт бабы бойынша айтыпталды. Тарқатып айтсақ, олар «Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард» деп аталған қаржы ұйымдарын құрған. Тұрғындардың сеніміне кіріп, Ақтөбе облысында үш мыңнан аса, Қызылордадан мыңнан аса адамның қалтасын қаққан. Тұрғындар 25 мың теңгеден бастап, 62 миллион 672 мың теңге аралығында қаржы салыпты. Жалпы шығын 4 миллиард теңгені құрап отыр. Сот үкімі бойынша олар алданған тұрғындарға қаржыны толық өтеуі тиіс. Ал айыпталушы Сақтағанов – 11, Кәлімбетов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Сондай-ақ 7 жыл бойы қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. – Сотталушылардың жазасын өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. Оған дейін Сақтағанов пен Кәлімбетовке қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын, – деді Ақтөбе қалалық сотының судьясы Саят Тәшімбаев. 13 миллиард теңгеден айырылды Ел тұрғындары интернет алаяқтарына 13 миллиард теңгесін санап берген. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz. Оның мәліметінше, жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл әрекеттердің салдарынан зардап шеккендер 13 миллиард теңгесін жоғалтқан. «Әлі де алаяқтардың ең көп таралған әдісі – онлайн сауда. Онлайн саудамен байланысты 7 мың алаяқтық жасалды. Банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн қарыз рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелген. Азаматтар ақшаны тез көбейту үшін олардың күмәнділігіне қарамастан әртүрлі схемаларға қатысуды жалғастырып жатыр. Бір жыл ішінде 1 200 қазақстандық осындай схемалардың құрбаны болды, олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салған. Кей жағдайларда осы мақсаттар үшін несие алғандар бар», деді орталық басшысы. Рүстем Дүйсетаев алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт құру арқылы азаматтарды қызықтыратынын да атап өтті. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бірреттік дивиденд төлейді. Аңғалдарды алдаудың жаңа амалы шықты Алматы полициясы интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрі туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz басылымына сілтеме жасап. Қаланың криминалдық полициясы арнайы техника интернет-трафикті пайдалана отырып, басқа елдерден келген қаскөйлер виртуалды нөмірлерге ие болатын белгілі бір сайтқа қосылатынын айтты. «Олар әртүрлі веб-сайттарда, әлеуметтік желілерде және қызмет көрсету платформаларында тіркелу үшін жеке деректері мен абоненттік нөмірлерін жасыру мақсатында физикалық түрде SIM-box ұяшықтарында болады. Алаяқтар виртуалды SIM-box нөмірлерін пайдаланып, аңғал азаматтарды алдайды: олар жеке кабинетті тіркей отырып, кез келген өнімді сату туралы әртүрлі жарнамаларды жариялайды, содан кейін сатып алушы қызығушылық танытса, шетелдік банк карталарын ұсына отырып, алдын ала төлем жіберуін сұрайды. Алайда ақшаны алған бойда олар жасырынып, жарнаманы өшіреді», дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов. Ақтөбедегі астыртын фактілер «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалында ірі қара мал сатып алу үшін несие қаражатын алу кезінде алаяқтық фактілері анықталды. Тергеу барысында жалған құжаттарды пайдалана отырып, асылтұқымды ІҚМ сатып алуға бөлінген кредиттік қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған, сондай-ақ бөгде тұлғаларға шаруа қожалықтарын ресімдеген 3 тұлға анықталды. Құқыққа қайшы әрекеттері арқылы олар мемлекетке жалпы сомасы 970 миллион теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірген. Қазіргі уақытта 3 күдікті ұсталды, оларға қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Күдіктілердің шамамен 260 миллион теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабының тәртібімен тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабының 1-бөлігі бойынша, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі. Жасұлан Бақытбекұлы