Жаңалықтар

НАН МЕН ҰННАН ТАПШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

НАН МЕН ҰННАН ТАПШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

Жуырда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда елімізде егін жинау науқаны аясында республиканың нан мен ұнға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті астық жиналғаны мәлім етілді. Отырыста министрлер кабинетінің заң жобалау жұмыстары жоспарының 2024 жылға арналған жобасы да пысықталды. Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл ауылшаруашылық дақылдары жиналатын алқап 24 миллион гектарды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға артық. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде астық жинау науқаны аяқталып жатыр. Облыс әкімдіктерінің дерегінше, 16,9 миллион гектар (98,7 пайыз) жиналды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күтілетін жалпы астық түсімі 16 миллион тоннаны құрайды. Бұл 3 миллион тонна көлеміндегі ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар елімізде 4,3 миллион тонна көкөніс дақылдары, 3,5 миллион тонна картоп және 1,6 миллион тонна майлы дақылдар жиналды. Атап айтқанда, 747,5 мың тонна күнбағыс бастырылған. Министр егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауылшаруашылығы ұйымдарына литріне 250 теңгеден 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінгенін айтты. Мұнымен бірге ағымдағы жағдай ескеріліп, дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Премьер-Министр биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болғанын атап өтті. Жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Одан кейін тамыздан бастап осы күнге дейін үздіксіз жауған жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Дегенмен жиналған өнім еліміздің нан мен ұнға деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. – Қолайсыз ауа райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40 пайызға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда ел тұрғындары биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті, – деді Ә.Смайылов. Премьер-Минстр отандық фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілгенін еске салды. Атап айтқанда, әділ сатып алу бағасы белгіленді. Айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылды. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінді. Сондай-ақ субсидияларды төлеу бойынша міндеттемелерді толық көлемде орындау үшін шаралар қабылданып жатыр. Осылайша өсімдік шаруашылығы бойынша алғашқы 30 миллиард теңге субсидиялары бөлінді. Оған қоса бидайды тікелей сатып алу үшін тиісті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Премьер-Министр: «Тағы да атап өткім келеді. Ішкі нарықта бидаймен проблема болмауы керек. Ұн және нан өнімдері Азық-түлік корпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтері арқылы қамтамасыз етілген», деді Үкімет басшысы заманауи суару технологияларын енгізу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. – Еліміздің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек. Бидайдың жаңа сорттарын өсіру жұмыстары нашар жүріп жатыр. Аграрлық ғылыми жүйені түбегейлі қайта қарау қажет, – деді ол. Премьер-Министрдің айтуынша, ауылшаруашылық техникаларының паркін жаңарту мәселесі де өзекті. Өйткені әбден тозығы жеткен техника егіс жұмыстарының сапасына да әсер етеді. Осыған байланысты Агроөнеркәсіп кешеннің, оның ішінде дәнді дақылдардың отандық селекциясының ғылыми әлеуетін дамыту жөнінде нақты ұсыныстар, сондай-ақ ауылшаруашылық техникасы паркін жаңарту бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Талғат Нұрханов