Жаңалықтар

ДУЛАТИ СТУДЕНТТЕРІ НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ СТИПЕНДИАнТЫ АТАНДЫ

ДУЛАТИ СТУДЕНТТЕРІ НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ СТИПЕНДИАнТЫ АТАНДЫ

Нұрсұлтан Назарбаев қоры республикалық студенттік стипендиялар байқауын қорытындылады. Нәтижесінде 80 студент аталған шәкіртақыны иеленді. Озық студенттер қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 студенті бар. «Сән дизайны» БББ 4-курс студенті Шырайлым Бектұрғанова, «Жалпы биология» БББ 3-курс студенті Захра Байрамова, «Архитектура» БББ 5-курс студенті Люфт Даниил және «Қолданбалы математика және статистика» БББ 4-курс студенті Назгүл Мамыралы қордың стипендиалық бағдарламасының жүлдегері атанды. Нұрсұлтан Назарбаев қорының негізгі мақсаты – белсенді, дарынды жастарды анықтау, талапты жастардың ғылыми, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарын қолдап, көтермелеу. Байқауға еліміздің барлық өңірінен жалпы 299 студент қатысты. Жеңімпаз студенттерді марапаттау салтанаты желтоқсан айында Алматы қаласында өтеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 студенті де өз мамандықтары бойынша ғылыми жұмыстар, мақалалар жазып, көптеген конференцияларға қатысып, жетістіктерге жетіп келеді. Шырайлым Бектұрғанова «Былғарыдан жасалған кәдесый өнімдерін дайындау», «Заманауи дайындау технологияларын пайдалана отырып, кәдесый өнімдерін жасау», «Былғарыдан жасалған кәдесый өнімдерін дайындау» тақырыбында баяндама, мақала жазып, жариялаған. «Жас ғалым» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына, «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі аясында «Көне Тараз» атты жас қолөнершілер байқауына, «ART FASHION» халықаралық костюм дизайнының байқауына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Захра Байрамова «Жамбыл облысы флоралық өңірліктерінде кездесетін medicago түрлерінің идентификациясы мен тіршілік формасы», «Экологияны сақтай отырып, табиғи косметологияның заманауи трендтері», «Жамбыл облысы флорасы мен биокорлары» тақырыбында ғылыми мақалалардың авторы. «Жылдың үздік студенті» атты халықаралық байқаудың жеңімпазы. Ал Люфт Даниил «Сәулеттегі окулустың эволюциясы», Инженерлік кестеде «AutoCAD» және «Компас» графикалық бағдарламаларын пайдалану, «Сызу геометриясы», «Қолданыстағы қалалық ортада желілер мен коммуникацияларды орналастыру проблемасы» тақырыбы бойынша ғылыми мақалалар жазып, баяндама жасаған. Сондай-ақ Люфт спортты жанына серік еткен студент. Қол күресінен жарыстарға қатысып, абыроймен өнер көрсетіп жүр. Назгүл Мамыралы «Экцентриситетке тәуелді графтың метрикалық сипаттамаларын бағалаудың жалпы әдісі», «Комплекс сандарға амалдар қолдану және оларды «Maple» жүйесінде зерттеу» тақырыбында ғылыми мақалалар жазып, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысқан. Жұмыстары жоғары бағаланып, сертификат, дипломдармен марапатталған. Ғылым жолы – қиын жол. Әйтсе де қызыққа, жаңалыққа толы. Бір биікке жетсең, алдыңда тағы бір шың тұрады. Осылайша Дулати жастары ғылым жолында биік белестерді бағындырып жүр. Студенттерді жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Айжан Өзбекова