Қоғам

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

Судьялық сырт көзге қатардағы мамандықтың бірі көрінеді. Алайда заңға сай әрекет етіп, айыптыны лайықты жазаға тарту үшін шешім шығаратын мамандық иелерінің ішкі толғанысын, адамгершілік пен антқа адалдық сынға түскендегі ой тартысын сезіну оңай емес. Таразының бір жағында жәбірленушінің талабы, екінші жағында айыптының тағдыры тұрғанда қос тарапты да риза қылатын кесімді шешім айтып, қара қылды қақ жару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Иә біле-білгенге судьялық үлкен қарым-қабілетті, айрықша дарынды қажет ететін мамандықтың қатарына жатады. Заңды жатқа соғу бір бөлек те, оның әр бабын жұмырбасты пенденің нақты өмір сүру жағдайында қарастыру мүлдем бөлек дүние. Бұл мамандықта көп нәрсе ізденіске, өмірлік тәжірибеге байланысты. Сот билігіне сенімді нығайту мен дәл осы саланың халық арасында беделін арттыруға еңбек сіңіріп жүрген тәжірибелі, ізденімпаз көп судьяның бірі – Қамар Үсембаева. Қамар Бақытбекқызы Тараз қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып еңбек етеді.

Балалық арманына қол жеткізген

Талас ауданына қарасты Бостандық ауылында дүние есігін ашқан Қамар Бақытбекқызы қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген. Қызығы, бала күнінде, кейін мектеп қабырғасында жүргенде кейіпкеріміз түбінде судьялыққа баратынын сезгендей. Болар баланың болашағына алғаш рет 3 жасында ауылдас ақсақал болжам жасаған екен. «Құдай жоқ» деп үйреткен, соған күштеп сендірген кешегі Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған дәуірінде амалын тауып Құдайға құлшылық еткен ақсақалдың айтқаны айдай келді. Ақсақал тұлымшағы желбіреп жүрген ойын баласына қарап «мына бала өскенде сот болып, біздің әулеттің атын шығарады» деген екен риза кейіппен. Кім білсін, бұл Кеңес қоғамындағы әділетсіздіктен әбден зәрезап болған ауыл қазағының болашаққа, келер ұрпаққа артқан сенімі шығар. Ойын баласы болса да әлгі ақсақалдың сөзі сәби санасында сақталып қалған сияқты. Мектеп партасына отырар-отырмастан «Менің арманым» деп аталатын шығарманың бәріне «судья болу» деп жазыпты. Кейіннен алтын ұя мектептің қабырғасынан түлеп ұшқан құрбы-құрдастарымен кездескенде олар бала Қамардың арманына қол жеткізгеніне ризашылық білдіріп жатады. Алайда қатар жүрген жанның өзі Қамар Бақытбекқызының судьялыққа дейінгі сүрлеуде таудай кедергілер мен қиындықтарға мойымай жүріп өткенін біле бермейді.

Арманға қол созым жерде...

Ауылдағы Алғабас орта мектебін бітірген талапты қыз арманын ақиқатқа айналдыру жолындағы алғашқы қадамын жасап, Талдықорғанға қарай бет түзейді. Мақсаты – Талдықорған заң техникумында оқу. Бұл оқу орнының бар екенін газеттегі хабарландырудан көзі шалып қалғаны болмаса, Таластан жырақтағы Талдықорғанда тамыр-танысы жоқ. Ата-анасы қыздарының елден жырақ әрі әйел табиғатына келе қоймайтын заңгерлік мамандықты игергенін мақұлдай қоймайды. Бірақ бірбеткей қыз айтқанынан қайтпайды. «Заңгерліктен басқа мамандықты оқымаймын» деген қыздың талабын ата-анасы да амалсыз құп көреді. Әкесінің өзі Талдықорғанға жетелеп апарып, құжаттарын техникумға тапсырған соң емтихандарға дайындыққа кіріседі. Ол кезде болашақ заңгерлерге қойылатын талап жоғары. Әсіресе Кеңес одағының тарихы мен оның саяси ұстанымдарын, шараларын жетік білу қажет. Әкейдің шешімімен бұл бағыттағы дайындықты бір профессорға ақысын төлеп пысықтауға кірісті. Алғашқы жазбаша емтиханнан сүрінбей өтті. Келесі емтихан тастүлектей талапкердің нағыз сыналар шағы. Тарихтан ауызша емтиханда өзі таңдаған билеттегі сұрақтарға жақсы жауап бергендей көрінген. Бірақ оқытушылардың қосымша сауалы таусылмады. Басқа талапкерлердің көбі билеттегі сұрағына шала-шарпы жауап беріп, сыртқа шығып жатқанда мұны түрлі сұрақ қойып сүріндіргісі келгендердің әрекеті қытығына тиді. Өжет мінезін көрсетіп, емтихан алушыларға қарсы сұрақ қойды. Осынысы комиссия мүшелеріне ұнамай қалған секілді. Бәрін біліп тұрса да 3 деген баға қойып, емтиханнан құлатып жіберді. Әділетсіздікке төзбей, көз жасына ерік берген. Мұны жұбатып тұрып, тарихтан бір ай бойы дәріс оқыған профессор дайындығына риза екенін айтады. Судья болам деген арманы қол созым жерде тұрғанда аянып қайтсін. Әрі болашақ заңгер бұл әділетсіздікке төзбеді. Батыл қыз бұл жолы да батылдығын көрсетті. Небәрі 17 жастағы қыз комиссия мүшелерінің шешіміне келіспей аппеляцияға береді. Сонысы ақыл болғандай. Бұл жолы 4 алып көңілі жайланды. Бірақ қуануға әлі ерте еді. Араға бір күн салып, техникумға қайта келгенінде сырттай бөлімге түскенін біледі. Салып ұрып техникум директорының алдынан бір-ақ шыққан. Директор да өзгелердің берген жауабынан әрі аспады. «Күндізгі бөлімде оқуға балыңыз жетпей қалды», деп шығарып салады. Қаршадай қазақ қызының білімге деген құштарлығын аңғарған профессор оған 1 жыл сырттай бөлімде оқып, кейін күндізгі бөлімге ауысып алуға кеңес береді. Шынында профессордың айтқанымен әрекет еткені дұрыс болыпты. 1 жылдан соң күндізгі бөлімге ауысып, техникумды үздік бітіріп шығады.

Хатшыдан судьялыққа дейін

Қолында дипломы бар маман заң саласындағы еңбек жолын 1992 жылы облыстық сот отырысының хатшылығынан бастады. 1995 жылы тұрмыс құрып, бала күтімімен үйде отырып, араға жылдар салып үйреншікті қызметіне қайта оралады. Облыстық сот отырысының, кейіннен президиум хатшысы болды. Осы тұста отандық сот жүйесінің қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған судьялармен, сот төрағаларымен қатар жұмыс істеді. Кешегі кеңестік жүйеден еншісін алған тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасып, аяққа тұрған сәтін көзбен көрді. Осы жолда тәлім-тәжірибесін аямай жұмсап, заман ағымы мен сот жүйесінің тарихи негізін ұштастыра алған құқықтанушылармен қызметтес болды. Қызметке араласа бастаған алғашқы жылдары облыстық соттың судьясы Халима Бекмұрзаеваның хатшысы болды. Халима Бекмұрзаева Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жандар Кәрібаевтың жары. Бүгінде ұлы Жеңіс Жандарұлы да анасының жолын қуып, сот жүйесінде қызметін табысты жалғастырып жатыр. Осындай тағылымды, өзіндік өнегеге ие азаматшаның жанында жүріп, санасына көп нәрсе сіңірді. Кейіннен Жамбыл облыстық сотының судьясы болған, басқа да бірнеше облыстық сотқа жетекшілік етіп, Қазақстан Республикасының Жоғары Сотының төрағасы, Сенат төрағасының орынбасары сынды қызметтерді абыроймен атқарып, ел алғысын арқалаған Бектас Әбдіханұлымен де әріптес болу бақыты бұйырады. Әр жылдары облыстық сотта судьялық қызметте болған Барыс Кенжебайұлы, Рая Сұлтанбеков сынды мамандар да жас маманның өмірлік таңдау жасауына зор септігін тигізді. Сондай жандардың жанында жүріп судьялық қызметтің жауапкершілігін жете сезінді. 2004 жылы Тараз қаласындағы «Әулие Ата» университетіне оқуға түсіп, «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Одан кейін Жамбыл облыстық және Тараз қалалық сотында бас бас маман қызметін абыроймен атқарды. Жергілікті сот жүйесіндегі азды-көпті тәжірибесі ескеріліп, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер бойынша аудандық сотының кеңсе меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Соттардың қызметінде кеңсе меңгерушісіне зор жауапкершілік артылған. Әсіресе қылмыстық істер жөніндегі соттың кеңсе меңгерушісі болу оңай емес. Бұл инстанцияда небір аты шулы қылмыстық істер қаралады. Демек ондағы судья шешіміне қатысты арыз-шағым да көп болады. Көбіне айыпталушылар, енді бірде жәбірленушілер сот шешіміне қарсылық білдіреді. Кеңсе меңгерушісінің соның барлығына төтеп беріп, заң аясында жауап беруге міндетті. Сот жүйесінің нағыз майданында шыңдалған маманға судьялық міндет анау айтарлықтай салмақ түсіре қоймайды. Қамар Бақытбекқызының жағдайында да солай болды. 20 жыл ішінде сот отырысының хатшылығынан бастап, кеңсе меңгерушілігіне дейін аралықтағы қызметтің барлық сатысынан өткен маман 2013 жыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Тараз қалалық мамандырылған әкімшілік сотына судья болып тағайындалды. Өткен күндерді ой елегінен өткізген судья тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы отандық сот жүйесін былайша еске алады. – Сот саласына 1992 жылы келдім. Ол кезде облыстық сотта бірінші инстанциялы соттар болған. Істерді судьялар алдымен дәл осы сатыда қарайтын. Инстанциялы сот судьясының әрбір отырысына қатысамыз. Бір байқағаным ол кезде Әкімшілік, Қылмыстық және азаматтық кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар жиі енгізілмейтін. Енді заманның ағымына сай құқықтық құжаттар, ондағы жекелеген баптар, тармақтар жиі өзгеріп жатады. Дұрыс қой. Өмір бір қалыпта тұрмайды. Жағдайға байланысты, қоғам дамуына қарай мұндай өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуі заңдылық, – дейді кейіпкеріміз. Судьялық ғұмырының 10 жылында Қамар Бақытбекқызы талай іске сот шешімін шығарды. Әрбір істің заңға сай қаралып, шешімнің де заңға сай берілуін қатаң сақтады. Қандай жағдай болмасын әр шешімнің арғы жағында адам тағдыры тұрғанын естен шығармады. Жасыратыны жоқ біздің қоғамда судьялар жайлы дәлелді-дәлелсіз теріс пікірлер айтылып жатады. Бірақ мәртебелі мамандықтың зор жауапкершілігін сезіне білген Қамар Үсембаеваның өмір жолы бұл пікірлердің көбі шындыққа жанаспайтынын аңғартып тұрғандай.

Талғат НҰРХАНОВ