Жаңалықтар

«Жастардың бүгінгі ісі – болашағына құйған инвестиция»

«Жастардың бүгінгі ісі – болашағына құйған инвестиция»

Жастар саясаты – бүтін бір мемлекет пен ұлт болашағының іргетасы. Қазіргі таңда әр өңірде ашылған жастар ресурстық орталығы азаматтардың шығармашылық қабілетімен қатар, әлеуметтік потенциалын да аша алғаны анық. Оған қоса жастармен тікелей байланыс орнатып, туындаған мәселенің бел ортасында жүрген мамандар да салаға қатысты ой-пікірін білдіріп, ақпаратпен тұрақты бөлісуде. 17 қараша – Халықаралық студенттер күні мерекесіне орай облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуовпен тілдесіп, жастарды толғандырған мәселе төңірегінде пікірін білген едік. – Теміржан Серікұлы, алғашқы сауалды бүгінге дейін орталық тарапынан атқарылған жұмыстардан бастаған жөн секілді. Басшылыққа келгеніңізге жыл толмаса да айтарлықтай істің біткенінен, атқарылған жұмыстың ауқымынан хабардарсыз деп ойлаймын. – Әрине, маған жастармен жұмыс жайы таңсық емес. Облыс жастарының әл-ауқаты, тыныс-тіршілігімен жақын таныспын. Жергілікті билік пен белсенділер тарапынан жасалып жатқан қолдауларды да ауыз толтырып айтуға болатындай. Өткізілген іс-шаралардың барлығы да облыс әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, мен келгелі Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында өңірлік жастар ресурстық орталығының күндері өтуде. Сондай-ақ белсенді жастарды қолдау және түрлі бағытта дамыту мақсатында 6-8 қазан аралығында Талас ауданындағы «Тау самалы» лагерінде «BOLASHAQ JASTAR CAMP» атты оқыту лагері ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, лагерьге келген жастардың 70 пайызы қай іс-шарадан болса да қалмайтын, көз үйреніп қалған белсенділер емес. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген дана халқымыздың әдемі нақылы бар. Осы жолы біз өзін таныта алмай, топты жарып шыға алмай жүрген жастарды шақырып, бойындағы қарым-қабілеттірін дәлелдеуге мүмкіндік бердік. Қуантарлығы сол, бұл ісіміз нәтижесіз емес. Оқу лагерінен соң өзара достасып кеткен жастар үшін «Қабылан» жастар қозғалысы құрылды. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың басын қосқан ауқымды іс-шара 3 күнге созылды. Лагерьге 100-ге жуық белсенді жас пен қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қатысты. Оқыту лагері барысында құқықтық сауаттылық бойынша арнайы дәріс өтті. Менің негізгі мамандығым – заңгер. Сондықтан құқықтық мәселеге қатты мән беремін. Жастарға азаматтық құқық, заң тұрғысынан сабақ жүргізіп, кеңесін берсін деп іс-шараға Қызылорда қаласынан арнайы «Маркизант» заң компаниясының негізін қалаған Марат Азамат деген жігітті шақырдым. Сондай-ақ оқу лагерінде психология, жастарды дамыту бағытында түрлі іс-шаралар, командалар арасында жарыстар өтті. Одан бөлек жастардың зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында «Oi sheberі» зияткерлік ойыны да өткізілді. Оқыту соңында белсенді болған және жарыстардан орын алған жастар бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Лагерьден кейін облыстағы әр колледждің президенттері өздері ұсыныс тастап, белсенді жастардың «Жоғары студенттік кеңесі» құрылды. Бұл ұйым студенттердің құқығын, мүддесін, бастамаларын қорғап, елімізде іске асып жатқан өзгерістерді қолдап, оны әрмен қарай іліп әкетіп, Отанымыздың дамуына өз үлесін қосатын топ боларына сенемін. Сонымен қатар облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен волонтерлік фронт-офис іске кірісті. Ашылар алдында Астанаға барып, тәжірибелерімен танысып қайтқан болатынбыз. Фронт-офис жұмысын ресми бастар алдында «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің аймақтармен байланыс бойынша жетекшісі Ақерке Кұсанова мен осы бірлестіктің сарапшысы, волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау стандартының әзірлеушісі Елена Амрееваның жетекшілік етуімен облыстағы волонтерлік ұйымдардың координаторлары жұмысымызды көріп қайты. Іссапар аясында белсенді жастармен кездесу өткізіп, волонтерлік ұйымдармен тығыз жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен жастардың қатысуымен оқыту семинарын өткізді. Қазір бұл ұйымда 50-ге жуық ерікті тұрақты түрде жұмыс істеп жүр. Тағы бір айта кетерлігі, осы қызметке тағайындалған 3 ай ішінде жоспардан тыс аудан-ауданды аралап, жастармен кездесу өткізіп жүрмін. Осы уақытқа дейін облыстағы 13 колледж студенттерімен жолығып, еркін форматтағы кездесу ұйымдастырдым. Тек жолығып қана қоймай, білгенімше ақыл-кеңесімді айтып, оларды не алаңдатады, соған мән беріп, ұсыныс-пікір, бастамалары болса қолдау білдіріп, назарға алуға тырысамын. Себебі іс-шараларды өткізудің үйреншікті форматынан бас тартып, жастарға жүйелі түрде пайда беретін бағыттарға көңіл бөлу керек. Мысалы, облыста зияткерлік клубтар құрылып, өз қызметін жүзеге асыруда. Облыста ІТ-технологиялар мен робототехника, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми-техникалық бағыттар бойынша ірі жоғары оқу орындары түрлі жобаға тартылған. Сонымен қатар волонтерлік қозғалыс пен пікірсайыс қозғалыстарына да баса назар аударудамыз. – Облыс жастарының статистикасына тоқталсаңыз. Орталық тарапынан олардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау мақсатында нендей жұмыс атқарылды? – Бүгінде облыста 354 039 жас бар. Жастар облыс халқының 29,1 пайызын құрайды. Жастардың 147 955-і, яғни 41,8 пайызы қалада, 206 084-і немесе 58,2 пайызы ауылдық елді мекенде тұрады. Облыста 13 жастар ресурстық орталығы бар. Тарқатып айтсам, 1 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Онда жалпы саны 416 маман қызмет атқарады, оның ішінде 360 маман жастармен етене жұмыс істеуде. Қазіргі таңда барлық жастар ресурстық орталығында психолог және теолог мамандары қызмет атқаруда. Облыс бойынша 15 теолог маман орталықтарда дін қызметкерлерін тарта отыра жастармен тұрақты жұмыс істеуде. Барлығы 13 психолог маманы еңбек етеді. Облыстық жастар ресурстық орталығында 18 маман қызмет атқарады. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау мақсатында атқарылған іс-шаралар туралы қысқаша баяндап өтейін. Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын Жамбыл облысында іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілген еді. Аталған жоспар 11 бағытты көздеп, 100 іс-шарадан тұрады. Осы жоспар аясында өңірде 11 бағыт бойынша барлығы 9 125 іс-шара ұйымдастырылып, оған 253 624 адам қамтылды. Тарқатып айтсам, «Рухани-адамгершілік» тақырыбында 1 214, «Әскери-патриоттық» бойынша 453, спорт саласында 820, «Мәдени-шығармашылық» бағытта 1 188 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар құқықтық бағытта 1009, дін тақырыбында 608, психологиялық-танымдық тұрғыда 865, жастарға кеңес беру бойынша 1 408, экологиялық мәдениетке қатысты 709, этносаралық келісім аясында 332, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде 515 жиын өтіп, біршама жұмыс атқарылды. Бұған қоса жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, жұмысшы жастарды мамандықтарға тарту, жастарға мамандық таңдауға ықпал ету, еңбек нарығында бәсекелестігін арттыру мақсатында «Профи-2023» атты облыстық байқау өткіздік. Аталған байқауда «Вarbershop», «Визажист», «Шаштараз ісінің шебері», «Дәнекерлеуші», «Кондитер» номинациялары бойынша кәсіби жастар өз шеберліктерін сынға салды. Сайысқа Тараз қаласы мен аудандардан 70-ке жуық жас қатысты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге биыл «Дельфи» ойындарының аймақтық іріктеу кезеңінде 35 жас және 5 ұжымдық топ жүлделі орындарға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алды. Жеке кәсіпкер қаражатына қазіргі уақытта «трендте» жүрген Нұрлан имамның жастармен кездесуін ұйымдастырдық. Кездесуде салмақты, салиқалы әңгіме айтылып, отбасы құндылығын дәріптеу, бала тәрбиесі және тұлғалық даму мәселелері сөз болды. Сондай-ақ облыс туризмін дамыту бағытында жыл соңына дейін «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық жастар экспедициясын ұйымдастыру жоспарлануда. – Кейбір аға буын өкілдері жастардың енжарлығын, бейқамдығын, немқұрайдылығын сынға алып жатады. Жалпы аймақтағы замандастарымыздың белсенділігі туралы не айтасыз? – Қашанда жастар – ел болашағы, қоғамның қозғаушы күші, егемендік ұйытқысы. Облыс жастары саяси науқандарға, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүр. Ерікті жастардың атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Осы орайда облыстың белсенді жастарының ішінде Нәмелбек Азамат деген жігіттің есімін ерекше айтуға болады. Қайырымдылық істерге мұрындық болып жүрген ол халықаралық, республикалық форумдарда үлкен марапаттарды иеленуде. Биыл облыс жастары үшін жемісті жыл болды. Аслан Шымбергенов бастаған жамбылдық спортшылар жазғы Азия ойындарынан жүлдегер болып оралып, облыс мерейін үстем етті. Ғылым бойынша да жетістіктер аз емес. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының 4-курс студенттері республикалық инновациялық жобалар байқауында I орынды иеленді. Жеңімпаз спортшылар мен ғалымдарды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қабылдап, облыс абыройын асқақтатқан жастарды жеңісімен құттықтады. Осы жылдан бастап өңірде «Jaidarman» ойындарына жан біте бастады. Жоғары лигада облыс намысын «Медиум», «Жуалы» командалары қорғады. Креативті әзілдерімен танылған «Медиум» әдемі ойын көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналып үлгергенімен финалға шыға алмады. Ақтық сында өнер көрсететін «Жуалы» командасына қолдау көрсету мақсатында бірқатар белсенді жастың басын қосып, финалдық ойынға қатысуды жоспарлап отырмыз. Жақында Республика күніне орай еш хореографтың көмегінсіз, орталық қызметкерлерінің еңбегінің арқасында 400-ге жуық жастың қатысуымен еліміздің картасын сурет түрінде бейнеледік. Жастардың Қазақстан картасын құрған видеосы әлеуметтік желіде үлкен қызығушылық тудырып, жақсы пікірлер айтылды. Тіпті ҚР Президенті Аппараты мен бірнеше министрліктер тарапынан қолдауға ие болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстың белсенді студенттері өңірдегі таулардың біріне шығып, биік шыңды бағындырғысы келеді. Өздері шыққан шыңға «Студенттер шыңы» деген атау береміз деп жоспарлап отыр. – Жастарды толғандыратын түйткілдің бірі – жұмыссыздық. Орталық тарапынан аталған мәселенің шешілуіне нақты қандай шаралар қолға алынуда? – Облыс бойынша барлық жастар ресурстық орталықтарында NEET жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ашылып, арнайы инспектор бекітілген. Осы жылдың І тоқсанында уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі 8,6 пайызды, яғни 28 258 жасты құраса, ІI тоқсанның қорытындысымен уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі 7,1 пайыз болды. Яғни уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі өткен тоқсанмен салыстырғанда 1,5 пайызға, 6 706 жасқа төмендеген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 7,8 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Биыл Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, өңірімізде әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 36 987 жасқа адрестік талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 18 137 жастың мәртебесі «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде өзектендірілді. Қалған 18 850 жастың әлеуметтік мәртебесін анықтау және өзектендіру жұмысы жалғасуда. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына жалпы 1 520 жас тартылса, оның ішінде 213-і уақытша бос жүрген (NEET), 17-сі пробация қызметі есебіндегі жастар. Облыста қысқамерзімдік және қайта даярлау курстарына жалпы 491 жас, оның ішінде уақытша жұмыссыз жүрген 144, пробация қызметі есебіндегі 5 жас тартылған. Жоғары және кәсіптік техникалық оқу орындарына мемлекеттік және жергілікті қаржыландыру есебінен оқуға жалпы 193 жас тартылса, оның ішінде NEET санатындағы жастар саны – 133. Бизнес бастауға қайтарымсыз грант және жеңілдетілген несиеге уақытша жұмыссыз жүрген 243, пробация қызметі есебінде тұрған 11 жас қатысты. Биыл жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 22 907 өрен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 10 758 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 830 жас онлайн оқытуға, 1 884 түлек «Жастар тәжірибесіне», 306 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ 2 422-сі ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Облыс көлемінде 95 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелеріне 551 жұмыс беруші мекеме қатысып, 5 141 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 12 996 жұмыссыз қатысса, оның 4 395-і жастар. Жәрмеңке қорытындысымен 1 730 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 328-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Өзге де 1 665 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 2 289 жас тұрақты жұмыс орындарына жолданып, 9 448 жас консультациялық кеңестер алған. – Жастардың саяси, экономикалық және кәсіптік жетілуіне қалай ықпал етіп отырсыздар? – Жалпы облыс бойынша жастар саясатына қосып жатқан үлесіміз айтарлықтай көп деп айта аламыз. Түрлі салаларда жастардың белсенді болуына, интеллектуалды ортаны қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылуда. Талантты жастарды анықтап, болашақта үлкен белестерден көрінулері үшін барынша облыстық, республикалық деңгейде өтіп жатқан іс-шараларға жастарды тарту арқылы өз жолын тапқан жастар саны артуда. Өткен жылы орталықта жастардың әлеуметтік жобаларын, жастар бастамаларын қолдау және дамытуға арналған арнайы бөлім ашылды. Бөлімнің қолдауымен 50-ге жуық жас түрлі бағытта жоба жазуды үйреніп, азаматтық бастамаларды қолдау орталығының 300 000 және 500 000 теңгелік республикалық шағын гранттарына қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде жамбылдық 28 жас грант иегері атанды. Биыл «Шағын гранттарға қатысу, жобалар жазу» және өңірдегі волонтерлікті дамыту бойынша 6 оқу орнында бастамашыл топ өкілдеріне 20 оқыту іс-шарасы өтті. Іс-шаралардың басты мақсаты – шағын гранттар жобасын іске асыру арқылы жастардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету. Оқытуға облыс волонтерлері, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің, Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының студенттері мен түрлі ұйымдардың белсенділері қатысты. Оқытуларға барлығы 350-ден аса жас қатысып, түрлі бағыттарда өңір жастары 15 шағын грант жеңіп алды. Оның ішінде «BIRGEMIZ: TAZA ALEM» қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету бойынша «ECO журналистика» жобасы іске асырылды. Сондай-ақ «BIRGEMIZ: SABAQTASTYQ» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жастарға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қиын өмірлік жағдайда қалған балаларға қатысты еріктілердің тәлімгерлік тәжірибесін енгізу бойынша «Робототехника – заман талабы», «Тоғыздық», «YLTTUQ BRAND» және «SKILLS» жобалары жүзеге асты. Жақында ғана «Zhas project» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау. Биыл «Zhas project» жобасы еліміздің 20 өңірінде сомасы 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грантты ұсына отырып, гранттық қаржыландыру тетігі арқылы іске асырылады деп жоспарланған. Жамбыл облысына 8 грант бөлініп отыр. Шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа құжаттарды қабылдау 22 қазанға дейін жалғасады. – Ешкімге де жасырын емес, көп жастар облыста тұрақтамайды. Кейбіреулері мегаполистердің тұрғыны болып, үлкен қалада қызмет істегісі келсе, өзгелері қара терді қажет ететін жұмыс үшін шетел асып жатыр. Бұл мәселеде сіздің ойыңыз қандай? – Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің белсенді жастарымен кездескен болатын. Аймақ басшысымен ашық сұхбаттасуға 50-ден аса жас келді. Олардың ішінде студенттер, волонтерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары да бар. Әдемі әңгіме өрбіген басқосуда облыс әкімі осы мәселені көтеріп, қазіргі уақытта өңірлерде жастардың тұрақтап қалуы өзекті болып тұрғанын айтты. Өңір басшысы жас азаматтарымызға Астана, Алматы сияқты үлкен мегаполистерге кетпей, өз облысымызда орнын тауып, өндіріске, ауылшаруашылығына, білім-ғылымға да жаңаша серпін беруге күш салуы керектігін жеткізді. Ауылшаруашылығында жасы 50-ден асқан кісілер көп екенін сөз ете келіп, «Жастар үлкен қалаларға, қала берді шетелдерге кетіп жатқанда шаруашылыққа жаңа технологияларды кім алып келеді, оларды кім игереді?» деген сауал қойды. Аймақ басшысы Таразда веложолдар, заманауи саябақтар, кофеханалар болса, электрмобильдер жүргізіп, оларды қуаттайтын нүктелер орнатсақ, жастардың да осында қалуға қызығушылығы артатындығын айтты. Расында да әлемде бір ғана кәсіпорнымен, жалғыз өндірісімен, бизнесімен дамып, туристер мекеніне айналған қалалар жетерлік. Ол қалалардың басшылары өздерін дамытып отырған кәсіпкерлігін шаһарының бренді етіп алған. Бізге де «электрмобильдер қаласы» атануға мүмкіндік мол. Біздің өңір жылдың қай мезгілінде де жылы. Сондықтан Тараз қаласы басқа облыс орталықтарының ішінде электрмобильдерге өте қолайлы. Бұл туризмді дамытуға да өз ықпалын тигізер еді. Сол басқосудан кейін аймақ басшысы біздің орталыққа бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, «ТikTok хаус» құруды жүктеді. Сонымен бірге бір-бірімізге ой салып, мәселелерді талқылап отыратын, бірге пікірлесетін облыс жастарының «Telegram»-каналын ашуды тапсырды. Әрі газет-журал оқымайтын жастардың қатары артып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, жастарға арналған облыстық «AR-AI» газетін оқуға кеңес берді. – Ел ертеңінің тірегі саналатын бүгінгі жастарымыз тәуелсіздік жылдары өмірге келіп, білім мен тәрбие алды, азамат болып шыңдалды. Сіздің ойыңызша, тәуелсіздік құндылықтарының жастарға тигізген игі ықпалы қандай? Егемендік қазақстандық жастарға не берді? – Тәуелсіздік құндылықтары жастарға ой еркіндігі, рух еркіндігі, сөз еркіндігі сияқты зор мүмкіндіктер берді. Ең бастысы, ана тіліміздің мәртебесі артты. Бұрын орыс тілін білмеу ұят болатын, сол үшін ауылдағы біраз жас жұмысқа орналаса алмай жататын. Қазір керісінше қазақ тілін білмеу ұят, қазақ тілін жетік меңгерген маманға сұраныс жоғары. Мен осыған қуанамын. Тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес одағының шекарасы әлемге жабық болатын, ал тәуелсіз елдің жастары үшін алыс-жақын шетелдерде қоғамның барлық саласына жол ашық, жастардың таңдау мүмкіндігі мол. Бүгінгі таңда жастарымыз ғылым мен техниканы, IT-технологияларды жетік меңгерген. Сонымен қатар көптеген шетел тілдерін игерген. Осындай барлық таңдаулар мен мүмкіндіктерді жастарға берілген тәуелсіздіктің игіліктері деп білуіміз керек. – Замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз? – Өзіндік пікірі, өзіндік ойы, өзіндік позициясы бар көзі ашық, көкірегі ояу буын өсіп келе жатыр. Мен бұған қатты қуанамын. Замандастарыма ең бірінші берер кеңесім – еңбек ету керек. Әркімнің өмірге келгендегі бір миссиясы бар, сол өмірлік міндетін тауып, сол үшін күресе білу маңызды. Жастардың бүгінгі еңбегі, ісі – болашағына құйған инвестиция. Сол нәрсені естен шығармағаны жөн. Екіншіден, замандастарымыз жаман әдеттерден аулақ болса деймін. Оңай олжа қайда бар деп жұмыс істегісі келмейтін, құмар ойынға әуестеніп, есірткіге еліткен жастар кездесіп жатады. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры ретінде осы мәселенің шешімін табуға әрекеттеніп жатырмын. Ойда бірнеше жоспарым бар. Оны уақыты келгенде айта жатармын. Ең бастысы, жастар бойда жалын, қуат барда аянбай тер төгіп, елге адал қызмет етуі керек. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ақтоты Жаңабай