Көкқайнар – құтты мекен
Көкқайнар – құтты мекен
Дана халқымыз «Ауыл – қазақтың алтын бесігі, күретамыры» деп текке айтпаған. Ұлттық құндылықтардың қайнар көзі саналатын ауылдықтардың тыныс-тіршілігіне көз жүгіртсең, бірі төскейде мал өргізіп, төрт түліктің бабын тапса, енді бірі егіс алқаптарына тер төгу арқылы ырзығын айырып отыр. Ауылдықтар ала таңнан қара кешке дейін бір тыным таппай, еңбектің көрігін қыздырып жүргені белгілі. Бұл қайнаған еңбектің қақ ортасында жүріп, бейнеткештігімен бір-біріне үлгі болған ауыл халқына тән тыныс-тіршіліктің сыртқы көрінісі ғана. Жалпы ауылдарды дамыту, ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мемлекеттің назарынан тыс қалған мәселе емес. Бұл тұрғыда ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге арналған сан түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ауыл мен ауылдық жердегі агрокешендерді дамыту мәселесі де жүйелі жолға қойылған. Шағын және орта бизнес ісі де ілгерілеп келеді. Іске ебі барлардың шаштараз, тігін цехы, наубайхана, техника жөндеу орталығы, көлік доңғалағын желімдеу секілді сервистік қызмет көрсету саласы да кейбір ауылдарда кеңінен дамып келеді. Әйтсе де қандай да бір мекеме не шаруашылық, кәсіпкерлік тарапынан жұмысшы не қызметкерге сұраныс түссе, ауылдық округ әкімдігі аудандық мансап орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға!», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» секілді әртүрлі бағдарламалар мен жобалар бойынша жұмыссыздарды еңбекпен қамтуға күш салады. Одан бөлек ауылдық жерде «Ауыл – ел бесігі» немесе басқа да жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілсе, тұрғындар уақытша, егер жаңа нысан салынса, біраз адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Соның өзінде ауылдық жерде екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетерлік. Олардың ішінде тұрғынның бірі ұсынылған жұмыстың айлықақысын азсынса, енді бірі ақылы қоғамдық жұмысты өзіне қор санайтынын да айта кетуіміз керек. Негізі белгілі бір мекемеде еңбек етіп жүрмегендердің барлығын бірдей жұмыссыз деп айтуға тағы болмайды. Ауылдықтардың бірі қолындағы 5-10 тұяғын өріске шығарып, түлігін төлі есебінен көбейтуді мақсат тұтып бейнеттенсе, тағы бірі өзара келісім бойынша ақыға жұрттың малын бағып, құрылыс жұмысын істейді, отын-суын тасып, шөбін шауып, егінін суарады. Халықтың мұндай тобы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатына жатады. Десе де денсаулығы бола тұра еңбекке қабілетті адамдардың арасында үйдегі ата-ана немесе отбасының басқа да мүшесінің табысына ортақтасатындар бар. Бірақ күнін масылдықпен өткізетіндер ел ішінде некен-саяқ. Ондай жатыпішерлер «қайтсем отбасыммен тәуір тұрмыс кешемін, қайтсем бала-шағамды жеткіземін» деп күн кешетіндерден үлгі алса игі. Жалпы «Малдының беті жарық, малсыздың беті көн шарық» деген нақылды жақсы білетін ауылдағы ағайын бақыттың тек еңбекпен ғана келетінін, еңбек ер атандыратынын, береке-байлық еңбекте екенін ұрпағына өсиеттейтіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде тұрғындары дау-дамайдан ада, әр істі келісіп жүзеге асыратын ауылдардың көшелері жөнделіп, саябақтары сәнге оранған. Көркі көз тартып, шағын және орта бизнес пен іргелі шаруашылықтардың арқасында ажары ашылып, абыройы асқақтай түскен ауылдар облыс аумағында көбейіп келеді. Соның бірі – Шу ауданындағы Көкқайнар ауылдық округі. Қордаймен шекаралас жатқан Көкқайнар ауылы бұрынғы КСРО дәуірінде Жданов атындағы ұжымшар болған екен. Қазіргі таңда аталған ауылдық округтің жалпы жер көлемі 30 177 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік алқабы – 7 900, жайылымдық жер – 21 950 гектар. Ауылдық округ әкімі Қуатбек Жамбыловтың айтуынша, Көкқайнар ауылдық округінде 1 771 тұрғын бар, аталған елді мекеннің ажары жыл өткен сайын ашылып келеді. – Мен ұзақ жылдар бойы осы ауылдық әкімшілік аппаратында бас маман болып еңбек еттім. Кейінгі жылдары ауыл әкімі ретінде тұрғындардың жайлы өмір кешуі үшін қолдан келген істі жасап жатқан жайым бар. Халықтың әл-ауқатын көтеру, жұртты жұмыспен қамту ұдайы назарымызда тұрған шаруа. Мәселен, биыл ауылға ауызсу құбыры тартылып, қазір таза суды әркім өзінің үйді-үйіне кіргізіп алып жатыр. Ауызсу құбыры жүргізіліп жатқанда аудандық мансап орталығы арқылы бірнеше көкқайнарлықтар уақытша жұмысқа тартылса, қазіргі таңда үш тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Сол секілді Көкқайнар ауылының кіреберісіне сәулет-сәндік мүсін орнатылып, оның айналасы асфальтталып, сыртқы жарықтандыру жұмыстары талапқа сай жүргізілді. Ауылда екі ойын алаңы бар болса, бірі осы сәулет-сәндік мүсін орнатылған ауылдың кіреберісінен орын тепкен. Онда шағын футбол алаңы да бар. Биыл қолданысқа берілген балаларға арналған ойын кешені ауыл ішінен салынды. Ол жерге үлкен әткеншек, шатыры бар орындақтар және тағы да басқа жабдықтар орнатылды. Ауылымыздың бес көшесі де жарықтандырылған, асфалть төселген. Осы жұмыстардың құрылысы қолға алынғанда кейбір тұрғындар уақытша балса да еңбекпен қамтылып, нәпақа тапты. Жалпы жұртшылық ауылда мал және егіншаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысу арқылы күнелтіп жатыр, – деді Қуатбек Тірібосынұлы. Ауыл әкімінің айтуынша, жалпы халықтың 955 тұрғыны экономикалық белсенді болып саналалады. Тұрғындардың 53 пайызы – жастар мен оқушылар (647), 37 пайызы – зейнеткер (169). – Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі. Бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды, ел мен жерді сақтауды ата-бабаларымыз көрсеткен дана жол деп қабылдаймыз. Уақыт соны көрсетуде. Алғаш тәуелсіздік алып, ес жиып, жоғымызды түгендегеннен кейін бұл мәселеге бүкіл қоғам болып қайта оралуымыз қазіргі заман талабынан туындап отыр. Әсіресе ел-жұртқа бас-көз болар «Ауыл зиялыларының жағдайы бүгінгі күні қалай болып жатыр?» деген сауалға қатысты нақты жауап беретін кез келді. Ақсақалдан балаға дейінгі ұрпақаралық байланысты қамтамасыз еткен тарихи тамырлар бір кездері басқаша сипат алғаны жасырын емес. Сол кезде қарқын алған жаһандық урбанизация ауылға да жеткен еді. Ауылдан қалаға халықтың жаппай көшу салдарынан буынаралық байланыстар үзілді. Ауыл тұрғындарының қатары әртүрлі себептерге байланысты қатты сейілді. Ондаған жыл бойы қалыптасқан ауыл зиялылығын құрған әлеуметтік топ түрлі факторлар себебі нәтижесінде біртіндеп азайды. Дегенмен заман түзеліп, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы қазір біршама жақсарып келеді. Өйткені бұл мемлекетіміздің ауылдарға жаңа серпін, тың тыныс беретін түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруды қолға алуының жемісі. Жұртшылықтың жағдайын көтеру үшін іске қосылған бағдарламалар мен Президент тапсырмасынан туындаған және өзге де жүктелген міндеттерді сапалы жүзеге асыру – біздің негізгі мінтетіміз. Ауылды көтеру ісі бәрімізге ортақ. Сондықтан ауылдың игі жақсылары, кәсіпкерлер, ауылдан шыққан айтулы азаматтар бұл тұрғыда тізе қоса қимылдап жатыр. Мақсат – ауылды көтеруге арналған бастамаларды ақылдасып шешу, тапсырманы тиянақты орындап, кем-кетікті түзеу, жоқ-жітікті бүтіндеу. Заман ағымынан қалып қоймай, уақыт үндестігімен күн кешуді халықтың санасына сіңіру – бәріміз үшін парыз. Ауылдан шыққан қалталы, еті тірі жерлестерімізді ауыл проблемасына көңіл аударту арқылы, оның шешілу жолдарын шынайы қарастырғанда ғана үдеден шыға аламыз. Мысалы, Көкқайнар ауылдық округінің тұрғындары бір-біріне көмектесіп, біріне-бірі болысуда ортақ мәселеден тыс қалған емес. Соның бірі – тұрмыс жағдайы төмен немесе аса қажеттілігі бар отбасыларға қаржылай көмектесу, тұрғын үйге зәру болып жүргендерді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл ретте «Асарлатып үй салу» жобасы жанымызға жалау болып тұрғанын айта кеткім келеді. Мәселен, ауыл тұрғындарының демеушілігімен жалғызбасты ана Гүлзира Қанатбаева үшін тұрғын үй салынып, кілті өзіне табысталды. Соның арқасында біреу баспаналы балса, енді бірі құрылыс жұмысымен қамтылды. Қазақтың мәрт меценаттары әр заманда болған және бола да береді деген сенім зор. Білім мекемелерінің түлектері де жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналып отыр. Біз бұл істі жүйелі қолға алдық. Ауыл азаматы Марат Сырлыбаев өз демеушілігімен Саттар Естемесов атындағы орта мектепке қазіргі заман талабына сай ақпараттандырылған математика кабинетін жабдықтап берді. Оқушыларға жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдауы үшін осылай біртіндеп жағдай жасалуда, – деді ауыл әкімі. Көкқайнар ауылында халықтың жұмыспен қамтылуы бюджеттік ұйымдарда жалпы 128 адам болса, шаруа қожалықта – 228, ақылы қоғамдық жұмыста – 40. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 559 адам екен. Ауылда алтын құрсақты, күміс алқалы, көпбалалы 200-ден астам отбасы бар болса, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылардың жалпы саны жетеу екен. Елімізде бірнеше жылдан бері ауылдық жердегі әлеуметтік сала мамандары тапшылығын жоюға арналған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын», деген еді. Ауылдық округ әкімдігі аппаратының бас маманы Дамира Муриева Көкқайнарда аталған бағдарлама арқылы жұмысқа тұрған, баспаналы болған жас мамандар бар екенін сөз етті. Ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының арқасында еліміз бойынша ауылдық елді мекендердегі спорт, білім саласы мен ауылшаруашылығында мал дәрігері секілді мамандық тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіліп жатқанын тілге тиек етті. – Ауылда еңбек еткісі келетін жастарға айтарлықтай мүмкіндік беретін бірегей бағдарламаның бірі – «Дипломмен – ауылға!» атты мемлекеттік бағдарлама. Мұны ауылда тұрақтап қалғысы келетін өрендерге көрсетілер қолдаудың қайталанбас үлгісі деп білеміз. Өйткені ауыл жастарына өзі туып өскен ауылында жүріп-ақ қай салада маман иесі тапшы екенін ұғынып, жүрегі соны қаласа, жоғары оқу орнына сол мамандық бойынша оқуға түсіп, қолына диплом алғаннан кейін туған жеріне оралуына мүмкіндігі бар. Бұл бастама негізі қоғамдағы жастардың ерте бастан үйлі-жайлы болуына үлкен септігін тигізуде. Ауылда 2022-2023 жылдарға он екі ауыл азаматы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасса, ал бұрнағы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы Саттар Естемесов атындағы орта мектепке математика пәні мұғалімі жұмысқа алынды. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен ауылдық әкімшілікте ақпараттық жүйелер маманы жұмыс істеп жатыр. Ауылға келген жас маман тек кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін беретіні сөзсіз. Қашанда жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да жаңа тың серпілістер жасайтынына сеніміміз мол. Бұдан жастар қызметке келген ұйым, мекемелердегі жұмыс сапасы да арта түсетіні анық. Бір сөзбен айтқанда, жастардың ауылдың тіршілігімен, ондағы халықтың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас ертең елге қызмет ететін басшы болады. Ол ауылдың болашақ тірегі – зиялы қауым өкілі болып қалыптасады. Жастардың ауылға деген көзқарасын өзгерту шараларын батыл іске асырсақ, бұл мәні зор үлкен іс болмақ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауылдықтарды жұмыспен қамту құр сөзбен шешілмейді, – деді Дамира Нұрхалиқызы. Оның айтуынша, ауылдықтардың жұмыспен қамтылуына септігін тигізіп отырған жеке кәсіпкерліктер жетерлік. Мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл ішінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар өз ісіне жетік. Ауыл тұрғыны Айжан Ажикешова 50 орындық «Нұрдана» балабақшасын ашып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың ықыласына бөленуде. Жеке кәсіпкер Раушан Елікбаева 200 орынға арналған «Шұғыла» кафесін ашып, бес ауыл азаматын жұмыспен қамтыпты. – Өткен жылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алған 4 азамат кәсіп бастау мақсатында грант иегері атанған еді. Аталған грант иелері бүгінгі таңда кішігірім малшаруашылығымен айналысып, өздерін жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек Жансая Әскербек, Гүлжанат Сағымбекова, Айзада Толбаева ауылдағы түрлі той-томалақ пен ас-жиындарда үй иесіне дастарқан мәсзірлерін әзірлеп беріп, тәтті тоқаштарын да саудалап жүр. Қуанышқа негізделген жиындарда шармен безендіру ісі бойынша және әр тойдың сәнін келтіріп жүрген Сандуғаш Төлеубиева, Салтанат Алдакенова, Құндыз Оразбаева секілді нәзікжандылардың қызметіне де ауылда сұраныс бар. Шу ауданы мен өзге де ауыл арасында ауыл азаматтары жеке көлігімен адам тасып, табыс тауып жүр. Ауыл, аудан арасында «такси» қызметін ұсынатын 7-8 адам бар. Шу – Алматы бағытында 15 жеңіл автокөлік иелері адам тасымалдайды, – дейді Д.Муриева. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан жас маманның бірі – Райхан Батчаева. 1996 жылы осы ауылда өмір есігін ашқан ол 2014 жылы Саттар Естемесов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, 2018 жылы «Биотехнология» мамандығын игеріп шығады. – 2017 жылы өз ауылымның азаматына тұрмысқа шықтым. Бір жыл Алматы қаласында тұрдық. Ата-енемнің қолына келмес бұрын маған өз ауылымда қандай жұмыс қолайлы екенін зерделеу қажет болды. Математика пәні мұғалімі тапшылығы бар екенін білгеннен кейін 2018 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түсіп, сол жерден математика пәні мұғалімі мамандығын игеріп шықтым. 2021 жылы қолыма диплом алғаннан кейін ауылға келдік. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы атандым. Соның арқасында баспана алу үшін болар-болмас пайызбен 4 миллион 375 мың теңге несие алдым және көтермеақы ретінде 300 мың теңгеге жуық қаржы қолыма тиді. 6 бөлмелі үйіміздің ауласында қора-қопсы, монша, гараж бар. Кеше ғана тұлымы желбіреген ауылдың қызы болсам, бүгінде екі баланың анасы, оқушыларымның ұстазымын. Мемлекеттің қамқорлығын сезінген жастың бірі екенімді мақтан тұтамын. Енді менің алдымда ұрпақ тәрбиесі мен бала оқытуда өз міндетімді сапалы атқару ғана тұр. Елдің, мемлекеттің алдындағы өтеуімді адал еңбекпен қайтару – азаматтық парызым деп білемін, – дейді Райхан Болатқызы. Мемлекеттің қамқорлығын көріп отырған жастың бірі – Жазира Аби. Ол 27 жаста. Шу ауданының Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітіргеннен кейін аудандағы «Алмаз» гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түседі. Колледжде мектепке дейінгі білім мекемелерінде тәрбие ісі бойынша білім алып жүрген ол соңғы курсқа келгенде отбасылық жағдайына байланысты оқудан қол үзіп қалады. Дегенмен араға жылдар салып, оқуды қайта жалғастырудың сәті түсіпті. 2017 жылы Көкқайнар ауылының келіні атанады. Биыл қыркүйек айында аудандық мансап орталығының жолдамасымен ауылдық кітапханаға жұмысқа тұрыпты. Жазира Табысқызы: «Менің міндетім – кітапханашыға көмектесу. Сөредегі кітаптарды жұртшылыққа тауып беру, кітаптарды ретімен орналастыру секілді жұмыстарды атқарамын. Үйде екі балам, күйеуім және ата-енеммен бірге тұрамын. Өмірлік серігім өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатында. Атам Белбасар ауылында орналасқан «Қызылша жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизатор болып еңбек етеді, ал енем немерелеріне қарайды. Қолыма тиетін айлықақым 80 мың теңге шамасында. Бұрын қандай да бір мекемеде еңбек етіп көрмегендіктен маған ұжымдық жұмыс таңсық болатын. Жалпы ұжымдасып еңбек ету, өз табысың арқылы отбасылық бюджеттің ұлғаюына сеп болу мен үшін бір бақыт», дейді. Белбасар ауылында орналасқан «Қызылша жер» шаруашылығы көкқайнарлықтардың бірқатарын жұмыспен қамтып отырған көрінеді. Жалпы бұл ауылдық округте халыққа жұмыс беріп отырған шаруашылықтар аз емес. Соның бірі – «Нариман» шаруа қожалығы. Шаруа қожалық басшысы Шынар Өскенбаева «Нариман» шаруа қожалығы 1997 құрылғанын айтады. Қожалық иелігінде барлығы 4705,35 гектар жер болса, оның ішінде суармалы – 66,4 гектар, жайылымдық – 3438,35, ал егістік жер 1200,6 гектар екен. Бұған қоса шаруашылықта 201 мүйізді ірі қара, оның ішінде Әулиекөл асылтұқымды сиырдан 6 бұқа бар. 2 728 уақ малдың ішінде аналығы – 1 695, 41-і қазақтың құйрықты, қылшық жүнді асылтұқымды қошқары. 92 жылқының төртеуі «Жабы» асылтұқымды айғыры көрінеді. – «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011 жылы «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы жалпы сомасы 8 миллион теңге көлемінде несие алдық. Жоғарыдағы аталған ірі қара малдарын сол кезде сатып алып, төлі есебінен көбейттік. Ал 2015 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша жоғарыдағы аталған қордан алынған 11 миллион 900 мың теңгеге тағы да мал сатып алынды. 2019 жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, 430 саулық сатып алдық. 2019 жылы 450 гектар күздік бидайдың бірінші репродукциялы «Стекловидная-24», 390 гектар жерге 2 репредукциялы «Бәйшешек» жаздық арпасын сеуіп табысқа кенелдік. Нәтижесінде қазір әр гектардан күздік бидайдан 28 центнерден, жаздық арпаның әр гектарынан 24 центнерден өнім алынуда. Шаруашылықта жылына 400 гектарға пар айдалып отырады, 350 гектарға сүдігер дайындалады. Малшаруашылығы бойынша 3 000 уақ малға арналған 3, 200 қылқұйрықтыға лайықталған және 250 мүйізді ірі қара үшін қыстық қора мен үй-жай салынған. Кезекті мал қыстату кезеңіне ауылшаруашылық малдарын мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында 300 тонна шөп, 150 тонна жем жыл сайын дайындалады. Қазіргі таңда 250 гектарға бидай егілді. Өскемен қаласынан 2020 жылы 50 тонна элита тұқымының «Бригада-1» сорты әкелініп себілген еді. Сол жылдардан бері жоғары сұрыпты тұқым қолдануды күн тәртібінен түсірмей келеміз. Жалпы қожалықтың суармалы жеріне жыл сайын 250 гектардан 500 гектар алқапқа арпа-бидай себіледі, – деді Шынар Аманбайқызы. «Нариман» шаруа қожалығында 4 отар уақ мал мен үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр 12 отбасының бағымында екен. Қожалықта барлығы он екі малшы болса, одан бөлек 10 шақты механизатор мен басқа да жұмысшылар бар. Мал ала жаздай Жайсан жайылымында бағылса, қыста тау бөктеріндегі қыстауда ұсталады. Қырқын, шөп шабу, қора-қопсы жөндеу, егіс, жиын-терін секілді науқандық жұмыста уақытша 50-60 адам жұмысқа тартылады екен. Жұмысшылардың барлығына жағдай жасалған, атап айтқанда отын-суы, азық-түлігі, басқа да қажетті заттар тегін беріліп тұрады. Ш.Өскенбаеваның айтуынша, 2019 жылы «Асыр» шаруа қожалығы құрылып, оған отағасы жетекшілік етіп отыр екен. Мал және егіншаруашылығымен айналысатын бұл қожалықтың да тіршілігі өз алдына бөлек жүргізілуде. Жалпы ауылдықтардың әл-ауқатының көтерілуіне, тұрмыс жағдайының түзелуіне осындай жағымды факторлар әсер ететіні белгілі. Себебі шаруашылық иесі жұмысшының ақысын жемей және бар жағдайын жасаған жерде жұмысшы тапшылығы туындамайтынын айтады. Көңілге қонымды еңбекақы ұсыну мен оларға шаруашылықтың табысын еселеуші ретінде қарағандықтан бірінен-бірі естіп, жұмыс сұрап келетін адамдар әлі де бар көрінеді. Жалпы жұмыссыздықтың түрлі себебі бар. Онымен мемлекет күрес жүргізуде. Ал кейде шаруалардың кейбірі «механизатор, шопан тапшы. Жастар ауыр жұмыс істегісі келмейді» деп мәселе көтеріп жататыны бар. Ал «Нариман» шаруа қожалығы жұмысшыларға еңбеккер ретінде қараудың арқасында бұл мәселенің шешімін тапқан. Жалпы Көкқайнар ауылдық округіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көріністің бір парасы осындай. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com