Жаңалықтар

Ертегі тыңдаған баланың ертеңі жарқын

Ертегі тыңдаған баланың ертеңі жарқын

Былтырдан бері облыстық «Анаға тағзым» орталығы мен «Аналар алқасы» бірігіп, отбасы институтын нығайтып, ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізіп келеді. Арнайы жобаларды іске асыру аясында жоғарыда аталған екі орталық өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Осы келісімнің аясында «Әжемнің ертегісі» жобасы қабылданып, бір жыл бойы Тараз қаласы мен 10 аудандағы «Аналар алқасының» әжелері айына бір рет балабақшаларға барып, бүлдіршіндерге ертегі айтып берді. Бұл жоба дәл уақытында қолға алынған бірегей әрі ауқымды бастама болды. Әжелер осы арқылы балалардың бұрынғыша ертегімен сусындап өсуіне жағдай жасалғанын айтады. Жуырда ғана әжелеріміз осы жоба аясында Мойынқұм ауданы «Балбөбек» балабақшасына барып, бүлдіршіндерге ертегі айтып берген болатын. – Ұлттық құндылықтарымыздың түрі көп. Соның ішінде балалардың қиялын өсіріп, тәрбиесін шыңдайтын бірден-бір рухани байлығымыз – әжелердің ертегісі. Біз бүгінгі таңда сол үрдісті жалғап, жаңғыртып отырмыз. Осы арқылы біз болашақ ұрпағымыздың бойына ұлттық тәлім-тәрбиемізді сіңіре аламыз. Өйткені ертегі тыңдап өскен баланың ой-санасы ашық, сергек болады. Енді бір жағынан ертегі айтып, сол арқылы баланы тәрбиелеу, оларға жаман мен жақсының не екенін ертегідегі кейіпкерлер арқылы білдіру біздің бала тәрбиесіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыздың аса маңызды бөлігі болып саналады. Сондықтан бұл үрдісті жаңғыртуда біздің әжелеріміздің үлесі зор. Бұл шын мәнінде нағыз рухани жаңғыру деп есептеуге болатын бірегей жоба, – дейді Мойынқұм аудандық Аналар алқасының мүшесі Айнаш Боташева. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуден бөлек, Аналар алқасы ел арасындағы отбасылық жағдайды жақсартуға да өзіндік үлес қосып жүр. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тізімін анықтап, қажетті жағдайда көмек көрсетуге ықпал етеді. Әсіресе қыз баласының тәрбиесіне қатысты түрлі тақырыпта жиындар өткізіп, бойжеткендердің парасатты, салиқалы болып өсулері үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырады. Қазіргі таңда бала тәрбиесінің өте өзекті болып отырғаны анық. Оның үстіне мың құбылып тұрған мына дәуірде өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, сол арқылы балаларымыздың тәлім- тәрбиесін қадағалай алсақ, кәнеки! Шапағат Әбдір