Халық қаһармандарын құрметтеуіміз керек
Халық қаһармандарын құрметтеуіміз керек
Жас ұрпаққа өнеге көрсету, патриоттық тәрбие беру қоғам алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі екені анық. Расында, ұлтына деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан адамгершілікті де, қамқорлықты да, адалдықты да, мәдениетті де күтуге болмайды. Сондықтан патриоттық тәрбие берудің маңызы зор. Осы орайда Халық қаһарманы, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Ертаев екі күндік іссапармен облысымызға арнайы ат басын бұрды. Даңқты жерлесіміз алдымен өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Халық қаһармандары мен Қазақстан Еңбек Ерлерінің Жамбыл облысына сапары туралы» баспасөз конференциясын өткізді. Басқосу барысында Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өскелең ұрпақ арасында идеологиялық және патриоттық тәрбиені арттыру бағытында өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар баспасөз конференциясына облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, аталған қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Болат Ақжалов, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Еркін Атымтаев қатысты. Жиын барысында Халық қаһарманы биліктегі азаматтардың басым көпшілігі елімізде қанша Еңбек Ері мен қаһарман батырдың бар екенін білмейтінін айта келе, жастарға патриоттық тәрбие беру ісіне көңіл бөлу жайында ойларын ортаға салды. – Қоғамдық бірлестіктің алға қойған мақсаттарының бірі – еліміздің жас жеткіншектеріне рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығының дәстүрін жалғастыру. Әрі жалпыұлттық іс-әрекетті және күш-жігерді біріктіріп, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген саяси мәдениетті қалыптастыруға қолдау көрсету. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бүгінге дейін 36 тұлға «Халық қаһарманы» атанса, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғандар саны – 51. Қазіргі таңда «Халық қаһарманы» атағы бар 11, ал «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бар 37 адам ортамызда өмір сүріп жатыр. Бұл дегеніміз – Қазақстан бойынша 48 батыр бар деген сөз. Бүгінде алға қойған жоспарлардың бірі – батырларды ел ортасында, әсіресе жас буын өкілдерінің арасында насихаттау. Олардың еңбек жолдары, жеткен жетістіктері жайлы және елімізге сіңірген еңбектері, атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат тарату. Осы іс-шараларды жүзеге асыруда салалық министрліктер және облыс әкімдіктері өз үлестерін қосса деген үміттеміз. Бүгінгі таңда бірлестіктің 9 филиалы ресми тіркеуден өтті, – деді Халық қаһарманы. Бақытжан Ертайұлы жуырда Мемлекет басшысының қабылдауында болып, бірнеше ұсыныстарын жеткізгенін айтты. Біріншіден, әрбір министрлік өз саласы бойынша сараптама жүргізіп, егемендік жылдарында қанша азаматтың жоғары атаққа ие болғаны туралы ақпарат жинап, бірлестікпен бірлесе насихаттау жұмыстарын қолға алу керек. Бұл іс-шараға облыстық, қалалық әкімдіктер де атсалысса игі. Сондай-ақ батырларды жас ұрпаққа, болашақ қорғаныс саласында қызмет атқаратын сарбаздарға үлгі ретінде таныстыру іс-шараларын жүргізу үшін салалық министірліктермен және облыстық әкімдіктермен бағдарлама дайындап, жоспарлы түрде жүзеге асыру қажет. Мұнымен қоса батырлардың қатысуымен республикалық, облыстық деңгейде патриоттық, спорттық және тәрбиелік бағытта іс-шаралар жүйелі іс-шаралар өткізудің берері мол. Келесі ұсыныс – батырлар туралы журналдар, кітаптар, деректі фильмдер шығару. Генерал тарапынан көтерілген тағы бір бастама – батырлар туралы жоғары оқу орындарында, әскери гарнизондарда және музейлерде көрмелер ұйымдастыру. Сонымен қатар жастармен олардың Отан алдында әскери борышын өтеуге байланысты кездесулерді жоспарлы түрде өткізу керек. Сондай-ақ құзырлы ведомстволармен бірлесіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған бағдарламалар әзірлеп, іске асыру да маңызды міндет. Сол сияқты облыстық әкімдіктермен, қорғаныс істері жөніндегі департаменттермен және білім басқармаларымен бірге ауыл жастарына түсіндіру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу қажет. Бұдан бөлек қоғамдық бірлестіктің жоспарларын іске асыру барысында батырлармен қатар, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, сонымен қатар елге танымал азаматтардың тәжірибесін пайдалана отырып, жастар арасында тәрбиелік маңызы бар іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп тұру керек. Баяндамашы сөз соңында айтылған ұсыныстардың бірлестіктің екінші конференциясында талқыланғанын айтып, Үкіметке ұсынылатынын тілге тиек етті. Мұнан соң Ұлана Сламбекқызы 18-19 қараша күндері тағылымы мол шаралар Тараз шаһарында, «Жеңіс» саябағындағы батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылып, аудандарда жалғасын табатынын жеткізді. Ақтоты Жаңабай