Жаңалықтар

Жасай бер, «Жасыл ел»!

Жасай бер, «Жасыл ел»!

«Жасыл ел» еңбек жасағы кезекті маусымын қорытындылады. Осы орайда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде салтанатты іс-шара өтті. Жиынға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штаб жетекшісі Ермек Қыпшақбаев, еңбек маусымына атсалысқан белсенді жастар мен студенттер қатысты. – «Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Бұл тұрғыда замандастарымыз елді мекендерді абаттандыру және көгалдандырумен айналыса отырып, өз бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады. Келер жылы да бұл игі істі қайта жалғастырамыз. Жыл бойына сіздердің үлестеріңізбен қаладағы 14 ықшамаудан мен үш саябақ, арық-атыздар тазаланды. Алдағы жылы еңбекқор жастардың санын 2000-ға арттырамыз. Экологиямызды тазартуға, қоршаған ортаны жақсартуға, гүлдендіруге атсалысқан жастардың еңбегін біз ешқашан ескерусіз қалдырмаймыз, – дей келе, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары мен жастарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар іс-шара барысында белсенді жастар марапатталды. «Жасыл ел» жобасын іске асыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Үздік жасақ», «Үздік сарбаз», «Үздік командир» номинациялары бойынша үздіктер іріктелді. «Үздік жасақ» аталымы бойынша I орынды Қордай аудандық «Жасыл ел» штабы иеленсе, II орынды Меркі аудандық «Жасыл ел» штабы еншіледі. III орынға облыстық «Жасыл ел» штабының екінші тобы лайық деп танылды. «Үздік сарбаз» аталымымен Бағлан Ескендір марапатталса, «Үздік командир» жүлдесі Талант Айтуаровқа табысталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды. Эльмира БАЙНАЗАРОВА