Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ

Кеше Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Twitter» парақшасында жазды. Президент құттықтауында: «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», деді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 14 қараша күні таңғы сағат 8:10-да өмірге келген бес сәби Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізді. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Қазақстан халқы көптен күткен қуанышты жаңалыққа орай облысымызға белгілі азаматтар да жүрекжарды лебіздерімен бөлісуде. – 20 миллионға жеткеніміз шынымен де қуанатын жаңалық. Бұл ел саясатының дұрыс жүргізілгендігінің көрінісі, бейбітшілігіміз бен тыныштығымыздың арқасы. Соңғы кезде халық санын арттыруға байланысты көптеген игі бастамалар мен бағдарламалар іске асырылуда. Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 8 мың әйел жүкті болып, 5 мыңнан аса сәби дүниеге аман-есен келді. Сонымен қатар әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен ЭКҰ-ға квоталар саны 7 есеге ұлғайтылып, 20 мыңнан астам әйелді ЭКҰ рәсімдерімен қамтыды. Осылайша сәбиге зар болған мыңдаған отбасы осы бағдарлама арқылы өздерінің армандарына қол жеткізіп, жанұя бақытына кенеліп отыр. Міне, мұның бәрі де сындарлы саясатымыздың дұрыс жүзеге асып жатқандығының көрінісі, – дейді облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали. Байзақ ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Ақжарқын Стаханова жағымды жаңалыққа көңілі марқайғанын жасыра алмады. – Құдайға шүкір, мемлекеттің тұрақтылығының арқасында 20 миллионға да жеттік. Халық санының өскені мемлекет үшін күш-қуат сыйлайтын қуаныш. Ал ел тұрғындары санының артуына мемлекет саясатының дұрыс жүргізілуі маңызды. Біздің Отанымыз отбасылық саясатты жүйелі түрде жақсы жүргізіп келе жатыр. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету шеңберінде де бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар балалар арасында туындайтын проблемаларды жүйелі шешу мақсатында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Мұның бәрі де біздің санымыздың алаңсыз өсуіне ықпал жасайтын жағдай болып саналмақ. Алда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылса, біз де халқының санының көптігімен мақтанатын елдердің қатарына кіретініміз анық, – деді көпбалалы ана. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Саят Мәмешованың да айтары бар. – Кешелі бері қазақ даласын «20 миллионға жеттік» деген сүйінші хабар қуанышқа бөледі. Халқымыздың саны көбейгені, мемлекетіміздің мерейінің асқаны құтты бола бергей! Мемлекет бала өсуінің барлық кезеңдерінде отбасыларды қолдауды бір сәтке де тоқтатқан емес. Қайта халықтың осал топтары үшін жәрдемақылардың саны артып келеді. Сонымен қатар отбасының цифрлық картасы енгізілді. Енді міне, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыруға дайындалуда. Бұл шаралардың бәрі де балалардың әл-ауқатын нығайтуға және аналарымызды қорғауға, қолдауға бағытталған. Сондай-ақ мемлекет балалары бар отбасылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасап келеді. Әлі де жасай бермек. Бұл мемлекеттің демографиялық ахуалды жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарының айқын көрінісі, – дейді Саят Мәмешова. Дана халқымыз «Балалы үй – базар» деп тегін айтпаса керек. Расында да өмірге келген сәби – баға жетпес байлық. Ал ұрпақ саны артып, қатарымыз толығып жатқанда мақтаныш сезімінің маздай түскені жасырын емес. Лайым, Қазақстан халқының саны көбейе берсін! Шапағат Әбдір