Шетелдік ғалым Таразда дәріс оқиды
Шетелдік ғалым Таразда дәріс оқиды
Қанша тіл білсең, сонша ілім білесің, сол халықтың мәдениетімен етене таныс боласың. Ал өзге елдерге барып ілім үйрену бүгінгі жастар, мамандар үшін асқақ арман емес. Ізденіс үстінде жүрген мамандарымыз білім көкжиегін кеңейтіп, тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп жүр. Сондай-ақ шетелдік ғалымдар да өңірімізге келіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері мен оқытушыларына дәріс беруде. Солардың бірі – Индонезияның Султан Сариф Касим атындағы мемлекеттік ислам университетінің ғалымы, «Білім берудегі көшбасшылық» саласының PhD докторы Райхани. Ол Аустралияның Мельбурн университетінде білім беру саласының магистр және PhD дәрежесін алған. Профессор исламдық білім беру және көпмәдениетті білім беру саласында «WoS» және «Scopus»-та индекстелген мақалалардың авторы. Доктор Райхани М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне келіп дәріс жүргізе бастағанына көп болған жоқ. Десе де ғалымның лекциясына қатысып, ғылыми бағытымен танысқысы келетін студенттер қатары қалың. Индонезиялық ғалым бір ай бойы студенттерге дәріс оқып, семинар, шеберлік-сағатын өткізбекші. Магистранттар мен докторанттарға кеңес береді, оқытушылардың жазған еңбектеріне рецензия жазады, университет оқытушыларымен бірлескен мақалалар жариялайды деп жоспарлануда. Ғалым көпмәдениеттілік, білім, дін бағыты бойынша зерттеу жүргізеді. Еліміздегі дін мәселесі төңірегінде ахуалды зерттеп, діни білім алу саласына үңілуді көздейді. Университеттің ғалымдарымен осы бағытта бірлесіп жұмыс істемекші. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Султан Сариф Касим университеті өзара коллоборация негізінде ортақ жобаны іске асыруды көздеп отыр. Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Болатбекқызымен бірлесіп көптілділік бағыты бойынша жоба жұмысын қолға алу жоспарда бар. – Педагогикада көпмәдениеттілік ұғымы бар. Көптілділік пен көпмәдениеттілік қатар жүреді. Көпмәдениеттілік деген географиялық кеңістікте әртүрлі мәдениеттің қатар өмір сүруін айтамыз. Көпмәдениеттілікке төзімділік, инклюзия тән. Адам тіл үйренген сайын сол елдің мәдениетін қабылдауға дайын болу керек. Яғни, ортада әр ұлттың мәдениетіне сыйластық пен құрмет көрсете алған жөн. Түпкі мақсаты – өзара қақтығыстарды болдырмау. Бұл көбіне шет мемлекеттерге тән жағдай. Эмигранттар мәселесі жиі көтерілетін елдерге жақсы таныс, – дейді Гүлнұр Болатбекқызы. Доктор Райханимен көптілділік бағыты бойынша жоба жұмысын қолға алып, еліміздегі мектептерде зерттеу жүргізуді көздеп отыр. Мәселен, елімізде қазақ, орыс, өзбек және аралас тілде білім беретін мектептер бар. Өзге ұлт балалары көбіне қай тілді таңдайды? Пайыз көрсеткіші қандай? Ол мектептерде тіл мәселесі қаншалықты күрделі? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін жоба аясында жан-жақты зерттеу жұмысын ұйымдастырмақшы. Түпкі мақсат – қазақ тілінің кең қолданысқа түсе алмауының себеп-салдарын анықтау. Шетелдік ғалым да университет студенттерінің білімге қызығушылығы жоғары екенін айтады. – Студенттер өте белсенді. Өткен тақырыпты тез түсініп алады. Кері байланысқа түсіп, ойларын жеткізеді. Көбіне Индонезияның тарихы, мәдениеті, білім беру саласындағы ерекшеліктер қызықтырады, – дейді доктор Райхани. Аталған университетте жылда шетелден білікті мамандар, ғалымдар келіп, студенттерге дәріс береді. Академиялық ұтқырлық аясында студенттердің шетелде оқып, ғалымдардың тәжірибе алмасуы – білім, ғылым саласындағы үлкен жетістік. Жастардың білім деңгейін жоғарылатып, білікті кадр, қажетті маман даярлап шығу үшін университет ауқымды жұмыстарды әрмен қарай қарқынды жалғастыра береді. Ақтоты Жаңабай