Үздік пікірсайысшылар анықталды
Үздік пікірсайысшылар анықталды
Жақында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Alash CUP» атауымен үлкен пікірсайыс турнирі өтті. Оған облысымыздағы озық көзқарастағы жас пікірсайысшылар қатысты. Пікірсайыста әр командаға өз ұстанымын нақты дәлелдер келтіре отырып, анық фактілермен қорғауға мүмкіндік беріледі. Жастар үшін мұндай іс-шараға қатысу ой-өрістерін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге, пікірталас мәдениетін арттыруға, достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Сайыстың бас төрешісі «Облыстық пікірсайыс қозғалысы» жобалық штабының төрағасы Дархан Өмірбеков турнирдің жоғары деңгейде өтуіне жауапты болды. Турнир төрт лигада, атап айтқанда, жоғары, мектеп, альфа және бета лигалары арасында өтті. Пікірсайысқа барлығы 160 фракция мен 320 жас дебатшы қатысты. Осылайша облыс жастары ең көп пікірсайысшыларды қамтыған дебат өткізіп, ел көлемінде рекорд орнатты. Дебат барысында БҰҰ Бас Ассамблеясында қаралған 1947 жылғы 29 қарашадағы Палестинаны бөлу жоспары туралы 181 (II) қарар, 1990 жылғы 25 қазанда егемендік туралы декларация бекітілгеннен бері Қазақстанның жеткен жетістіктері талқыға түсті. Сонымен қатар алдағы бесжылдықтағы облысымыздың дамуы, мектеп оқушыларының бәсекеге қабілеттілік қасиеттерін қалыптастыруға әсер ететін факторлар сөз болды. Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, пікірсайыс жастардың бойында логикалық және сыни ойлау, ауызша сөйлеу дағдыларын дамытады. Әрі басқалардың тәжірибесіне эмоционалды түрде жауап беруге үйретіп, мәселенің мәніне назар аударып, көпшілік алдында сөйлеу мәнерін дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар жастардың әртүрлі көзқарастарға төзімділігін, өз-өзіне сенімділігін арттырып топта жұмыс істей білуге үйретеді. Интеллектуалды текетіресте барлық қатысушылар өздерін сана биігінде таныта білді. Турнир қорытындысы бойынша Бақытжан Көркембай мен Нұрайлым Жақатайдан құралған «125» фракциясы мектеп лигасының жеңімпазы атанды. Олар 80 мың теңгенің сертификатының иегері атанды. Екінші орынды Әлихан Нұрболат пен Әлиакбар Асан қатысқан «Қазақ» фракциясы еншіледі. Олар 60 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Үздік үштікті «Жеңіс үшін» фракциясы түйіндеді. Оның мүшелері Дастан Нұрылқас пен Ерасыл Майлыбай 40 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік кубоктармен марапатталды. Жоғарғы лигада «Немо» фракциясы жеңімпаз деп танылды. Оның мүшелері Әсем Құдиярбек пен Аяна Сәбитке 50 мың теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. «Феникс» фракциясынан Асыланбек Бақберді мен Бекарыс Нұрсүлеймен екінші болып, 40 мың теңгенің сертификатына ие болды. Өзге командалалардан ерекшеленіп «Азамат, Нұрдәулет және Дархан үшін» деген атпен шыққан команда үшінші орын алды. Оның мүшелері Айсұлтан Өмірғали мен Әсел Жеткерген 30 мың теңгеден сыйлықақы жеңіп алды. «Альфа» лигасында Бекжан Қуанышбек пен Сейдахмет Жігер бірінші, Әлихан Нұрболат пен Бақытжан Көркембай екінші, Гауһар Құдайберген мен Әмина Жаңабек үшінші орынға лайық деп танылды. Бета лига командалары арасында Диана Тайтанова мен Жадыра Аликова үздік атанды. Екінші орынды Әлихан Дәулетұлы мен Нұрболат Ізтілеу алды. Үздік үштікті Арслан Жұман мен Нұрасыл Рейімбай түйіндеді. Сондай-ақ Нурила Камаладин мен Алина Қылышбай «Үздік спикер» атанды. Өзге де озық ойлы қатысушыларға «DAMU» орта мектебінің білім беру орталығында жеңілдетілген оқу сертификаттары қосымша ынталандыру сыйлығы ретінде табысталды. Ақтоты Жаңабай