Жаңалықтар

«Google» компаниясы жамбылдың жаңашыл жастарын қолдайды

«Google» компаниясы жамбылдың жаңашыл жастарын қолдайды

«Astana Hub» халықаралық технопаркі өңірлерде «Google» компаниясымен бірлесіп IT қоғамдастығын дамытуға бағытталған жобаларды іске қосуда. Нәтижесінде IT-технологиялар бойынша «Google DevFest 2023 Taraz» ауқымды конференциясын Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен бірлесіп өткізуге қол жеткізді. Фестиваль барысында аталған жоғары оқу орнында II аймақтық «ITII HACKATHON – 2023» байқауы өткізілмек. «ITII HACKATHON» – өңірдің дарынды ІТ-мамандарымен бірлесіп, экономи­каның нақты секторлары үшін IT шешімдерін іздеу мақсатына арналған платформа. Оған еліміздегі технологиялар, ІТ технологиялар саласының эксперті, сондай-ақ ментор ретінде 20-ға жуық маман тартылады. «ITII HACKATHON» байқауының ережелері бойынша үміткерлер жоғары оқу орындарындарына арналған ЖОО жұмысын оңтайландыру үшін сұрау­ларға жауап­­тарды оңтайландыратын чат-бот әзірлеу керек. Сонымен бірге мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған мамандандырылған иннова­циялық банктік «Fintech» серивисін дайындау қажет. Бұл сервис білім алушының жеке қаржылық жағдайын есепке алу, онлайн операцияларды іске асыру, білім алу кредиттерін рәсімдеу үшін әрі виртуалды көмекші ретінде жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ үміткерлерге білім беру мекемелеріне сауалнамалар құру, кері байланыс алу, өтінімдер қабылдау және тест жүйесін ұйымдастыруға арналған платформа жасау тапсырылған. «ITII HACKATHON» бас демеушілері – «Centercredit Банк» акционерлік қоғамы, Ш.Мұртаза атын­дағы Халықаралық Тараз инновациялық институты, «Platonus» компаниясы. Байқауға қаты­су­шылар үшін «Centercredit Банк» 1 000 000 теңге, «Platonus» 300 000 теңге жүлде қорын тігіп отыр. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты жеңімпаздарға оқуға тегін түсу мүмкіндігін беретін грант ұсынуда. «ITII HACKATHON» сайысы 17 қараша күні аталған оқу орнында өтеді. Бірақ сайыс өтерден бір күн бұрын, яғни 16 қараша күні «Баласағұн» орталық концерт залында оқушылар, студенттер, IT-компаниялар, «Google» компаниясының өкілдері және өңірден келген отандық IT-мамандардың қатысуымен «Google DevFest 2023 Taraz» іс-шаралары ұйымдастырылады. Айта кетсек, биыл ақпан айында «Astana Hub» технопаркі, облыс әкімдігі және Ш.Мұртаза атын­дағы Халықаралық Тараз инновациялық институты арасында өңірлік хабты дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Ақпараттық технологиялар хабының негізгі міндеті – жергілікті стартаптарды табу және олардың одан әрі өсуіне қолдау көрсету. Негізінде «Zhambyl hub»-тың ресми ашылуы «ZHEIF – 2023» халықаралық форумы аясында өткен еді. «Zhambyl hub»-тың ашылуына сол кездегі Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері, «ZHEIF – 2023» форумының шетелдік қонақтары және жергілікті IT қауымдастықтар қатысты. «ZHEIF – 2023» халықаралық форумын өткізу аясында алғашқы «Zhambyl hub»-тың резиденттері – «Uiren», «New Step» және тағы басқалары өз жобаларын таныстырған болатын. Содан бері «Zhambyl hub» IT саласының сарапшылары мен кәсіпкерлік негіздерінің қатысуымен 50-ге жуық іс-шара өткізді. Атап айтқанда, «Meet up», «Pitch Day», «Spead dating», «Speaker talks», «Workshop», кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыстар секілді маңызды іс-шараларға облыстың 400-ге жуық оқушысы, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қазіргі уақытта «Zhambyl hub» Тараз қаласы мен облыс көлеміндегі білім беру мекемеле­рінде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Бастауыш және қазіргі стартаперлер үшін білім беру модуль­дерін, инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларды іске асырады. Сондай-ақ спорттық бағдарламалау бойынша чемпионаттарды, хакатондар мен олимпиадаларды өткізуге жәрдемдеседі. «Zhambyl hub»-тың 5 белсенді қатысушысы «Startup Academy» білім беру модулінен өтіп, «Stаrtup Garage» инкубациялық бағдарламасының II батчында оқуын жалғастыруда. «Startup Garage» – бұл 12 апталық инкубациялық бағдарлама. Оқу барысында стартаперлер «Astana Hub» тәлімгерлері мен трекерлерінің қолдауымен өздерінің кәсіпкерлік идеясын іске асыру үшін қажетті білім мен құралдарды алады. Мысалы, «Startup Garage» I батчында қатысушылар өздерінің стартаптарын 65 240 000 теңгеге монетизациялады. Сондай-ақ «Zhambyl hub» «Google Developers» халықаралық қауымдастығымен серіктестікте 500 адамға арналған ауқымды «Google DevFest 2023 Taraz» өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Цифрлық фестивальдың бас серіктестері мен ұйымдастырушылары – облыс әкімдігі және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты. «Zhambyl hub»-тың резиденттері үшін коворкинг форматында жұмыс істеуге қолайлы жағ­дайлар жасалған. Ол орталық Жамбыл даңғылы бойындағы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Студенттер үйінде» орналасқан. Айта кетейік «Google DevFest 2023 Taraz» бағ­дарлама аясында «Google» сарапшылары сөз сөйлейді. Қазақстандық IT-мамандар да «DevFest»-ке қатысып тәжірибе алмасады. Ақтоты Жаңабай