ГЕНДЕР СӨЗІ КЕҢ АУҚЫМДЫ МАҒЫНАҒА ИЕ
ГЕНДЕР СӨЗІ КЕҢ АУҚЫМДЫ МАҒЫНАҒА ИЕ
Гендер дегеніміз – еркек пен әйел арасындағы дене бітімінің айырмасы емес, ер азаматқа тән қасиеттер мен әйелдік болмыстың әлеуметтік тұрғыдан қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері. Қазақстандық психологиялық әдебиеттерде «гендер» термині өте сирек кездеседі. Өйткені бұрынғы кездері көбінесе әйел адамға қазақ тек «шаңырақтың сақтаушысы», «бала күтушісі» ретінде қарап, қоғамдық жұмыстарға кеңінен араластырмаған. Ал қазіргі таңда бұл жағдай өзгеріп барады. Мәселен, гендерлік зерттеулер адам жайлы ілімнің барлық негізгі аймақтарына кіре бастады. Біреулері «гендерлік зерттеулерді» әйелдердің мүддесі үшін әйелдердің әйелдерді зерттеуі деп түсінеді. Бірақ бұл дұрыс түсінік емес. Қазіргі таңда әлемде әйел бейнесін қайта қараудың қажеттілігі туындауда. Гендерлік қатынастарға қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтар жүйесін, еркек пен әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі туралы түсініктер жүйесінің эволюциясын зерттеуі қажет. Ал енді сол мәселенің түп-тамырын білу үшін жалпы «Гендер деген не, ол қайдан шықты және оның қазақ қоғамындағы болып жатқан үрдістерге әсері қандай?» деген сауал қойып, оған айтар жауапты осыған қатысты ұғым маңайынан қарастыруымыз қажет. Қазіргі қазақстандық қоғамда гендерлік саясатты іске асыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Оны жүзеге асыру демократияға қол жеткізудің, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтып, қоғамды жаңғыртудың негізгі факторларының бірі деуге болады. Гендерлік саясатты жүзеге асыру демократияға жетудің негізгі факторларының бірі екенін ұмытпаған абзал. Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Бүгінгі әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен бірге еңбектеніп, қабілет-дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп, еліміздің дамуына, сонымен қатар, отбасының жарасымдылығына үлестерін қосып жүр. Шырын МЕДЕТОВА, Байзақ аудандық сотының жетекші маманы